- Advertisement -

Еңбек қауіпсіздігі қадағалануы керек

243

- Advertisement -

Кәсіпорындарда өндірістік қауіпсіздік және жұмыскерлердің еңбегін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету жайы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушінің міндеттеріне кіреді. Ол еңбекті қорғауды басқару жүйесін ұйымдастыру, еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру, өндірістік тәуекелдерді қысқарту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жұмыскерлерді оқыту, нұсқау беру, білімдерін тексеру, оларды арнайы киіммен жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, медициналық қарап тексеру, еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру, еңбек қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Жұмыс берушінің қауіпсіз жағдайларды және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету міндеттеріне не кіреді?

– Профилактика жүргізу, өндірістік жабдықтар мен технологиялық процестерді неғұрлым қауіпсіз түрлерімен ауыстыру арқылы жұмыс орындарында және технологиялық процестерде кез келген тәуекелді болғызбау жөніндегі шараларды қолдануға;

– Жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, оларға нұсқау беруді және білімдерін тексеруден өткізуге, сондай-ақ меншікті қаражаты есебінен өндірістік процесс пен жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз етуге;

– Жұмыс берушінің актісімен бекітілген тізімге сәйкес, еңбек жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, кадрлардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарда үш жылда бір реттен сиретпей мерзімділікпен басшы жұмыскерлер мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды және олардың білімдерін тексеруді ұйымдастыруға;

– Жұмыскерлерге қажетті санитарлық-гигиеналық жағдайлар жасауға, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нормаларға сәйкес жұмыскерлердің арнайы киімі мен аяқкиімін беруді және жөндеуді, оларды профилактикалық өңдеу, жуу және дезинфекциялау құралдарымен, медициналық қобдишамен, сүтпен немесе бірдей тамақ өнімдерімен және диеталық тамақтануға арналған арнайы өнімдермен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен жабдықтауды қамтамасыз етуге;

– Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды тасуына және қозғалтуына жол бермеуге;

– Әйелдердің өздері үшін белгіленген шекті нормалардан асатын ауыр заттарды қолымен көтеруіне және жылжытуына жол бермеуге;

– Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларды тіркеуді, есепке алуды және талдауды жүзеге асыруға;

– Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға және еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жұмыскерлердің өкілдеріне олардың жазбаша сұрау салуы бойынша еңбек жағдайлары, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жай-күйінің мониторингі үшін қажетті ақпаратты тоқсанына бір рет беруге;

– Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды ҚР-ның заңнамасында белгіленген тәртіппен тергеп-тексеруді қамтамасыз етуге;

– Мемлекеттік еңбек инспекторларының нұсқамаларын және қорытындыларын орындауға;

– Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен қағидаларға сәйкес өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша мерзімдік аттестаттауды жұмыскерлер өкілдерінің қатысуымен бес жылда бір реттен сиретпей өткізуге;

– Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерін еңбек инспекциясы жөніндегі тиісті жергілікті органға бір ай мерзімде қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсыну;

– Жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға;

– Апаттық жағдайдың өршуін және жарақаттайтын факторлардың басқа адамдарға әсер етуін болғызбау бойынша шұғыл шаралар қолдануға;

– Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі уәкілетті орган белгіленген тәртіппен әзірлеуді, бекітуді және қайта қарауды жүзеге асыруға;

– Келісімде, ұжымдық шартта, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, сондай-ақ еңбек жағдайлары өзгерген басқа жұмысқа ауыстырған не кәсіптік аурудың белгілері пайда болған кезде жұмыскерлерді міндетті, мерзімдік (еңбек қызметі барысында) медициналық қарап тексерулерден және ауысым алдындағы медициналық куәландырудан меншікті қаражаты есебінен өткізуге міндетті.

Еңбекті қорғау бойынша оқудан кім және қандай мерзімде өтуі керек?

Жұмыскерлер жылына кемінде бір рет жұмыс кәсіптері бойынша оқудан өтеді. Еңбек қауіпсіздігінің заңнамада белгіленген арнайы талаптары қойылатын жұмыстармен байланысты жекелеген өндірістерде жұмыскерлер қосымша арнайы оқудан өтеді.

Жұмыстардың, лауазымның, кәсіптің осы түрі бойынша жұмыста үш немесе одан да көп, ал қауіптілігі аса жоғары жұмыста – бір жылдан артық уақыт үзілісі бар жұмыскерлер өз бетінше орындалатын жұмыс басталғанға дейін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан өтеді.

Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге басшы және жауапты қызметкерлер мерзімді түрде, кемінде үш жылда бір рет кадрларды кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқудан және білімін тексеруден өтеді.

Басшы және жауапты қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша оқыту еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында тиісті біліктілігі, жұмыс тәжірибесі және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша оқу және білімдерін тексеруден өткені туралы сертификаты бар мемлекеттік қадағалау және бақылау органдары мамандарын, бейінді оқу орындарының оқытушыларын, заңгерлер мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді және ірі өнеркәсіп ұйымдарының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметтерінің мамандарын тарта отырып жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы №1019 бұйрығының негізінде жүргізіледі.

Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге жұмыс уақытының ұзақтығы қалай және қаншалықты қысқартылады?

Ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардың тізбесі, жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімі, сондай-ақ оларды беру қағидалары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы «Ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесін, жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімін, сондай-ақ оларды беру қағидаларын бекіту туралы» №1053 бұйрығымен бекітілген.

Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін өндірістердің, цехтардың кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді.

Сонымен қатар ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу еңбек жағдайлары қалыпты жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеумен салыстырғанда жоғарылатылған мөлшерде, жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар (мөлшерлемелер) немесе еңбек жағдайларын салалық келісімде айқындалатын зияндылық пен қауіптілік дәрежесі бойынша сыныптайтын салалық коэффициенттерді ескере отырып, ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде мөлшері айқындалатын қосымша ақылар белгілеу арқылы белгіленеді.

Жұмыскерді медициналық қарап-тексеруге қашан жіберу керек?

Міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексерулер (бұдан әрі – мерзімдік қарап-тексеру) жұмыс істейтіндердің денсаулық жағдайын динамикалық бақылауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу және инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.

Мерзімдік тексеріп-қарауларды өткізу кезеңділігі:

1) жыл сайынғы мерзімдік қарап-тексеру – жылына 1 рет;

2) ауысым алдындағы медициналық куәландыру – жұмыс ауысымы басталардан 1 сағат ішінде;

3) рейс алдындағы және рейстен кейінгі медициналық қарап-тексеру – рейс басталардан 30 минут ішінде және рейс аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде.

Жалпы медициналық қарап-тексеру Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 қазандағы міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және «Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығымен реттеледі.

Еңбекті қорғау – еңбек қызметі барысында жалдамалы жұмыскерлер мен оларға теңестірілген адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау жүйесі, оған әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, санитариялық-гигиеналық оңалту, емдік-профилактикалық, ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де іс-шаралар кіреді.

Еңбек қауіпсіздігі – еңбек қызметі барысында зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың жұмыскерлерге әсерін болдырмайтын іс-шаралар кешені.

Жұмыс берушілермен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі аудитті тұрақты жүргізу еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтарды уақтылы талдауға, алдын алуға және өз міндеттерін тиімді орындауға мүмкіндік береді.

 

Гүлжан БАКИРБАЕВА,

мемлекеттік еңбек инспекторы.

 

 

 

 

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support