- Advertisement -

Баспаналы болудың бір тетігі

71

- Advertisement -

Баспана – әрбір адамның арманы. Бүгінде мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар ел азаматтарының баспаналы болуына жол ашуда. Әсіресе жастарды қолжетімді баспанамен қамту – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттердің бірі болып отыр.

Былтыр облысымызда «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасы іске қосылған болатын. 2021-2025 жылдарға арналған жоба өткен жылы өңір жастарынан құжат қабылдай бастады. Бүгінгі таңда ауданымызда бірнеше жас отбасы баспаналы болып, пәтер кілтін алды. Олар жаңа қоныстарына көшіп те үлгерген. Солардың бірі – Айгүл Жошиева. Ол – аталмыш бағдарламамен Қордай ауданы бойынша баспаналы болған жалғыз азамат.

Айгүл Болатжанқызы мен Мұхит Асылбаевтың шаңырақ көтергендеріне биыл 15 жыл. Бұған дейін олар пәтер жалдап тұрып келіпті.

– «Әулиеата жастары» ипотекалық бағдарламасы туралы ақпаратты әлеуметтік желіден оқып, құжатымызды жинастырдық. Төлем қабілетіміз де екінші деңгейлі банк талаптарына сәйкес келді. Шілде айында құжаттарымызды тапсырып, 15 қыркүйекте конкурстан өткенімізді білдік. Ал 25 қыркүйек күні үйімізге көшіп келдік. Осылайша, биылғы жаңа жылды өз баспанамызда қарсы алдық. Атап өтерлігі, біздің отбасымызға бұл бағдарламаның үлкен көмегі тиді. Өйткені үйлі болғанға дейін жалға тұрып келген пәтеріміздің иесі оны аяқасты сататын болды. Сөйтіп, барар жер, басар тауымыз жоқ қиын сәтте «конкурстан өттіңіз» деген хабар жетіп, қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Қордай ауылынан 11 миллион теңгеге төрт бөлмелі үй тапқан едік, – дейді ол.

Бүгінгі таңда бұл жобаға жасы 35-ке дейінгі жастар қатыса алады. Оның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, мәдениет саласының қызметкерлеріне, спортшыларға, жаттықтырушыларға, журналистерге, университет оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге баспаналы болу үшін жеңілдіктер де қаралған. Айгүл Болатжанқызы «№7 Бетқайнар колледжінің» Сортөбе ауылындағы корпусында өндірістік оқыту шебері, тігін бұйымдарының технолог-конструкторы болып жұмыс істеуде. Жұбайы Мұхит та осы оқу орнында оқытушы. Бүгінде олар екі бала тәрбиелеп отыр.

– «Жоба конкурсынан Қордай ауданы бойынша біз ғана өтіппіз. Өкінішке қарай, өтініш бергендердің бірінің құжаттары, бірінің төлем қабілеті талаптарға сай болмай шыққан. Конкурстан өту үшін, ең бастысы, бағдарлама талаптарымен жіті танысып, құжаттарды дұрыс жинау керек. Сондай-ақ өтініш берушілерге тапқан үйіңіздің құжаттарын облыс орталығына бармай жатып, мұқият тексеріп алуға кеңес беремін. Өйткені үйге қатысты банктің қатаң талаптары бар. Таңдаған үйіңіз сол талаптарға сай әрі құжаттары дұрыс болуы қажет», – деп кеңес береді Қордай тұрғыны.

«Әулиеата жастары» өңірлік жобасы жастар үшін мол мүмкіндік екенін атап өтті кейіпкерлеріміз. «Біріншіден, бастапқы жарнасы 5 пайыздан аспайды, несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 5 пайыз. Ал несие мерзімі – 19 жыл. Балаларымыз есейгенше бұйыртса, ипотекамызды толық төлеп бітіреміз. Қатысушылар 13 миллион теңгеге дейінгі сомада үй таңдай алады. Бұл өте тиімді. Себебі қазіргідей қымбатшылық заманда жастар өздігінен мұндай қаражатты жинай алмайды», – дейді Мұхит.

Асылбаевтар отбасының алдыға қойып отырған жоспарлары да жоқ емес. Соның бірі – баспанасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көңілдеріне қонатындай дизайн жасау. «Үй ескілеу болғандықтан, жөндейтін жерлері көп. Күн жылығанда осыған кіріспекпіз. Ескі болса да, ұядай ыстық баспанамыз бар, соған шүкіршілік етеміз. Осындай мүмкіндікті беріп, үйлі болуымызға септігін тигізген облыс әкімдігіне, «Отбасы банкіне», аудандық Жастар ресурстық орталығына алғысымыз шексіз», дейді Айгүл Болатжанқызы.

 

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ,

журналист.

Қордай ауданы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support