Экономика

«Имсталькон» – Экспоның ғаламат құрылысына қатыспақ

«Имсталькон» – Экспоның ғаламат құрылысына қатыспақ

20«Имсталькон» АҚ филиалы – Жамбыл металл құрастыру зауытының бай да тағылымды тарихы бар. Алып зауыт 1967 жылы Қаратау-Жамбыл аумақтық өндірістік кешеніндегі химия өнеркәсібін өркендетуді жеделдету мақсатында салынған болатын. Металл құрастыратын және одан алуан бұйымдар жасайтын зауыттың өнімі елімізбен қатар, бұрынғы одақтас республикаларға да өткерілетін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың ортасында химия зауыттарының іркіліспен жұмыс істеп, бұрынғы байланыстардың үзілуіне байланысты аталған кәсіпорынға да тоқтап қалу қаупі туды. Әйтсе де, облыста қандай да бір қиындықтарды бастан кешіргеніне қарамастан «Имсталькон» АҚ филиалы – Жамбыл металл құрастыру зауыты жұмыс ырғағынан жаңылған емес. Бұған олар зауытты конверсиялау, яғни, оның өнім шығару бейімін өзгерту шаралары арқылы қол жеткізді. Кәсіпорын бүгінде халық тұтынатын алуан металл құрастырмалар, темір жол үшін цистерналар, мұнай, басқа да сұйықтар құйылатын алып сыйымдылықтар жасайды.

Жұмыс ырғағын бәсеңдетпей, елеулі табыс тауып жүрген кәсіпорынға үстіміздегі жылдың 11 ақпанындағы теңгенің құнсыздануы елеулі соққы болды. Металл құрастыру үшін түскен жобалардың қаражатын қайта қарауға тура келді. Мұның өзі едәуір уақытты алды. Зауытта жұмыстың дені қол күшімен атқарылады. Жұмысшылардың жартысына жуығына жалақы атқарған жұмысына қарай төленеді. Жұмыс көлемі азаюына байланысты жалақы мөлшері де кеміді. Соның салдарынан 100-ге жуық қосалқы жұмысшылар тәуір жалақысы бар жұмыс іздеп басқа жаққа кетіп қалды. Мәселен, 2013 жылдың тоғыз айында мұнда 973 адам жұмыс істесе, биыл осы мерзімде 878 адам қалды.

– Біз мамандарымыздың жағдайын түсінеміз, бәрінің банктерден алған несиесі бар. Сондықтан да «кетемін» деген азаматтарды ұстап тұра алмадық. Бірқатар шараларды қолға алу нәтижесінде тапсырыстың дені күз айларында ғана түсе бастады. Қазір алты ай бойы тоқтаусыз жұмыс істеуге тапсырысымыз бар. Оларды уақтылы әрі сапалы орындау үшін мамандарымыз кейде аптаның сенбі күндері де жұмыс істейді. Зауытта жұмысшы жетіспейді. Дәл қазір өтініш білдірсе, 30 адамды жұмысқа қабылдай аламыз, – дейді «Имсталькон» АҚ филиалы-Жамбыл металл құрастыру зауытының директоры Александр Никулин. Бүгінде кәсіпорын мамандары Шымкент қаласындағы жаңадан салынып жатқан цемент зауытында 3 мың тонна металл құрастырмаларын әзірлеуде. Оны келесі жылдың қаңтар айының соңына дейін бітіру көзделуде. Бұған қоса олар Шымкент қаласында логистикалық қойма және «Плаза» сауда орталығы ғимараттарының металл құрастырмаларын орнатуда. Тапсырыс бойынша Атырау және Ақтау қалаларындағы мұнай өндіретін зауыттарға 50 текше метрден 20 мың текше метрге дейін сыйымдылықтардың материалдарын әзірлеп, жөнелтеді. Оларға облыстан да көптеген тапсырыс түсіп тұрады. Былтыр олар Тараздағы Орталық стадионда қайта жарақтандыру жұмысын жүргізді. Минералдық тыңайтқыш зауытында салынған Күкірт қышқылы цехының құрылысына белсене қатысты. Қазір Тараздағы ет комбинаты ғимаратының металл құрастырмаларын орнатуда. Имсталькондықтар теңгенің құнсыздануына байланысты уақыттан ұтылуы және біраз мамандарынан айырылып қалғанына қарамастан үстіміздегі жылдың он айының қорытындысында 3505 миллион теңгенің металл құрастырмаларын әзірледі. Өткен жылдың осы мерзімінде бұл көрсеткіш 3438 миллион теңгені құраған болатын. Кәсіпорын табысына қарай жұмысшылардың жалақысы жыл сайын өсіріліп келеді. Биыл мұнда орташа жалақы 96 мың теңгеге жетті. Жамбыл металл құрастыру зауыты облыста халықаралық сапа менеджменті жүйесін алғашқылардың бірі болып енгізді. Мұның өзі нарықта өздерінің өнімдерін кедергісіз өткізуге игі ықпалын тигізуде. Зауытта жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда күнделікті түрлі тапсырыстар түседі. Сондықтан да жұмыс бейімін тұрақты өзгертіп отырады. Тапсырысқа сәйкес құрастырмаларға қажетті материалдарды шет мемлекеттерден алуға тура келеді. Кәсіпорын басшылығы осыған қарамастан оларды өз облысымыздың және еліміздің аумағынан алуға күш салады. Соның нәтижесінде мұнда қазақстандық үлес қазіргі таңда 70 пайызды құрап отыр. Александр Никулин зауытты тұрақты жұмыс істету және жұмыс орындарын сақтап қалу үшін басқа да елеулі шараларды қолға алып жатқанын айтады. Жаңадан жұмысқа келген жастар тәжірибе жинақтау үшін білікті мамандарға бекітіліп беріледі. Олар қысқа мерзімді оқу курстарына жіберіледі. – Зауыттың әлеуеті орасан. Біздің кез-келген ірі тапсырыстарды уақтылы әрі сапалы орындауға біліктілігіміз бен тәжірибеміз жетеді. Келешекте Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылысына қосалқы мердігер ретінде қатысуды көздеп отырмыз, – дейді Александр Никулин.

Ақылжан Мамыт, «Ақ жол.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.