Еңбек дауы еріккеннен тумайды
Еңбек дауы еріккеннен тумайды
Кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті. Басқосуда облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов баяндама жасап, қалыптасып отырған ахуалға тоқталды. Дәл қазір еліміздегі өндіріс саласында жарақат алу мәселесі өте күрделі. Экономика салалары бойынша жарақаттанушылықтың жоғары деңгейі бұрынғыша тау-кен-металлургиялық, энергетика және химия өнеркәсібі салалары кәсіпорындарында сақталып отыр. Аймақ бойынша былтыр «Қазфосфат» ЖШС – 10 адам, «Жамбыл электр жүйелері» ЖШС – 3 адам, «АгроКалибрСервис» ЖШС – 2 адам өндірісте қаза тапты. Жаңа Еңбек кодексінің қолданысқа енгізілгеніне 7 жылдан аса уақыт өтсе де, 500-ге жуық ұйымда ғана еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер құрылған. Сондықтан бұл мәселеге барлық жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің аса жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. «Еңбек инспекторларымен басқармаға келіп түскен 763 жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарының 590-ы өндіріске алынып, 308-і қанағаттандырылса, 151-і бойынша түсіндірмелер берілді. 173-і тиістілігіне қарай басқа мемлекеттік органдарға жолданды. Ал 130 арыз жұмыс беруші мен жұмыскерді татуластыру арқылы шешімдерін тапты», – деген басқарма басшысы еңбек шарттарын заңдастыру жұмысы қолға алынғанын айтты. Комиссия отырысын қорытындылаған Нұржан Календеров көрсеткіші төмен аудан әкімінің орынбасарлары мен кәсіпорын басшыларынан жеке-жеке жауаптар алып, нақты міндеттер жүктеді.
Гүлжан РАХМАН