- Advertisement -

Биыл 700 километр жол қалпына келтіріледі

86

- Advertisement -

Жол – күретамыр. Биыл жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге 22,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның 9,9 миллиард теңгесі республикалық, 3,4 миллиард теңгесі облыстық, 5,2 миллиард теңгесі аудандық, 3,7 миллиард теңгесі қалалық бюджеттерден бөлінген. Бұл қаржылар есебінен 5,6 километр автомобиль жолы қайта жаңғыртудан, 697 километрі орта жөндеуден өткізу жоспарланған.

Биыл жөндеуге еніп отырған автомобиль жолдарының 132 километрін облыстық, 96 километрін аудандық маңызы бар автомобиль жолдары құрайды. Ал елді мекен ішіндегі жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 474,6 километр. Осы жол құрылысы жұмысын жүргізу үшін 391 жобаны іске асыру бағдарланған.

Атап айтар болсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде жол құрылыс жұмыстарына жалпы құны 6,9 миллиард теңге қаралған. Бұл жоба аясында 26 жоба іске асырылып, 228 километр жол жөнделмек. Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 6,3 миллиард теңге қаралып, 215 жоба іске асырылмақ. Нәтижесінде аймақтағы 261 километр жолға асфальт жабыны төселмек. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған жобалар да ауқымды. Оған бөлінген қаржы да 6 миллиард теңгеден асып жығылады.

Жол құрылысы жұмыстарына бөлінген қаражаттың есебінен қаралған 1,9 миллиард теңгеге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары енген. Яғни жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін күтіп ұстау жұмыстары қатар жасалатын болады. Бүгінгі таңда барлық жоспарланған нысандар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Жол құрылысы жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында «Жол активтерінің Сапа орталығы» мекемесіне жергілікті бюджеттерден 70 миллион теңге қаралды. Алдағы бюджетті нақтылауда аудандар тарапынан да бұл мақсатқа қосымша қаржы қарастыру жоспарлануда.

Жылда құрылыс маусымында жол битумы бағасының өсуі мен оның тапшылығы мердігерлерді алаңдатып, жобаларды іске асыруда қиыншылықтар тудырып отыратындығы жасырын емес. Биыл да мұндай жағдайдың қайталануы мүмкін. Сондықтан аймақтағы ірі жол құрылыс компаниялары қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жол битумын мейлінше қыс мерзімінде молынан дайындау шараларын қабылдау жұмыстары жүргізілуде.

Ағымдағы жылы іске асырылатын жол жөндеу жобаларына алдын ала есеппен жол битумының қажетті қоры 118 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде республикалық жолдарға 95 мың тонна, жергілікті жолдарға 23 мың тонна қажет.

Жалпы облыс бойынша сыйымдылығы 53,9 мың тоннаны құрайтын 12 битум сақтау қоймасы бар. 22 асфальт зауыты жұмыс істеп тұр. Олардың жалпы қуаты сағатына 1930 тоннаны құрайды. Бұл облыстың қажеттелігін толық қамтамасыз етуге жетеді.

Жол құрылысын күрделі және орта жөндеуден өткізу жұмыстарымен облыста тұрақты айналысып келе жатқан 23 мердігер бар. Оның бесеуі құрылыс жұмыстарымен айналысатын ірі компания қатарынан. Бүгінгі таңда бұл компаниялар жол құрылысы жұмыстарын биыл да талапқа сай жүргізуге ниетті, оған дайындық жұмыстарын қазірден бастап кеткен.

 

Мұрат САУРЫҚОВ,

облыс әкімдігі жолаушылар көлігі

және автомобиль жолдары

басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support