Экономика

Дамудың даңғыл жолындамыз

Дамудың даңғыл жолындамыз

18Абылай МОЛДАБЕКОВ, облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Тараз-Кедендік рәсімдеу орталығы» кеден бекетінің басшысы.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында ел дамуындағы маңызды міндеттерді белгілеп берді. Елбасымыздың пайымдауынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл жерде Кеден одағына топтасқан Қазақстан, Беларусь Республикалары мен Ресей Федерациясының арасындағы жаңа ұйым, сонымен қатар, кеден органдары маңызды рөлге ие болады. Өйткені, Еуразиялық экономикалық одақтың да ауылы алыс емес. Бүгінде бірлескен үдерістер қарқын алып келеді және жаһандық дәуірде әлемдік нарықта, жалпы шекара мен кедендік шекараны қорғау бұрынғыдан да маңыздырақ бола түспек. Бұл жерде бірінші кезекте үшінші елдермен сауда нарығының аспектілеріне басымдық беру үшін Кеден одағы нарығының тиімділік шамаларын көтеруге және сыртқы саудадағы түрлі кедергілерді алып, құлықсыз бәсекелестерден қорғау қажет. Бүгінгі таңда кеден органдарының қызмет тиімділігі кеден бекеттеріндегі инфрақұрылымдар жасау, кедендік рәсімдеу кезіндегі құжаттардың көлемін азайту, уәкілетті экономикалық операторлардың институтын жетілдіру болып табылады. Облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің «Тараз-КРО» кеден бекеті осы бағыттарда белсенді жұмыс жасауда. Бекет қызметкерлері кеден саласындағы заң бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу бағыттарындағы әдіс-тәсілдерді комитеттің және департамент басшылығының шешімімен жетілдіріп отырады. Осындай игі істердің нәтижесінде өткен 9 айдың ішінде бекет қызметкерлері мемлекеттік бюджетке 3 миллиард 390 миллион 593 мың теңгеден астам қаржыны 2879 тауарға арналған декларациядан кедендік төлемдер мен салықтар өндіре отырып құйды. «Тараз-КРО» кеден бекеті арқылы рәсімделген тауарлардың негізгі құрылымы төмендегіше қалыптасуда. ТМД мемлекеттерінен оның ішінде Украинадан құрылысқа қажетті материалдар, Өзбекстаннан сұйық аммиак, гипс, сұйық кислород және киімдер, Қырғызстаннан халық тұтынатын тауарлар, теміржол шпалдары, құрыш трубалары мен көкөністер, Пәкістаннан мандарин өнімдері импортталса, Қытайдан натрий гидроксиді импорт ресімімен облысқа жеткізілген. Ал облысымыздағы ірі СЭҚ қатысушылары болып табылатын «Қазфосфат», «Қазфос», «Сапалы-кашемир», «ТСТК», «ТКСМ-13», «КФСП «Катко» ЖШС-лары мен «Запчасть» АҚ және Г. Бегалиев пен А. Байгелді секілді жеке кәсіпкерлер химия өнімдерін, түйіршік шлак, тері, табиғи уран және дайын құрышты экспорттаған. Жалпы рәсімделген тауарлардың құны 1 миллиард 135 миллион 828 мың АҚШ долларын құрады. Соның ішінде, 810 миллион 168 мың АҚШ доллары экспорт бойынша, 325 миллион 660 мың АҚШ доллары импорт құнын көрсетіп отыр. Бәрімізге белгілі болып отырғандай халықтың тұрмыс жағдайы артқан сайын басқа факторларды қоспағанда автокөліктердің де саны едәуір ұлғаюда. Қазақстандық автокөлік иелерінің уақыт үнемдеп, қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы халыққа қызмет орталықтары ашылды. Мұндай арнайы орталықтардың ерекшеліктері сол көлік жүргізу куәлігін алу, автокөлікті тіркеуге қою, мемлекеттік нөмірлерді алу және кедендік тазалаудан автокөліктерді өткізу қызметтері көрсетіледі. Бұл – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, көптеген ерекшеліктер мен басымдықтарға ие болып отырған жоба. Арнайы орталықтар Астана, Ақтау мен Қарағанды қалаларында жұмыс істеп тұр. Мұндай құрылым ағымдағы жылдың 18 наурызынан бастап, Тараз қаласында да жүзеге аса бастады. Бұл қалалар аймақтардағы автопарктер мен қолдағы бар алаңдардың көлеміне қарай таңдалған. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары кәдімгі халыққа қызмет көрсету орталықтары секілді «бір терезе» қағидаты бойынша қазақстандық жүргізушілердің кешенді құжаттарға қол жеткізуіне арналған. Енді осындай арнайы орталықтардан жүргізуші куәлігін 6 сағатта емес, 2 сағатта алуға болады. Ал автокөліктің мемлекеттік нөмірі мен техникалық куәлігін алуға кететін уақыт небәрі 1 сағат. Жеке пайдалану үшін әкелінген автокөліктерді кедендік тазалауға 1 жұмыс күні кетеді. Бұрынғыша жүргізушілер бірнеше бланктерді толтырып, үй кітапшасының көшірмелерін әкелу, анықтамалар жинақтау сияқты жұмыстарды өздері атқармайды. Оны орталықтың операторлары кез-келген тұлға туралы арнайы мәліметтер қорынан жинақтайды. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысында адами факторлар толығымен алынып, қажетті бағаны орталық компьютер өзі қоя алады. Бұған қоса, бірнеше жерден тұрақты түрде бейнекамералар бақылау жасап тұрады. Өткен 9 айдың ішінде «Тараз-КРО» кеден бекеті арқылы жеке пайдалану үшін әкелінген 100-ге жуық автокөлік осы халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы рәсімделді. Оның ішінде 19-ы Тараз қаласының тұрғындарына тиесілі. Өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар көлемі 95 миллион 821 мың 848 теңгені құрайды. Көрсетілетін қызметтердің мөлдірлігі мен сапалылығы, жемқорлықпен үздіксіз күрес және қызметкерлердің тәртібін бақылауда ұстау, сонымен қатар, қазіргі заманның ақпараттық технологияларын жетілдіру мен жаңашаландыру «Тараз-КРО» кеден бекеті қызметінің басты бағыты мен басымдықтары болып қала бермек.