- Advertisement -

Ел мерейін асырған Малика

99

- Advertisement -

АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласында өткен ХХХІ қысқы Дүниежүзілік универсиада ойындарында еліміздің студенттер құрамасы жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантқаны белгілі. Саңлақтарымыз бұл жарыста 3 алтын, 4 күміс және 4 қола медальді еншілеп, бас-аяғы 11 жүлдеге қол жеткізді. Осынау ел мерейін асырған дүбірлі додада жерлесіміз, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті Малика Ермек те өнер көрсетті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері аралас эстафетада командалық шорт- тректе өз мықтылығын дәлелдеп, күміс жүлдені қанжығалады.

Негізінде Малика бұған дейін де біраз белестерді бағындырып үлгерген еді. Т.Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылының тумасы бүгінгі таңда 500 метрге және одан жоғары қашықтыққа сырғанаудан еліміздің бірнеше дүркін чемпионы. Жас спортшының Канада да өткен халықаралық жарыста да жасындай жарқылдағаны ел есінде. Бұдан бөлек, төрт жыл бұрын көршілес Ресей Федерациясының Сахарин қаласында өткен «Азия балалары» халықаралық турнирінен күміс жүлдені иемденді. Жерлесіміздің ендігі арманы – 2026 жылы Миланда өтетін олимпиада ойындарында бақ сынап, алтыннан алқа тағыну.

–Әрбір жетістіктің артында еселі еңбек тұратыны сөзсіз. Өз басым әр жарысқа тыңғылықты дайындалып, бапкерлерімнің ақыл-кеңесін бұлжытпай орындауға күш саламын. Сонда ғана бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Шын мәнінде, кез келген спортшы үшін ата-анасының, ет- жақындарының қолдауы аса маңызды. Бұл тұрғыда менің жолым болды. Себебі, әкем Жамбыл дәл осы спорт түрін таңдауыма себепкер болған еді. Анам Гүлнәр екеуі бала күнімнен мені қырандай баулып өсірді. Бар керек-жарағыммен толық қамтамасыз етті. Уақыт өте додаға өзім сұранатын сәтке де қол жеткіздім. Ал оның нәтижесі бүгінде барлығына белгілі. Алланың қалауымен АҚШ-тан күміс жүлдемен оралдым. Алдағы уақытта алтын медаль алу үшін барымды салатын боламын, – дейді жас спортшы.

Жалпы, күллі әлемді таңғалдырған кіл мықтылардың да ұстаздан дәріс алатыны ақиқат. Ал спортшының ұстазы–бапкері. Алайда адам биікке көтерілген сайын төменде жүрген кезеңін ұмытып кететін қыңыр әдеті бар емес пе? Бірақ біздің Малика олай еткен жоқ. Қылықты қыз тектілігін көрсете білді. Ол бізбен сөйлесу барысында жеке бапкерлері Нұрберген Жұмағазиев пен Аслан Дауымовтың есімдерін бірнеше рет қайталап , оларға шексіз ризашылығын жеткізді. Спортшы қыз әрбір жетістігінде бапкерлерінің ұшан-теңіз еңбегі жатқанын, оларсыз биік белестерден көрінуі ауырға соғатынын тілге тиек етті.

Айта кетейік, әуелі облыс орталығындағы №35 орта мектепте, кейінірек елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектебінде білім алған Маликаға жоғары оқу орнының басшылығы да дән риза. Содан болар, іргелі оқу ордасының ректоры Мұхтар Байжұмановтың өзі спортшыны жеке қабылдап, білім грантын табыстаған еді. Негізінде дәл осы университеттен еліміздің спорт саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан талай тарландар түлеп ұшқан. Өзгесін айтпағанда, дара бапкер Нұрлан Ақүрпековтің шәкірттері – Бақтияр Артаев, Ғани Жайлауов және Әбілхан Аманқұл шаршы алаңда көп мықтыны сабасына түсірді. Ал кәсіпқой боксшы Фируза Шарипова болса, бұл спорт түрін кездейсоқ таңдамағанын лайықты дәлелдеп жүр. Міне, осындай өзіне ғана тән жолы мен қолтаңбасы бар спортшылардың қатарына енді Малика да қосылып отыр.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support