Экономика

ЖАМБЫЛДЫҚ жас кәсіпкерлер өрледі!

ЖАМБЫЛДЫҚ жас кәсіпкерлер өрледі!

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Зумрад» корпорациясы, сондай-ақ «Design Services by A-Z» компаниясы ұйымдастырған «Бизнес-серпін» стартап-жобаларының байқауы аяқталды. Байқау нәтижесі бойынша бизнесті жаңадан бастаған жамбылдық жас кәсіпкерлердің екі жобасы жүлдегерлер қатарына ілікті. 

Атап айтсақ, тараздық Рустам Уватаевтың «Лего-кірпіш өндірісі» жобасы және Нұрсұлтан Сәрсенов пен Фатима Қаймекинаның 3D форматындағы фильмдерді түсіретін киностудия жобалары осы республикалық байқаудың финалына шығып, қаржыландыру мүмкіндіктеріне ие болды.

Жамбылдық жас кәсіпкер Рустам Уватаевтың айтуынша, ғаламтор сайттарының біріне идеясын орналастырып, құрылыс материалының жобасын жасаған екен. – Мен негізі сәндік тастар дайындаймын. Содан кейінірек сәндік кірпіш дайындау идеясы туындады. Сөйтіп, ғаламтор арқылы АҚШ-тың Канзас штатындағы осындай зауытпен байланысып, ұзақ маркетингтік, техникалық зерттеулер жүргізіп, балалардың «Лего» конструкторына ұқсайтын лего-кірпіштің сегіз түрін шығардым. Олар конструкциялық қағидатпен бір-біріне жақсы бекітіледі, – деп түсіндірді ол идеясының түп негізін. Автор бұл эксклюзивті құрылыс материалы уақыт пен ақша үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтады. «Менің өндірісімнің, одан шығатын өнімнің қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Тек цемент ерітіндісімен қаланады және оған қажетті кафель желімі арзан әрі кірпішті қалау үрдісін жылдамдатады», – дейді ол. Бұл жобадан түсінгеніміз, оның басты ерекшелігі – лего-кірпішпен қаланған қабырғаны сыламауға да, оны әр фактуралы, әр түсті етіп шығаруға болады екен. Бұл құрылысты жүргізген кезде эстетикалық безендіруге мүмкіндік береді. Ал, шикізат ретінде әктас тау жынысының үгіндісі пайдаланылмақ. Жоба авторларының айтуынша, толықтай автоматтандырылған қондырғының өнімділігі 8 сағаттық жұмыс күнінде 3-4 мың кірпіш өндіруге мүмкіндігі бар. – Сонымен қатар, қосымша станоктар сатып алып, өндіріс қуатын арттырғымыз келеді. Толыққанды зауыт болу үшін айына 520 миллион кірпіш шығару қажет. Бұл Қазақстанның басқа қалаларына да өнім жөнелтуге жол ашар еді, – дейді Р. Уватаев. Ал «Бизнес-серпін» байқаудан олжамен оралған тағы бір жерлестеріміз Нұрсұлтан Сәрсенов пен Фатима Қаймекинаның жобалары бойынша болашақта Таразда 3D форматындағы фильмдерді түсіретін киностудия пайда болмақ. Республикалық «Бизнес-серпін» байқауының финалистері Н.Сәрсенов пен Ф.Қаймекина өздерінің стартап-жобасын іске асыру үшін инвесторлар тауып отыр. Байқау барысында олар еліміздегі тәжірибелі бизнесмендерден бизнес құру бойынша дәріс алып қайтыпты. Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Сәрсенов кино индустриясымен айналысып жүргеніне алты жыл болғанын айтып өтті. Кезінде салтанатты шараларды түсірумен шектеліп жүрген ол кейіннен облыстық кино орталығында жұмыс істеген. – Бүгінде барлық қалаларда 3D кинотеатрлары бар, тіпті көптеген үйлердің өзінде 3D форматындағы теледидарлар жоқ емес. Біздің осы үлгіде қазақстандық киноларды көре алмай отырғанымыз мені қатты мазалайды. Сол себепті бұл студиядағы алғашқы жұмысымызды қазақтың тарихи фильмін түсіруден бастасақ дейміз, – дейді Н.Сәрсенов. «Бизнес-серпін» байқауының финалистері атанған бұл екі болашақ кинорежиссер жерлестеріміздің құны 1,5 миллион теңгелік жеке жабдықтары бар екен. Енді 3D форматында фильм түсіру үшін арнайы бейнекамера, қосымша аппаратура керек. Ал, бұл байқау олардың армандарын іске асыруға даңғыл жол ашып отыр. Сөйтіп, байқауда бақтары жанып, қажетті инвестицияларына да қол жеткізген қос жоба авторлары жамбылдық жас бизнесмендерге жігер беріп, ізденген адамға елімізде мүмкіндіктердің көп екендігін дәлелдеп берді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».