- Advertisement -

Бөгеттерді баптағаның – судан елді сақтағаның

71

- Advertisement -

Әр жылдары Шу өзенінің жағалауы бұзылып кетіп, Қордай ауданының орталығын және Мойынқұм ауданындағы «Радай» өзегіне де толып кеткен су Мойынқұм ауылын алып кете жаздаған. Таластың суы да «мінез» көрсетіп қоятыны бар. Тараз қаласының іргесіндегі жеке тұрғын үйлер мен Байзақ ауданының Қостөбе ауылына да қауіп төндірген. Талас ауданының «Ақкөл» және Сарысу ауданындағы «Ынталы» су қоймаларына мөлшерден тыс су жиналып, Ақкөл мен Саудакент ауылдарын су шайып кету қаупі төнді. Облыс басшылығы мен аудан әкімдерінің, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, басқа да құрылымдардың шұғыл әрекет етуінен аудандарда да, қалада да апат ауыздықталған.

Сын сағатта қолына кетпен, күрек ұстауға жарайтын бүкіл ел-жұрт болып та жұмылды сонда. Сол жылдары облыс аумағына қалың қар түсіп, наурыз туа көктен жауын- шашынның мол түскені есімізде.

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметінше, облыс аумағында ауа райы жағдайына жүргізілген көп жылғы мониторинг деректеріне қарағанда, қалалар мен елді мекендерде қар жамылғысы қауіпті деңгейден аспайды. Қазіргі уақытта облыс өзендерінде су деңгейі тұрақты, су тасу қаупі байқалмайды. Сонда да облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыста су тасқыны кезеңін апатсыз жағдайда өткізу мақсатында біршама жұмыстар атқаруда. Қолдағы мәліметке қарағанда, таулардағы қар қорының көрсеткіші 25-36 пайыздан көп емес, таулы аймақтардағы мұз құрсауы орташа есеппен 15-32 сантиметр.

Облыс аумағында көктемгі су тасқыны кезеңінде 42 елді мекенді су басуы мүмкін деп саналатын. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау немесе алдын алу мақсатында әр жыл сайын су тасқынына қарсы іс-шаралардың атқарылуы барысында 42 елді мекеннің 34-інен қауіп алынып, екеуінен төмендетілді. Су басуы мүмкін деп саналатын 6 елді мекен бойынша «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасына сәйкес, іс-шараларды іске асыру жоспарланған. Биылға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына орай, облыс аумағындағы каналдарды, дренаж каналдарды, арық желілерін және көпірлер, тағы басқа су өткізу құрылғыларын тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, қатаң бақылауға алынған. Атап айтқанда, ұзындығы 1507 километр болатын 192 суаратын каналдар, 1680 километр арық желілері жөнделіп, тау бөктерінде ұзындығы 1305 километр болатын 40 су бұру каналы, 430 көпір мен 224 текше метр өткізгіш құрылғылары қоқыстан тазартылуда.

Сонымен қатар, биыл су тасқыны кезеңін апатсыз жағдайда өткізу мәселелері былтыр 21 қазанда жоспардан тыс қаралған. Облыс аумағында 157 гидротехникалық құрылыс болса, оның 42-сі республикалық, 105-і коммуналдық және 10-ы жекеменшікте. Осы жекенің қолындағы су қоймалары, тоғандар мен магистральдық арналардың жағдайы қалай, ағымдағы немесе күрделі жөндеуден өткен бе, осыған баса назар аудару қажет.

Бүгінде «Кировта»–40, «Теріс-Ащыбұлақта»– 40, және «Тасөткел» су қоймасында 29 пайыз су бар. Ал, «Қарақоңызда» – 56, «Бүркіттіде» – 26, «Ақкөлде» – 17, «Ынталыда» – 14 пайыз. Жоғарыда еске салғандай, 2005 жылдың наурыз айында Сарысу ауданының аумағындағы «Ынталы» су қоймасы кемеріне келіп, 4-5 километр жердегі ылдидағы Саудакент ауылына үлкен қауіп төндіргені  естен шықпаса дейміз. Сол кездегі аудан әкімі Болат Мәдікенов бастаған әкімдік қызметкерлері, аудандағы барлық мекеме-кәсіпорын ұжымдары қолдарына күрек алып, ылдиға қарай құлай аққан сумен арпалысқа түскені әлі күнге көз алдымызда. Гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын тексеру және нақтылау бойынша іс- шаралар жүргізілгенде 13 су қоймасына ағымдағы және 2 су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі анықталған. Жөндеу жұмыстарын жүргізу «Жамбыл су қоймалары» мен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының бақылауында, жұмыс биыл атқарылады деп күтілуде.

Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені «2021-2023 жылдарға арналған жол картасының» іс- шараларын іске асыру мақсатында Талас өзені арнасының жағалауын бекіту жұмыстарын жүргізуге 2021 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 555,5 миллион теңге бөлінген. Жамбыл ауданы аумағындағы 4,7 километр жағалауды бекіту жұмыстары атқарылған. Ал, былтыр республикалық және жергілікті бюджеттен 1 миллиард 111 миллион 111 мың теңге бөлінген. «Жасөркен» учаскесі мен Тараз қаласының аумағында Талас өзенінің жағалауының 10,8 километрі нығайтылған.

Биыл жол картасының жыл соңына дейін орындалуына республикадан 1 миллиард 500 миллион, облыстық бюджеттен 172 миллион 361 мың теңге бөлініпті. Былтыр облыстық және аудандық бюджеттен шұғыл шығындарға арналған резервке – 587 миллион 965 мың, төтенше жағдайға арналған резервке 434 миллион 479 мың теңге бөлінген. Облыс бойынша 72 миллион теңгеге 10044 текше метр инертті материалдар, 392 тонна жанар-жағармай, 30050 қап дайындалған. Мәдениет және білім беру нысандарынан 41 қабылдау пункті, 12 шатыр, 1968 төсек-орын, 468 кереует дайындалыпты.

Әдетте су басу қаупі көктем шыға орын алатын болса, биыл ақпан айының басында күннің күрт жылынуы салдарынан кейбір аудандарда еріген қар суы тұрғын үйлерге қауіп төндірді. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құрамы су сору жұмыстарын қарқынды жүргізуінен қауіп сейілді. Дегенмен, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында тұрғын үй секторларын су басуға жол бермеу бойынша су тасқынына қарсы жұмыс одан әрі жалғасуда. Облыстың атқарушы органдары мен төтенше жағдайлар департаментінің күшімен еріген суды ашық аймақтан сорып алу және су жүретін арықтарды тазарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Жұмысқа 136 адам тартылып, 31 техника және 12 мотопомпы жұмылдырылған.

Күдік сейілгенімен, бейқам отыруға болмайды. Ақпан айының өзінде осындай болып жатқанда тауға түскен қар, мұздақ еріп, оған көктен түсетін жауын қосылатын алда наурыз, сәуір айлары бар. Қалай болғанда да, су тасқыны қаупіне үлкен сақтық керек. Мемлекет тарапынан да, облыстан да, су тасқынының алдын алу шараларына аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бюджет қаржысын мақсатты жұмсалуын қадағалау да естен шықпаса дейміз. Қала іргесінде және елді мекендерде жеке үйлерде тұратындар да бақшаларынан немесе есік алдарынан өтетін арықты күл-қоқыстан тазартуы да маңызды. Бұл жерде облыс орталығындағы округтік инспекторлар мен ауылдық округ әкімдеріне де үлкен жауапкершілік жүктеледі.

 

Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support