Экономика

Тараздың даму жоспары талқыланды

Тараздың даму жоспары талқыланды

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында Тараз қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспары талқыланды. Жиында баяндама жасаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков облыс орталығын соңғы үш жылда дамыту жоспарын әр жылға бөліп айтып берді.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отыр. Атап айтар болсақ, өнеркәсіп саласында 520,2 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы саласында 14 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлеміне келер болсақ, ол 147,4 миллиард теңгеге жетті. Сонымен қатар пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің жалпы аумағы 354,5 мың шаршы метрді қамтыды. Ал құрылыс жұмыстары 62,6 миллиард теңгеге орындалды. Тағы бір айта кетерлігі, облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында барлығы 125 индикаторға қол жеткізу көзделсе, Тараз қаласы үшін оның ішінде 70 индикатор белгіленгенін атап, облысты дамытудың кешенді жоспарына сәйкес көне шаһарда қолға алынған ілкімді істерге де тоқталды. Сондай-ақ былтыр 20,9 миллиард теңгеге 71 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Оның ішінде, былтыр 25 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, қалған 46 үй 2023 жылға өтпелі. Ағымдағы жылы қалған тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға қосымша 9,8 миллиард теңге несие күтілуде. Инфрақұрылымның да игілігін әулиеаталықтар сезінуде. Атап айтсақ, 1,3 миллиард теңгеге 38 көпқабатты тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық желілері, 100 миллион теңгеге «Қарасу» (Құмшағал) алқабының ішкі алаңдық көшелеріне қиыршық тас жол құрылысы, 1,2 миллиард теңгеге автобекет жанындағы №14 «Әулиеата» шағынауданды сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілді, – деді шаһар басшысы. Сондай-ақ қала әкімінің айтуынша, даму жоспарын іске асыру нәтижесінде өткен жылы нақты 16 726 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен 8516, уақытша жұмысқа 8210 адам орналасқан. Аталған кешенді жоспарды басшылыққа ала отырып, Тараз қаласының 2023-2025 жылдарға арналған даму картасы әзірленіпті. Бұл жөнінде де Бақытжан Әмірбекұлы кеңінен айтып өтті. – Өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2025 жылға қарай 567,8 миллиард теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Көрсеткіш 2025 жылға дейін жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны іске қосу есебінен орындалады. Сондай-ақ тамақ және жеңіл өнеркәсіптегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында қала маңында 50 гектар жер телімі қарастырылуда. Жер телімі анықталғаннан кейін инвесторлардың ұсыныстары бойынша инфрақұрылым жүргізу жоспарланады. Оның ішінде 40 гектар тамақ өнеркәсібіне және 10 гектар стартап шағын инвестициялық жобаларына беруді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда 100-ге жуық жобаның тізімі жасақталды, – деді қала әкімі Бақытжан Орынбеков. Бүгінгі күні «Жамбыл облысы тұрғындарының табысын жақсарту» пилоттық жобасы Тараз қаласы тұрғындарының да қызығушылығын тудырып отырғаны сөзсіз. Егер қаражат бөлетін мүмкіндік болса жоба аясында «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптарындағы осал топтағы азаматтардың жағдайын жақсарту бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, 3 жылда 11 балабақша, 13 медициналық нысан, аулалардағы 13 спорт алаңшасы, Асанәлі Әшімовтің шығармашылық орталығы, «Атлах» шайқасы барельефі, «Құмшағал» тұрғын алқабында 180 орындық мәдениет үйі және №14 шағынауданда Орталық концерт залы бой көтеретін болады. Халық арасында «За линией» аталып кеткен қаланың оңтүстік беткейімен байланыстыратын аспалы көпір салуда осы үш жылдық жоспарға енгізілген. Өйткені онда қазір халықтың саны 50 мыңға артып, 30 мың көлік тіркеліпті. Ал 1990 жылы пайдалануға берілген теміржолдың астынан өтетін көпір тәулігіне көлік өткізу мүмкіндігін толық өтей алмай отыр екен. Жиын соңында Нұржан Молдиярұлы алда атқарылуы тиіс межелі міндеттер бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Облыс әкімінің сауалдарына жауап берген Бақытжан Әмірбекұлы №14 «Әулиеата» жаңа шағынауданда 70 көпқабатты үй бой көтеретінін айтты. Яғни ол үйлердің 50-і инвесторлардың қаржысына, 20-сы бюджет есебінен тұрғызылмақ. Осы ауданда жер телімін алған «Tоyota» компаниясына тиесілі болып келген жер қайтарылған. Ол жерге екі қабатты таунхаустар соғылады. Ал Асқаров көшесінің соңындағы 320 гектарға кезекте тұрған азаматтарға үй салуға 90 жер телімі беріледі. Мұнда қазір инфрақұрылым тартылып жатыр. Бұдан соң Нұржан Молдиярұлы әлеуметтік салаларға тоқталды. – Пәтер мен жер кезегінде тұрған азаматтарға қанша жер, пәтер берілді? Осының ашықтығы керек. Кері байланыс болсын. Осы мәселелер тұрғындардың көкейінде жүр, – деді облыс әкімі. Бұл сауалдарға жауап берген қала әкімі: «Ағымдағы жылы пәтер беру кезегі тізім бойынша анықталады. Ал жер телімін беру, тізімді анықтауға бюджеттен 180 миллион теңге бөлініп, ол жұмыс жыл аяғына дейін анықталады. Сондай-ақ биыл облыс орталығында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауыты ашылады. Бұл жұмысты германиялық компания жүргізеді. Зауыт іске қосылғанда күндігіне 30 мың тонна қалдық оларға тегін жеткізіліп тұрады. Ал бес жылдан соң олар тұрмыстық қалдықты тасымалдаушы компанияларға өтем төлейді», – деді. Сондай-ақ облыс әкімі көшелерді асфальттау, жарықтандыру, су, жылу, ирригация бойынша өтінімдер берілсе, облыстық бюджеттен қаражат қаралады, – деді.  

Ерман ӘБДИЕВ