Саясат

БІРЛІК ПЕН ЕҢБЕКТІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

БІРЛІК ПЕН ЕҢБЕКТІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

Экономиканың тұрақты өсуін, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің жоғарылауын меже тұтқан тәуелсіз Қазақстанның даму бағыты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айрықша көрініс тапты. Елбасы Жолдауы салқыны әлі қайта қоймаған әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа төтеп бере алуға, зардаптарын мейлінше сезінбеуге, еліміздегі тұрақтылықты сақтап қалуға бағытталған үлкен стратегия іспетті. Жолдаудың дәстүрлі уақытынан бұрын жолдануында да үлкен мән бар. Жолдауда айтылған міндеттер кешіктірілмей келер жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырыла бастауы тиіс. Бұл туралы Елбасы шегелеп айтты. Елбасы барлығымызға нақты міндеттер жүктеп отыр. Ол міндеттер алдыңғы жылдардағы Жолдаулардан бастау алады. Ал Қазақстанның «Нұрлы жол» Жаңа Экономикалық Саясаты контрцикликалық сипатқа ие бола отырып, біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған. Шикізат өнімдеріне баға жоғары болған кезде жинақталған Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін қаржы бөлініп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға септігін тигізбек. Бұл қаражаттың дені біздің экономикамыздың көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталатын болды. Елбасы Жолдауында көрініс тапқан тағы бір қонымды тұс – әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекетіміз әлеуметтік бағытқа үлкен мән беріп келеді, біз нарықтық әлеуметтік бағытты таңдаған елміз. Бірақ елімізде жүргізіліп отырған әлеуметтік саясат, әрине мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне, экономикалық дамуға байланысты. Саяси, геосаяси, экономикалық қақтығыстар белең алса да, біздің ахуалға әлі тікелей әсер ете қоймаған уақыттың өзінде Елбасымыз бұл саланы кейінгі кезекке қалдырмады. Еліміздегі апатты, үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі түбегейлі шешілмек. Бұл мақсатқа үшжылдық бюджеттен қарастырылған қаржыдан бөлек Үкіметтен қосымша 70 миллиард теңге бағытталмақ. Осы жерде мектепке дейінгі мекемелердегі орындардың тапшылығын жою мақсатында 2017 жылға дейін 20 миллиард теңге бағытталып, мемлекеттік жергілікті басқару органдары мұны өз бақылауына алып, қосымша қаржы қарастыруы керектігін Елбасы баса айтты. Өткен жылдары шағын және орта бизнесті қолдау мен несиелеудің нәтижесінде 4,5 мың жұмыс орындары ашылған. Бұл үрдіс өз жалғасын табатын болды. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту мақсатында шаралар қабылданбақ. Білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларын жалғастыра отырып, тек жол құрылысын жүзеге асыру арқылы 200 мың жаңа жұмыс орындары құрылмақ. Бұл – еңбекке қабілетті тұрғындардың жұмыспен қамтылып, өздеріне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп тауып, әл-ауқаттарын жақсарта түседі деген сөз. Жоспар қашанда мақсатсыз болмайды. Сол мақсатқа жету жолында бағыт пен бағдарды өзгертуге тура келетін жағдайлар болады. Биылғы Жолдау «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеямызға барар жолдағы экономикалық саясат жоспарымызға түзету енгізу бойынша қабылданған көреген шешім болып отыр. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық қызметшілердің еңбегін өтеудің жаңа моделі енгізілмек. Сәйкесінше, денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға дейін, білім саласы қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін артады. Президент тапсырмасына сай, Үкімет 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектік пен асыраушысынан айырылуға байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы 25 пайызға артады деп күтілуде. Алда үлкен міндеттер, жауапты жұмыстар бар. Ол тек жасампаз еңбектің, ынтымақтың, ауызбірліктің арқасында ғана іске аспақ. Елбасы сөзімен айтсақ «Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біз топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер» болмақ. Ал Қазақстанның болашағы ол бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі ел азаматтары. Сондықтан да Жолдау негізінен жастарды рухтандырып, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандыра түсуі тиіс. Олардың алдында еліміз барлық есіктер мен жолдарды ашқан. Ал болашаққа бастар жол - «Нұрлы жол» сол жолдардың қуат көзі деп білемін. Мәңгілік Ел болу мақсатында тәуелсіз Қазақстан тарихында жаңа дәуір ашылғанын Елбасы бұған дейін айтқан болатын. Осы жаңа дәуір мемлекеттік одан әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғырту үшін Үкіметтің, өкілетті және атқарушы органдардың, жұртшылықтың, әрбір азаматтың алдына нақты міндеттер қойған. Кәсіподақтардың басты міндеті – әрбір еңбек ұжымындағы әлеуметтік тұрақтылық пен әл-ауқатты арттыру, осы мақсатта өз мүшелерінің күш-жігерін біріктіру болып табылады. Бұл тұрақтылықтың да кепілі екенін ұмытпауымыз керек. «Жалпы, тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Бұл – отбасының береке-бірлігі, қауіпсіздігі. Бейбітшілік дегеніміз – тұрақты жұмыс, тұрақты жалақы, ертеңгі күнге деген сенім. Қазақстан келесі жылы Ассамблеяның мерейтойы мен Конституцияның мерейтойын атап өтеді. Осы мерекелерді атап өте отырып, қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұдан да мықты, бұдан да толерантты етуіміз керек. Қазақстанды жаңа белестерге бастайтын міндеттерді жүзеге асыруда барлығымызға сәттілік тілеймін», - деген Елбасы алда кездесетін қиындықтардан өтуде бірлік пен еңбектің орны бөлек болатынын айтты. Бейбітшілік. Тұрақтылық. Өркендеу. Мұның бәрі де Елбасы – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегімен келген құтты құндылық. Оны барша отандасымыз айқын сезініп отыр.

Гүлсін ОРЫНБАЕВА, облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты.