- Advertisement -

Майталман маман Марат

53

- Advertisement -

Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылындағы волейбол үйірмесі жастардың бос уақытын тиімді пайдалануда таптырмас орын. 2005 жылдан бастап іске қосылған үйірмеде белгілі жаттықтырушы Марат Ыстыбаев қызмет етеді. Марат Қайсарбекұлының өз ісіне деген шексіз адалдығының арқасында ел ішінде «Бразилияда футбол, Бүркітбайда волейбол» деген тәмсіл пайда болды бұл күнде. Осылайша жанкешті жаттықтырушының қажырлы еңбегінің арқасында аядай ауылдың абыройы асқақтауда.

Майталман маман Мараттың шәкірттері бұл күнде аудандық, облыстық сондай-ақ республикалық жарыстарда үздік жетістіктерге жетіп жүр. Нақтылай түссек, ол жаттықтырған жасөспірім қыздардан құралған команда 2010 жылы облыстық «Ауыл ойындарында» чемпион атанса, араға екі жыл салып тағы осы жетістікті қайталады. Осылайша республикалық байқауға жолдама алған бұрымдылар құрамасы Алматы қаласынан жүлделі орынмен оралды. Ал 2014 жылы Мараттың шәкірттері мектеп оқушыларымен колледж студенттері арасында өткен VII волейбол турнирінен өзгелерді қапыда қалдырды. Бұл жеңістерге тоқмейілсімеген жас спортшыларымыз Шымкент, Түркістан және Талғар қалаларында өткен айтулы бәсекелерде де ешкімге дес берген жоқ.

Әрине, мұның барлығы жұмысында бір мін жоқ Мәкеңнің еселі еңбегінің жемісі еді. Жалпы, аядай ауылдағы үйірмеде Марат баптаған қыз- жігіттер бүгінде өңірдегі іргелі оқу орындарының намысын абыройлы қорғап жүр. Мәселен, Мейрамбек Нұрдәулет есімді сүйікті шәкірті Тараз өңірлік университетінде білім ала жүріп, волейболдан облыстың құрамасына қабылданған. Ол жастар арасындағы ел чемпионы сондай-ақ екі рет күміспен күптелген ойыншы.

Кейіпкеріміз Марат Қайсарбекұлы 1963 жылы 13 ақпанда Түркістан совхозында дүниеге келген. Орта мектепті бітіре салысымен кеңшардың №1 сүт фермасында жұмыс істеп, 1983 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ленинград қаласына шақыртылады. Әскер қатарында да абыроймен азаматтық борышын өтеген ол Одақтың Новосібір қаласындағы жоғары әскери академиясына шақырту алған. Бірақ ауылдағы ата-анасының қарсылығына байланысты елге қайтады. Осылайша үлкендердің сөзіне құлақ асқан ол елге оралып, Түркістан кеңшарында түрлі жұмыстар атқарады. 2001 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, 2006 жылы «Әулие Ата» университетінің дене шынықтыру және спорт факультетіне оқуға түсіп, абыроймен қолына диплом алады. 2005 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Жаңатас қала сындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол үйірмесінің жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқаруда.

– Арайлым есімді қызым Марат Ыстыбаевтың қол астында жаттығады. Бауыр еті баламның бапкеріне деген құрметі ерекше. Осыдан- ақ оның қандай деңгейдегі бапкер екенін анық аңғаруға болады. Шын мәнінде, Марат ағамыздың тәлімін алған қыз-жігіттер көп. Олардың бірқатары бүгінде елге белгілі спортшылар. Шәкірттері талай айтулы додаларда өңір намысын абыройлы қорғап келеді. Нәтижесінде ол еңбектері еш кеткен емес. Басқасын айтпағанда, менің қызым өткен күзде Тоғызкент ауылында ұйымдастырылған аудандық турнирде «Үздік ойыншы» атанды. Ата-ана үшін перзентінің жеңісін көргеннен басқа қандай бақыт бар?! Ал мұндай бақытты сәтке Құдайдан кейін бапкері себепші болып отыр. Сол үшін де алғысымыз шексіз, – дейді Әшір Бүркітбаев ауылының тұрғыны Жанысбек Арыстанбеков.

Жақында ғана алпыс жасқа толған Марат Қайсарбекұлының әлі де болса берері көп деп білеміз. Білікті маманның тәлімін алған талай жас келешекте де білгенінен жаңыла қоймас. Ал жергілікті билік аядай ауылдағы үйірмені місе тұтпай, спорт кешенін салуға ықпал етсе құба-құп. Сонда ғана «Көсегенің көк Жонының» жастары бүкіләлемдік байрақты бәсекелерде көк Туымызды көкте желбіретері сөзсіз.

 

 Есен ӨТЕУЛІ

Сарысу ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support