Ақпараттық керуен Жуалыда
Ақпараттық керуен Жуалыда
Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында құрылған «Нұрлы жол» ақпараттық керуені ауданға келді. Осыған орай, Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық алаңда шағын мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Жиынды аудан әкімі Батырбек Құлекеев ашып, Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы бойынша тұшымды ақпарат беріп, сөз соңында жұртшылықты елде бірлік пен ауызбіршілікті сақтауға шақырды. Келесі сөз облыстық ақпараттық-насихат тобының жетекшісі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұратқа берілді. – «Нұрлы жолға» бастайтын жаңа Жолдауда Елбасы ел дамуының, тұтастығы мен бірлігінің сақталуына барынша мән берген. Міне, бүгін осы Жолдауда айтылған, көтерілген мәселелерді өздеріңізге жеткізу үшін облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тапсырмасымен арнайы келіп отырмыз. Сіздер әрбір насихат тобының мүшесі айтқан сөздерден көкейлеріңізге ой түйіп, Отанымыздың өркендеуіне, ел ішіндегі бірлік пен ұлтаралық татулықты сақтауға үлес қосады деген сенімдемін, – деді Шәбден Тоқтасынұлы. Облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлсін Орынбаева мен №1 мектеп-гимназияның директоры Валентина Письмак Жолдау туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Осыдан кейін топ мүшелері сегіз ауылдық округке бөлініп, өңірдің тұс-тұсына жол тартты. Соның бірі – аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылдық әкімдігінде болды. Ауыл тұрғындарымен өткен жиынға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық ақпараттық-насихат тобының жетекшісі Шәбден Тілеумұрат қатысып, Жолдаудың ерекшелігі, мәні мен маңызы жөнінде кеңінен ақпарат берді. Осы күні Жуалы жеріне ақпараттық пойыз да атбасын бұрды. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тапсырмасымен құрылған арнайы топ мүшелері 5 вагондық шағын пойызбен аудандарды аралап, Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатымен шойын жолмен сапарға шыққан екен. Топ құрамында әр саланың өкілдері бар. Дәрігерлер, өнер иелері, тағы басқа азаматтар мәдени іс-шара аясында аудан тұрғындарымен жүздесті. Шара соңы ауданның және облыстан келген өнерпаздардың концертіне ұласты. Ал аудан тұрғындары пойыздың арнайы вагонынан арзандатылған азық-түлік өнімдерін сатып алды.
Марат Құлибаев, журналист.
Жуалы ауданы.