- Advertisement -

Өнеркәсіп кешендерінің өнімі артқан

104

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында республикамыз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміз шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құруға бейімделуі керектігін тапсырған еді. Осындай мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін мемлекеттік бағдарламалар Б.Момышұлы ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Ұсынылған бағдарламалар мен жобалардың тиімді жүзеге асырылуының нәтижесінде округтің әл-ауқаты артып, халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеліп келеді.

Бүгінгі таңда Б.Момышұлы ауылында 83 көше, 3070 аула, 14870 тұрғын бар. Округте 25 шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Олар ауылдағы азық-түлік бағасының тұрақтануына өз үлестерін қосуда. Мәселен, өткен жылы шаруа қожалықтар күшімен 95 гектарға себілген бидай алқабы орылып, оның әрбір гектарынан орта есеппен 26 центнерден өнім жиналды. Сонымен қатар 365 гектарға орналастырылған арпадан гектарына 21,6 центнерден, 150 гектарға себілген мақсарыдан 9,1 центнерден өнім алынды. Көкөністен де жақсы өнім жиналып, аудан тұрғындарын сәбіз, қырыққабат және жеміс-жидекпен қамтуға көмегі тиді. Шаруа қожалықтар тарапынан 12 жаңа техника алынды.

Округтегі шаруа қожалықтардағы мүйізді ірі қара саны 289, ұсақ мал 2318, жылқы 119 басты құрайды. Ал жеке сектордағы мүйізді ірі қара 1718, қой-ешкі 5387, жылқы 522 басты, үй құстары 7985 басқа жеткен.

Соңғы жылдары ауылда Президентіміз тапсырғандай, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнеркәсіп және индустрияландырумен айналысып отырған кәсіпкерлер қатары артып келеді. Солардың қатарында «AQMOL 2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Серіктестік өткен жылы жалпы құны 173 миллион теңгені құрайтын 267 тонна сүт өнімдерін шығарған. Зауыттың тәуліктік қуаттылығы 40 тоннаны құрайды. Кәсіпорын 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауыт өнімін Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларына өткеріп келеді.

Тағы бір табысты кәсіпорын – «АгроАзықтүлікнанменжабдықтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл зауыт негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеумен, оның ішінде өсімдік майын шығарумен айналысады. Серіктестік 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның жобалық қуаттылығы тәулігіне 54 тонна мақсары майын, 182 тонна жмых өңдеуге қауқарлы. Қазіргі таңда кәсіпорын 16 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өндірген өнімдерін экспортқа, Қытай мен Бельгия нарығына шығаруда.

Сол сияқты ауданда өзіндік орны бар кәсіпорынның бірі – «СМТС» ЖШС. Бұл зауыттың қуаттылығы жылына 10 мың тоннаны құрайды. Онда сары май, брынза, моцарелла, қатты ірімшік, сулугуни, чечил сынды өнімдер өндіреді. Қазіргі таңда кәсіпорында 6 адам тұрақты жұмыс атқарады. Кәсіпкер зауыт өнімін Астана, Алматы, Тараз, Шымкент қалаларына өткеруде.

Аудандағы тарихы өткен ғасырдың орта тұсынан бастау алатын өнеркәсіп ошағының бірі «Бурное сүт компаниясы» ЖШС. Зауытта сүт, сары май, брынза, моцарелла, қатты ірімшік, сулугуни, чечил өндіріледі. Қазіргі таңда мұнда 127 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдері негізінен отандық нарықпен қатар, Ресей мемлекетіне экспортталады. Ал орталықтағы «LF company» ЖШС тәулігіне 5-7 тонна сүт өнімдерін өндіруде. Өнімнің түрлері, яғни ашытылған сүт өнімдері, ірімшіктер мен майлар, айран, құрт. 2019 жылы құрылған кәсіпорында 16 адам жұмыс істейді.

Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер де аз емес. Соның бірі – «Бірге» сүт өңдеу цехы. Оның тәуліктік қуаттылығы 3 тонна. 2021 жылы құрылған шағын цехта үш адам жұмыс істейді. Өндірілетін өнім түрлері – табиғи ірімшік, сары май, құрт, йогурт, брынза. Тағы бір жеке кәсіпкер «Нысанов М» сүт өңдеу цехының да жұмысы жанданып келеді. Онда тәулігіне 2 тонна сүт өңделіп, өнім өндіруде. Бұл өңдеу цехы да 2021 жылы құрылған, қазір шағын цехта 4 адам жұмыс істеуде. Өнімдері – табиғи ірімшік, сары май, құрт. Бұл шағын цехтардың негізгі тұтынушылары – Алматы мен Тараз қалалары және аудан аумағындағы дүкендер.

«Бурненское сырное компания» АӨК сүт өңдеу цехы да өз өнімімен нарыққа танылып келе жатқан кәсіпорынның бірі. Онда тәулігіне 8 тонна сүт өнімдері өндіріледі. Табиғи ірімшік пен сары май шығаратын кәсіпорында 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдері Астана, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында өткерілуде.

Ауданда жақсы дамып келе жатқан саланың бірі – кәсіпкерлік. Бүгінгі таңда аудан орталығында 130 дүкен, 23 кафе, 10 дәріхана, 4 тіс емханасы, 30 сұлулық салоны және шаштараз, 7 мейрамхана, 6 базар, 7 жанар-жағармай құю стансасы, 6 желімдеу орындары, 3 сурет салоны, 10 ломбард, 5 наубайхана, 5 асхана, 5 тігін цехы, 7 құмблок шығаратын орын, 3 монша, 5 ветеринариялық дәріхана, 2 қонақ үй, 41 әртүрлі қызмет көрсету орындары бар. Кәсіпкерлік нысандар саны өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға көбейген.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жобасы» аясында атқарылған жұмыстар баршылық. Атап айтсақ, аудан орталығында тұрақты жұмыспен 279 жұмыссызды қамту жоспарланса, бүгінгі таңда ол 325-ке жетіп отыр.

Кәсіпкерлер қайырымдылық жасаудан да тыс қалып жатқан жоқ. Атап айтсақ, аналар мерекесіне орай көпбалалы және аз қамтылған – 10, Наурыз мерекесінде – 10, Алғыс айту күнінде – 7, Жеңіс күні мерекесіне Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлеріне, 1 қазан – қарттар күнінде 10 қарияға азық-түлік себеттері таратылды. Бұдан бөлек, Құрбан айт мерекесінде 40 отбасына мал еті үлестірілді. «Мектепке жол» акциясы аясында жүздеген бала мектепке керекті киім-кешекпен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында 15 мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыға, 20 аз қамтылған отбасыға, 15 көпбалалы отбасыға, 10 қарияға азық-түлік себеттері үлестірілді.

Қазіргі таңда ауылға қарасты жалпы жердің көлемі 6479 гектарды құрайды. Оның 5180 гектары – ауыл шаруашылығы жерлері. Ауыл шекарасының кеңеюіне байланысты тұрғын үй және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін кезекке тіркелген 170 азаматқа Көктөбе алқабынан тұрғын ұй құрылысын жүргізу үшін жер алаңдары дайындалғандығы туралы хабарлама беріліп, тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерінің алдын ала орналасу сызбалары жасалып, жерді рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 158 азаматқа шешім шығарылды.

2007 жылдан бастап 2022 жыл аралығында Б.Момышұлы ауылынан тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесіне 1960 азамат өтініш білдірген, ал «egov.kz» порталы арқылы электронды түрде 1924 азамат кезекте тұр. Олардың жалпы саны 3884 азаматты құрайды.

Ауылымызда 3 спорт мектебі, 2 спорт алаңы аудандық мәдени және спорттық іс-шараларға тұрақты араласып, бұқаралық спортты дамытуға үлестерін қосуда. Барлық деңгейдегі іс-шараларға негізінен шаруа қожалық жетекшілері, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің басшылары демеушілігін жасап отырады.

Б.Момышұлы ауылында өткен жылы тұрғындар саны 14870 адамды құраса, оның 4979-ы – жастар. Бұл жалпы тұрғынның 34 пайызын құрайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметте 19 жас жүр. Өткен жылы «Жұмыспен қамту орталығына» 724 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Бүгінгі таңда 214 жас тұрақты жұмыс орнына тұрса, 44 жас қоғамдық жұмысқа, 52 жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына, 15 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 9 жас қысқа мерзімді оқу курстарына жолданған. «Бастау-бизнес» жобасы аясында білімін жетілдірген 292 жастың 52-сі қайтарымсыз грантқа ие болды. Алғашқы жұмыс орны бойынша 6 жас, «жасыл ел» жобасымен 40 жас жұмысқа тартылған. Аталған жобаға NEET санатындағы жастар, пробация есебінде тұрған жастар мен ауданның жұмыссыз жастары тартылды.

Мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға жасалып жатқан жұмыстар да аз емес. Атап айтсақ, Жібек жолы көшесіндегі Бауыржан Момышұлы ескерткішінің айналасын «InvaРrofi» мүгедектер қоғамдық бірлестігі абаттандырды. Ал Л.Сейтбеков көшесіне «суару жүйесіне ағымды жөндеу» лоток орнату және Бейсенбек Сафинов көшесі бойындағы көшеттер мен ағаштарды қоршау жұмыстарын «АРСЕНАЛ» жеке кәсіпкерлігі жүргізді. Аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің айналасын абаттандыру жұмыстарымен «Алатау-Байтерек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысты.

Сондай-ақ ауыл ішіндегі сайлардан өтетін көпірлерге заманауи шырақтар орнату ісін «Имамбай А.М.» жеке кәсіпкерлігі мойнына алып, жарықтандыру жұмыстарын атқарды. Жібек жолы көшесінің соңғы тұйығында орналасқан бейіт қоршалды. Б.Момышұлы көшесіндегі автожолдың бір бөлігінде жоспарланған орта жөндеу жұмыстарын «Элит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген болатын. Жібек жолы және Парасат көшелері бойында сәндік темірбетон қоршаулар орнату жұмыстарын «ЛюксорСервис» жеке кәсіпкерлігі атқарды. Жібек жолы, Б.Сафинов және Парасат көшелеріндегі металл конструкцияларды бөлшектеу жұмыстарын «Жуалы-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өз қолына алған болатын. С.Сейфуллин көшесіндегі автожолды орташа жөндеу жұмыстарын «ShymStroyGroup» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алғанымен, құрылыс жұмыстары белгіленген уақытта басталмай, кәсіпкердің ісі сотта қаралуда.

Бауыржан Момышұлы ауылындағы С.Сейфуллин, Әулие Бастау көшелерін жарықтандыруға 5 миллион теңге қаралып, аталған көшелердегі жұмыстар толық аяқталды. Сондай-ақ ауылдағы көше жарығының қалыпты жұмыс істеп тұруы конкурс арқылы «Алатау-Байтерек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жүктелді.

Ауылда демеушілердің күшімен де атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, «Асар» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлерінің көмегімен Асылбек Тұрысбеков көшесі №1 үйде тұратын көпбалалы ана Жанар Кошаеваның баспанасы ағымды жөндеуден өткізілді. Мағжан Жұмабаев атындағы №29 орта мектебіне жеке кәсіпкер Т.Тұрұмбаев құны 25 миллион теңге тұратын футбол алаңшасы мен балалар ойнайтын Street Workout алаңшасына спорт құралдарын жеке қаржысына салып берді.

 

Керімхан ТӨРЕҚҰЛОВ,

Б.Момышұлы ауылының әкімі.

Жуалы ауданы

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support