- Advertisement -

Сайлау туралы нені білу керек?

114

- Advertisement -

Сайлау алдындағы үгiт жұмыстары тіркеу аяқталған соң, 2023 жылғы 18 ақпанда 18.00-ден кейін басталып, сайлау болатын күнінің алдындағы күні яғни, 2023 жылғы 18 наурызда жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Сайлау алдындағы үгіт «ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңының» 27-32 баптар негізінде жүргізіледі. Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары бұқаралық-ақпараттық құралдары арқылы, сайлау алдындағы жария іс-шаралар яғни, кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі, баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару және тарату жолымен және онлайн платформалар ақылы жүзеге асырылады.

Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетіндегі орны, эфир уақыты бойынша бірдей көлемде таратуға міндетті. Шарттық негізде ұсынылған үгіт материалдарын орналастыру ақысының мөлшері, шарттары туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық-ақпарат құралдары, онлайн-платформаны пайдаланушылар сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталардан кемінде бес күн бұрын яғни, 14 ақпаннан кешікпей хабарлап Орталық сайлау комиссиясына, облыстық сайлау комиссиясына ұсынды.

Бүгінгі таңда, Жамбыл облысы сайлау комиссиясының парақшасында ақпараттық хабарламаларын жариялай отырып, 20 баспасөз бұқаралық ақпарат құралдары, 90 интернет бұқаралық ақпарат құралдары, 12 электрондық бұқаралық ақпарат құралдары және 2 онлайн-платформа пайдаланушылар орналастырылды.Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде кандидаттардың, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспасөз басылымының таралымы барлық кандидаттар, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялар үшін бірдей болуға тиіс.Кандидаттардың және партиялық тізімдерді ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына, онлайн-платформаларға шығу кезектілігі жазбаша жолданымдардың келіп түсу ретімен не егер жолданымдар бір мезгілде келіп түссе, жеребе бойынша белгіленеді.

Сайлау алдындағы жария іс-шаралар кандидаттар мен олардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесу өткізу арқылы жүргізіледі.Жергілікті атқарушы органдар кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс. Сондай-ақ, жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықта қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.

Осы мақсатта облыс бойынша жергілікті атқарушы органдармен кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 242 үй-жайлар айқындалды және үгіттік баспа материалдарын ілу үшін 308 орын белгіленіп, олар стендтермен, тақталармен жарақтандырылды. Бүгінгі таңда сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасауда және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын болады. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, үнпарақтар, ұрандар мен өзге де үгіт материалдарын басып шығару үшiн бiрдей сомада қаражат қарастырады.

Бұл жөнінде 2023 жылға 19 ақпанда Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттардың Республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мөлшерлерін белгілеу туралы, Орталық сайлау комиссиясының бірнеше қаулылары қабылданды. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына, партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін кандидаттардан басқа, кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мынадай мөлшерлері белгіленген:

1) бағдарламаны теледидар, радио арқылы баяндауға және мерзімді баспасөз немесе желілік басылымдарында екі мақала жариялауға – 450 000 (төрт жүз елу мың) теңге;

2) сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 300 000 (үш жүз мың) теңге;

3) көліктік шығыстарға – 200 000 (екі жүз мың) теңге.

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мынадай мөлшерлері белгіленсін:

1) бағдарламаны теледидар, радио арқылы баяндауға және мерзімді баспасөз немесе желілік басылымдарында екі мақала жариялауға – 350 000 (үш жүз елу мың) теңге;

2) сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға – 130 000 (жүз отыз мың) теңге;

3) көліктік шығыстарға – 70 000 (жетпіс мың) теңге.

Қалалар мен аудандар мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстарының мынадай мөлшерлері белгіленсін:

1) бағдарламаны теледидар, радио арқылы баяндауға және мерзімді баспасөз немесе желілік басылымдарында екі мақала жариялауға – 200 000 (екі жүз мың) теңге;

2) сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткізуге және кандидаттардың үгіт материалдарын шығаруға – 100 000 (жүз мың) теңге;

3) көліктік шығыстарға – 50 000 (елу мың) теңге.Барлық үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйым (баспа материалдары бойынша – олардың басылған жері және таралымы), тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан ақысы төленгені туралы мәліметтер болуға тиіс.

Үгіт материалдарын Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерлерде дайындауға, анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Сондай-ақ, кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы. Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.

Кандидаттар, сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуына және ойын-сауық, спорттық iс-шараларын ұйымдастыруға болады. Кандидаттардың тарапынан сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотореялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге және қайырымдылық iс-шараларын өткiзуге тыйым салынады. Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенiм бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады.

Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн білдіретін сенiм бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы. Сенiм бiлдiрiлген адамдар сайлау округiндегi әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспауы қажет және олар өз өтінішімен тиісті сайлау комиссиясында тіркеліп оларға куәлік беріледі. Сенiм білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс, ол мәслихат депутаты, қандай да бiр сайлау комиссиясының мүшесi, саяси мемлекеттiк қызметшi лауазымындағы адам болмауға тиiс.

Сонымен қатар, мемлекеттiк органдарға, қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына, қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға, сайлау комиссияларының мүшелерiне, діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға және мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге құқылы. Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады. Телерадио хабарларын тарату субъектілерінің жаңалықтар, талдау бағдарламаларында кез келген үгіт материалдарын таратуына тыйым салынады. Кандидаттар не олардың сенім білдірген адамдары болып тіркелген журналистердің сайлауды БАҚ арқылы көрсетуге құқығы жоқ.Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат, сонымен қатар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясымен келіп түскен бірыңғай форматтағы ақпарат орналастырады. Сайлау болатын күнi және оның қарсаңындағы күнi кез келген үгiтке тыйым салынады.

Сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жерлерде бұрыннан ілулi тұрған баспа үгiт материалдарын сол орындарында қалдыруға болады.Интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын бұрынғы орындарында қалдыруға болады. Бұрын орналастырылған материалдарды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Қазақстан Республикасының аккредиттелген қоғамдық бірлестіктері және коммерциялық емес ұйымдары атынан ҚР азаматтары байқаушы ретінде сайлау процесіне қатыса алады.

Қоғамдық бірлестіктері және коммерциялық емес ұйымдары Аккредиттеудің тәртібін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы анықтайды және ҚР ОСК 2022 жылғы 27 желтоқсандағы №131/626 қаулысымен бекітілген қағидасымен реттелген.Жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын республикалық қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу ҚР ОСК жүзеге асырады. Жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын өңірлік және жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу республикалық маңызы бар қалалар мен аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.Өңірлік және жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар өз өтінішін, сайлауды байқауды жүзеге асыру құқығын растайтын жарғыдан үзінді тиісті аумақтық сайлау комиссиясына ұсынады.

Сайлау комиссиясы құжаттарды қарауы 30 жұмыс күнін құрайды. Қазіргі таңда облыстық сайлау комиссиясының атына төрт қоғамдық бірлестіктерден сайлауды бақылау туралы өтініштер келіп түсті. Бұл өтініштерге жұмыс барысында жауап берілетін болады.

 

Сара МӘДИЕВА,

облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support