Саясат

Білім сапасы ел болашағы

Білім сапасы ел болашағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында білім беруге қатысты: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды, әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Жаһандық ғылыми-техникалық даму барысын ескерсек, жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуды барынша күшейту маңызды. Біздің күшіміз – жастардың білімінде», – деді. Мемлекет басшысы басқа да алқалы жиында ұстаздарды қолдау жайын үздіксіз айтып келеді. Әр жылдың басында мұғалімдердің жалақысы жоғарылап, өсіп келе жатқаны да қуантады. Білімге салынып жатқан қаржы – мемлекеттің болашағын дамытуға салынып жатқан қаражат деп есептейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасы «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы негізінде ұлттың ілгерілеуін одан әрі қамтамасыз ететін білімді, қоғамға белсенді жастарды тәрбиелеуде кітапхана басты рөлдердің бірі болып саналады. Қоғамның дамуында іргелі маңызы бар басты міндет – балалардың білімге, кітап оқуға деген құштарлығын дамыту және қолдау. Біздің ұлт кітап оқитын халық, ал кітап оқитын халық – өз кезегінде, ең алдымен, кітап оқитын балалар. Мектеп кітапханасы балалар мен ересектерді бірге кітап оқуға тартады. Президентіміздің тапсырмасын орындап, кітапхананың жұмысын ілгерілету мақсатында кітапханамызда білім орталығы – Коворкинг аймағы бар. Біздің кітапханада ашылған орталықта барлық санаттағы келушілерге жағдай жасалған. Бұл оқырмандарымыздың бос уақыттарын тиімді пайдалануға шағын болса да үлкен мүмкіндік беретін орын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 21 қазандағы ІV Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасы «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы негізінде гаджеттер заманын кітап заманына айналдыру үшін мектептердің базасында «құлыпсыз» кітапханалар ашылуы керек» деген министрлік ұсынысы жарияланған. Біздің мектепте де алдыңғы білім ошақтары қатарында «Құлыпсыз кітапхана» аймағы ашылып отыр. Мұнда балаларға қолжетімді, пайдалы және қажетті әдебиеттер табу жағдайы жүзеге асып, кітап мәдениеті, оқу құндылығы туралы пікірді қалыптастыру қолға алынған. Кітап оқитын,әдебиетті танитын, кітапханаға баратын адамның жағымды жақтарын құру, оқырмандардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған заманауи білім алаңына айналдыру – басты мақсат. Бүгінгі күні әлемдік қауымдастық қатарында өзіне лайықты орын белгіленген біздің мемлекетіміз үшін жоғары білікті жас ұрпақ тәрбиелеу қажеттігі біздің білім беру жүйесіне сапаны талап етіп отыр. Білім сапасын арттыруда мектеп басшысының білікті маман болуы шарт. Бүгінгі таңда білім сапасын диагностикалау, оқытудың әдістемелік жүйесін жаксарту, білім сапасын бағалаудың жаңа рейтингтік формасын енгізу, білім сапасына мектептің күллі қызметкерлерін жұмылдыру, білім сапасын арттыруда жаңа әдіс-тәсілдер қолдану аса маңызды. Мектептің білім сапасын арттыруда педагогтің жауапкершілігі зор болса, заман талабы педагогтен кәсіби білімді, білік пен дағдыны, мақсат қоюшылықты игеруге деген қызығушылық және білім беру қызметінде ынталылық, педагогикалық және әлеуметтік педагогика мен психологияның негіздерін қолдана білу қабілетін талап етеді. Мектебімізде білім сапасын арттыру, болашақ білімді азамат қалыптастыруда, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін, құзырлылығын арттыруда мектеп жұмысының, әдістемелік жұмыстың ұжымдық, топтық, жеке, белсенді түрлері мен әдістері кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар озат тәжірибелер бойынша іс-тәжірибе тарату жұмыстары, шығармашылық есептер беру, әдістемелік апталықтар, оқушылардың ғылыми жұмыстары, олимпиада, әдістемелік сипаттағы семинарлар, конференциялар өз жалғасын табуда. Мектепте 156 педагог қызметкер бар. Біліктілік санаты бойынша 75 пайызды құрайды. Барлық педагог мамандар сабақ беру шеберлігін арттыру мақсатында біліктілігін арттыру үшін қайта даярлау курстарынан өткен. «Қанша білсең, ізден тағы, тағы да, білікті адам жетер тілек, бағына» деген ғұлама Жүсіп Баласағұнның сөздері әр ұстаздың өмірлік қағидасына айналған. Осындай талаптардың үдесінен шығу үшін әр мұғалім күнделікті сабағына өмір талабына сай дайындалып, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен пайдаланады. Ол заман талабы. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желіге шығу», делінген. Біздің мектептің ұстаздары осы бағытта жұмыстарын жемісті жасауда. Еліміздің әрбір болашақ азаматын жан-жақты тәрбиелеп, білім беру арқылы дамыту – ең жауапты іс. Мектебімізде ерекше білім беретін арнайы сыныптар бар. Арнайы сыныптарда 70 оқушы білім алуда. Ерекше білімді қажет ететін оқушылар әр уақытта нәтижеге жету үшін бақылаудан тыс қалмайды. Осы орайда «Мейірімге толы жүрегім» әлеуметтік жобасы аясында сынып жетекші, ата-ана тығыз байланыс орнатып, баланың өз-өзіне деген сенімділігін арттыру арқылы түзете дамыту жұмыстарын жүргізу, дидактикалық материалды жеткілікті түрде қолдану, көрнекі құралдардың эстетикалық және педагогикалық талаптарға сәйкес келуі, ойын құралдарының әртүрлілігі, іс-әрекеттен тыс техникалық құралдардың жеткілікті болуы мақсатында арнайы сынып кабинеттерін жиһаздау, балаға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Мектепте инклюзивті білім, инклюзивті өнер, инклюзивті спорт бағыты бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды, демеушілер шақырылды. Мектебімізде сәтті жұмыс үшін қажетті барлық нәрсе бар. Коворкинг орталығында 3 аймақ жұмыс жасайды. Мұнда жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, интеллектуалды ойындар, көрмелер ұйымдастыруға мүмкіндік жасалған. Келушілер қызықты кітап, газет-журналдармен таныса алады. Балалардың оқыған кітаптары туралы пікірталастары, викториналық және логикалық ойындар, үстел ойындары, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ұйымдастырылған. ХХІ ғасыр – ақпараттық қоғам ғасыры, бұл өркениеттің жаңа түрі десе де болады. Кітапхана алаңынан мобильді кітапхана бұрышы ашылған. Оқушы өзі қызыққан әдебиетті кітап түбіне түсірілген QR-кодының көмегімен жүктеп алады. Білім жүйесіндегі медиатаным қызметі қазір технологияның дамыған кезінде әртүрлі техникалық, аудиовизуальді мүмкіндіктерін пайдалану – заман талабы. Ұялы телефоныңызда арнайы қосымша болса болғаны. Бұл оқырмандар санын арттырудың тиімді жолы. «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы негізінде қолға алынған бір бастама – «Ашық кітапхана» жобасы. Демеушілердің көмегімен мектепте адал оқырманды, адал болашақты қалыптастыру, оқушылардың бойында адалдық пен парасаттылықты, жауапкершілікті нығайту мақсатында кітапханашысы жоқ «Ашық кітапхана – адал оқырман» залы ашылды. Естеріңізге салып өтетін болсақ, бұған дейін «Адал кітапхана» Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында және Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде ашылған болатын. Ал облыстағы мектептер арасында адалдық принципіне сай жұмыс істейтін кітапхана алғаш болып №47 орта мектепте жұмыс істей бастады. Бұл орталықтағы кітаптарды ашық түрде орналастырған «Ашық кітапхана, адал оқырман» кітапханадағы кітап көрмелері кітапханашыларсыз қолжетімді, әрі оқырмандарды үлкен жауапкершілікке тәрбиелейтін орын. Алдағы уақытта да жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы ізгі жұмыстар жалғасын табады.  

Айжан ӘБДЕШОВА,

№47 орта мектептің директоры.

Тараз қаласы