- Advertisement -

Ағымдағы жылдың өнімі қалай болмақ

41

- Advertisement -

Әрбір жылдың өз жемісі мен жетістігі бар. Өткен жыл облыстағы ауыл шаруашылығы саласы үшін жаман жыл болған жоқ. Диқандар мол өнімге қол жеткізіп, жиын-терін жұмыстарын уақтылы аяқтап, өткен жылды жақсы қорытындылады. Ал ағымдағы жылдың өнімі қалай болмақ? Бүгінгі таңда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының алдында тұрған басты мәселенің бірі – осы.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, ағымдағы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын 770,7 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарланған. Былтыр ауыл шаруашылығы дақылдары 756 мың гектарға орналастырылған болса, биыл оның көлемін 14,7 мың гектарға арттыру жоспарлануда екен.

– Бұл жыл да өткен жыл сияқты берекелі болады деген сенімдеміз. Өйткені жерде ылғал жеткілікті. Қар қалың болды. Көктем айларында жауын-шашын жиі болады деген де болжам бар. Осы жағдайларды саралай келіп, көктемгі дала жұмыстарын ерте бастап, дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды 398,2, майлы дақылдар 72,2, қант қызылшасын 10,4, картопты 11,8, көкөніс пен бақша дақылдарын 61,7, мал азығы дақылдарын 216,7 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда көктемгі дала жұмыстарына қажетті 90,2 мың тонна тұқымның 68,9 мың тоннасы дайындалған. Яғни, қорда бар тұқымның 76,4 пайызы дайын деген сөз. Қалған тұқымды, дәлірек айтсақ, қант қызылшасының, дәндік жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері және күнбағыс дақылдарының тұқымын шет мемлекеттерден және Алматы, Қарағанды, Павлодар мен Жетісу облыстарынан жеткізу жоспарлануда.

Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 7317 ауыл шаруашылығы техникасы араласады деген болжам бар. Оның 4585-і трактор болса, 1234-і соқа, 580-і егістік жерді қопсытқыш, 826-сы дән сепкіш, 92-сі тұқым дәрілегіш. Бүгінгі таңда аудандарда ауыл шаруашылығы техникасын алдағы маңызды науханға дайындау жұмыстары басталып кеткен. Өткен жылы облыста ауыл шаруашылығы техникасының жаңару көрсеткіші 11 пайызға жеткен. Мәселен, былтыр 334 трактор, 548 ауыл шаруашылығы тіркемелері алыныпты. Биыл техника паркін 12 пайызға жаңарту көзделіп отыр.

Биыл көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін және дизель отынын шаруашылықтарға ертерек жеткізіп беру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Мәселен, көктемгі дала жұмыстары кезінде аймақ шаруа қожалықтарын барлығы 15,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отынымен қамту жоспарланып отыр.

– Өткен жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» бағдарламасы аясында 1 миллиард 58,9 миллион теңге несие 109 шаруа қожалығына берілген еді. Биыл оған 1 миллиард теңге бөлініп отыр, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан несие беру жұмыстары басталып кетті. Ал шаруалардың тыңайтқыш алуына, егістік алқаптарын тыңайтуға, ол жерлерден мол өнім алуы жолында тиісті үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Биыл 54 мың тонна тыңайтқышты 280 мың гектар алқапқа сіңіру жоспарлануда. Оның ішінде 26,7 мың тонна аммиакты селитра, 7,1 мың тонна аммофос және 20,2 мың тонна басқа да тыңайтқыштар бар. Шаруашылықтар 50 пайыз қаражатты өз есебінен, қалған 50 пайыз қаржыны субсидия есебінен жабу бойынша «ҚазАзот» ЖШС және «Қазфосфат» ЖШС зауыттарымен меморандум жасалған. Меморандум негізінде облыс шаруашылықтарының егін науқанындағы отандық тыңайтқыштарға деген қажеттілігі мен сұранысы қамтамасыз етілетін болады, – дейді Нұрби Жігітеков.

 

Диас МАРАТҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support