- Advertisement -

Қолөнер-зор өнер

266

- Advertisement -

Қазақта «Еңбегі көптің – өнбегі көп» деген сөз бар. Қанатты сөздің дәлелін Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Жанерке Сабырдан көрдік. Әр сәтін еңбекпен өткізіп, бірнеше жұмыспен шұғылданатын жас келіншектің талабы таудай, мақсаты биік.

Жанерке базарда сатушы. Бос уақытын сүйікті ісі – тоқымашылыққа арнайды. Оған қоса қолдан қамыр жайып сатады. Еңбеккерлігімен тек нәпақа тауып қана қоймай, өзін шыңдайды. Талапшыл жас келіншектің талпынысы дана Абайдың «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» деген отыз үшінші қара сөзін еске түсіреді. Иә, олжаның ең үлкені – өнер үйрену.

– Мектепте еңбек сабағында тігін тігуге қатты қызығатынмын. Үйде жаңа мата болмаса, анам ескі киімдерді беретін. Содан түнде ұйықтағанда киетін көйлек тіккенім есімде. Кейін тоқуды үйрендім. Тоқымашылық өнер өзімнің әпкелерімде, нағашыларымда да бар. Олар өздеріне керек киімді өздері тоқып алады. Мен бұл кәсіппен тұрмыс құрғаннан кейін түбегейлі айналыса бастадым. Алматыдан түрлі жіп алғызып, ғаламтордан тоқылған киімдердің түрлі үлгілерін көріп, өзіме ұнағандарын тоқып үйрендім. Ұнаған киімді тез бастап кеткім келеді. Алғашында туыстарым, достарым тапсырыс берді. Сосын сөмкелер тоқып, құрбыларыма саттым. Үйрене келе кардиган тоқуды қолға алдым. Тоқыма ісі көп уақытты алады, бірақ ойлау жүйесін дамытады. Жіптерді үйлестіру, ою-өрнекпен кестелеу, тоқудың түрлі тәсілдерін байқап көру арқылы жаңа ой, жоспарлар туады. Тоқыма өнері адамды сабырлылыққа тәрбиелейді. Өкініштісі, еңбегің кейде дұрыс бағалана бермейді. Жіп қымбат, оның үстіне жұмысы күрделі. Бәрінен бұрын көп уақыт жұмсайсың. Былайғы жұрт тоқуды әжелердің ісі деп ойлайды. Арзан бағалағысы келетіндер де көп.

Тоқып отырып «Тағы не тоқысам болады, неге сұраныс жоғары?» деп, көбінде трендтен қалмауға тырысамын.

Тұрмыс құрған соң біраз уақыт «НұрайПлаза» бизнес орталығындағы сұлулық салонында кірпік сәндеуші болып жұмыс істедім. Салонда қолым қалт етсе, отыра қалып тоқымаға кірісетінмін. Өнерімді көргенде аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нүрила Мәлібекова «Мынауың тамаша ғой. Тоқтатпа, тоқи бер. Өнерің нәсібең, кәсібің болады» деп қолдау білдірді. Жалпы, ол кісі үнемі жастарға қолдау білдіріп жүретін жан, – дейді Жанерке.

Ісмердің қолынан шыққан балалар киімдері, сөмкелер ерекше дизайнымен көздің жауын алады. Сапалылығы да байқалып тұр. Түрлі стильдегі, ірі, нәзік бедерлермен тоқылған киімдері кім-кімді болса да қызықтырары сөзсіз. Біз сұхбаттасуға барғанда Жанерке бас киімімен комбинезон және басқа да түрлі бас киімдерді тоқып, сатуға дайындау үстінде екен. Әрқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Әрбірі өзінше әдемі.

– Қолөнердің адамды алға талпындыратыны соншалық, кейде жаңа дүниелерді ойлап табасың. Әсіресе тоқыма ісі бір орында отырып жасайтындықтан жан-жақты ойлануға жетелейді. Төзімді мінез қалыптастырып, әдепті сөйлеуге тәрбиелейді. Сондықтан мен тоқымашылықты тек өнер ғана емес, тәрбиеші деп білемін. Негізі мамандығым педагогика саласында. Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің физика-математика факультетінен физика мамандығын алдым. Кейін 2018 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің магистратурасында педагог-психолог мамандығымен білімімді жалғастырдым. Жолдасым Нұржан Бекболатұлы жоғары білімді мал дәрігері. Алматы қаласындағы аграрлық университеттен білім алған күйеуім қазір «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен Жетітөбе ауылында жұмыс істейді. Мемлекеттік бағдарлама аясында аудан орталығынан үй алдық. Жас мамандарды қолдайтын мемлекетімізге алғысымыз шексіз, – дейді Жанерке Саматқызы.

«Өнер – талаптан туады» дейді дана халқымыз. Талпынған жан ырыс-берекеге кенелері анық. Ал өнер адамды өрге оздырады, өркендетеді.

 

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support