- Advertisement -

Бейіт салу бәсекеге айналып барады…

293

- Advertisement -

Дана халқымыз бес күндік жалғанды бір-ақ ауыз сөзбен «қамшының сабындай» деп қысқа қайырған. Расында, кеудесінде жаны бар адамның ажалдан қаша алмайтыны да, көз жұмған соң, дүние есігін қайта аша алмайтыны да ащы шындық. Алайда қазір күмбезі күнмен таласқан кесенелер салу үрдісіне тосқауыл болмай тұр. Бейіт салу да бизнесмендердің бәйгесіне айналғалы қашан. Кісісі қаза болып, қазаны төңкерілген әрбір үй үшін жерлеу рәсімінің өзі «жығылғанға жұдырық» болып отыр. Себебі тірісінде ғұмырының басым бөлігін жер кезегін күтумен өткізгендер, дүниеден қайтқаннан кейін де жер мәселесінен құтылмайтындай…

Жасыратыны жоқ, қазіргі нарық заманы тұз-дәмі таусылған жандардың жақындары үшін де оңайға соқпай тұр. Себебі қаза болған кісіні мәңгілік сапарға шығарып салу бүгінде қып-қызыл бизнеске айналғанын жоғарыда айттық. Кейбір өңірлерде тіпті дүниеден қайтқан кісіні ақыға жуындырып, нақышына келтіріп жоқтау айтып беретін болған. Сауап үшін емес, сауда үшін жасалып жатқан мұндай әрекеттер еш ақылға сыяр емес. Мұндағы айтып өтпеске болмайтын тағы бір мәселе, құлпытас, күмбез қою, кесене тұрғызу мәселесі. Қазір әлеуметтік желілерде де құлпытастардың түр-түрін жасаушылардың жарнамасы жер жарады. Ақшаң болса марқұмның мүсінін соғып, кешен түгілі, колизей салып беретіндер бар. Солардың бірі – Динара Үсенбаева.

– Бізге тапсырыс күнде түседі. Облыс аумағынан бастап, өзге өңірлерден де келетін тапсырыстар аз емес. Ең арзан құлпытастар 90 мың теңгеден басталады. Биіктігі 1 метрден бастау алады. Одан әрі бағасы тапсырыс берушілердің талабы бойынша қымбаттап кете береді. Қазір көбіне 200-300 мың теңгелік құлпытастар сұраныста. Ал қоршаулардың ең арзаны 50 мың теңгеден басталады. Егер кесене тұрғызу керек болса, оның кірпіші тапсырыс берушілердің тарапынан болса, құрылысын жүргізетін адамдарымыз да бар. Кірпіш болмаса, оны да тауып береміз, бірақ ол да бөлек бағада жасалады. Құлпытастарды бір апта көлемінде дайындап береміз,– дейді жеке кәсіпкер.

Бұған тағы қосымша қаржы төлесе құлпытас пен қоршауын жерлеу орнына жеткізіп беретін қызмет те бар екен. Оған жерлеу орны мен оны қазатындардың ақысын қосыңыз да, есептей беріңіз…

Қазіргі таңда Тараз қаласы аумағында екі үлкен зират қорымы бар екен. «Тектұрмас» пен «Зелёный ковёр» алқабындағы бұл қорымдар аумағында бүгінде адам жерлейтін орындар да азайып бара жатқан көрінеді.

– Тектұрмас аумағында жерлеу үшін ертерек тапсырыс берілуі тиіс. Себебі көр алдын ала қазылуы керек. Көп кісілер бізге алдын ала қазуға болмайды деп ескертіп жатады. Бірақ осы салада талай жылдан бері жүргендіктен айтарым, қазіргідей қыс мезгілдерінде жерді дер кезінде даярлау оңай емес. Бұл жұмыспен аталған екі қорымда жиырмаға жуық адам айналысса да, кейде көп рәсімдерге үлгере алмай жатамыз. Одан соң Тектұрмастың маңы таулы, қыратты болғандықтан, көп жерлерді қазғанда астынан майда немесе үлкен тастар шығып жатады. Сол үшін алдын ала қазылып, рәсімге дайын болғаны дұрыс. Және бұрындары қаза болған кісіні алыстағы ағайындары келгенше үйде 2-3 күн ұстайтын. Қазір ондай емес, бірден жерлейді. Сол үшін біз қабірлерді ертерек қазамыз. Жалпы, кісі жерлейтін жерлер мемлекеттен тегін беріледі. Біз қазып беру қызметіне 12 мың 500 теңге аламыз. Және қазылған жерге қосымша белгі орнату үшін мың жарым теңгедей ақша керек. Ол белгі қазылған жерді тапсырыс беруші кісілер адаспай табуы үшін қойылады. Бәрін қосқанда әр тапсырыс бағасы 14 мың теңгені құрайды.

Осы ретте айта кету керек, қазір аталған екі қорым аумағында да адам жерлейтін орындар азайып бара жатыр. Талап бойынша адам жерлейтін орындар халыққа жарамсыз болуы керек. Яғни, ол егін егуге, мал жайылымына жарамсыз болуы тиіс. Содан кейін зираттардың жалпы қоршауына қатысты да маңайындағы тұрғындар тарапынан сын айтылып жатады. Әрине, ит-құс, мал кіріп кетпеу үшін қорымның қоршалғаны дұрыс. Екі үлкен қорымның да қоршауы жоқ деп айта алмаймын. Бірақ кешенді қоршау жұмыстарын жүргізетін болсақ, біз де қызмет көрсету құнын көтереміз. Себебі ол да адамдардың еңбегін талап етеді. Ал мемлекет тарапынан қоршауға әзірге ешқандай қаражат бөлініп отырған жоқ. Өз кезегінде біз соғыс ардагерлері немесе 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер өмірден қайтқанда олардың қабірін тегін қазып береміз. Яғни, ондай жағдайда ешқандай ақша алмаймыз. Әйтпегенде зираттардың қоқысын шығару немесе ондағы ұрыларды ұстау бойынша арнайы қаражат қарастырылмаған. Зират басына суды да өзіміз жеткізіп береміз. Осы салада жүргелі Тараздағы қорымдардан 370 ұрыны өзім ұстап бердім. Аталған мәселені жергілікті билікке де айтқанбыз. Бірақ әлі нәтиже шықпады,– дейді «Арнайы рәсімдік көрсету» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қадырхан Абдуллаев.

Қарапайым халық үшін белгіленген баға осы. Бай-бағландар үшін бәсекеге, бәсекеден бұрын бақталастыққа айналып кеткен бұл қорымдарға көз қиығын салсаңыз, бір өзі 5-6 адам жерленетін орындарды қоршап, алып кешен болып бой көтерген зираттарды да байқайсыз. Мұндай үрдістің дұрыс еместігі сан мәрте айтылса да, бейіттің биіктігін Вавилон мұнарасымен теңестіруге бейімдер қатары әлі де азаяр емес.

– Адам дүниеден өткен соң тәні топыраққа жерленеді. Жерлеген уақытта қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Қабір тек қана өз топырағымен ғана көміледі. Сырттан басқа топырақ қосу, үстін тегістеп, цементпен құю немесе түрлi майлы нәрселер жағу – мәкрүһ. Сахаба Жәбирден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қабірді көтеруден, үстіне отырудан, үстіне құрылыс салудан тыйды», деген.

Шариғат бойынша қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі. Өйткені Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өзінің сүт бауыры Осман ибн Мазғунды жерлеп болған соң, қабірін оңай тауып алу мақсатында бір тасты көтеріп әкеліп, белгі үшін бас жағына қойған. «Осман ибн Мазғун қайтыс болғанда жаназасы шығарылып, жерленді. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір кісіге тас әкелуін бұйырды.

Ол оны жалғыз көтере алмаған соң Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жеңдерін түріп, оған көтерісуге орнынан тұрды… Сосын ол тасты көтеріп апарып Османның қабірінің басына қойды да: «Бұл бауырымның қабірін білуім және отбасымнан көз жұмғандарды оның қасына жерлеуім үшін» деді, деген (Әбу Дәуд, 3/203).

Қазақта «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген сөз бар. Жалпы қайтыс болған адамның басына тек тал егу сүннеттен. Пайғамбарымыз өлген кісілердің қабірдегі азаптары тал егілсе жеңіл болатынын жеткізген. Қазір қайтқан кісінің басына 10, 50, тіпті 60 миллион теңгеге кешен салатындарды да көріп жүрміз. Бұл үлкен ысырапшылық. Оның орнына мұқтаждарға қарайласып, халыққа шын қажет көпір, мешіт, мектеп салса сауабы мол болады. Сондықтан зәулім зират салудың еш қажеті жоқ, қайтыс болған кісіге тірілер тарапынан тек бағышталған Құран ғана олжа, – дейді Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев.

«Мұндай мұнаралы кесене салу үрдісі бізге қайдан келді?» деген орынды сауал әрбіріміздің көкейімізде туындауы мүмкін. Тағдырлы тарихымызда халқына пана болған ұлы тұлғаларға ғана үлкен зираттар соғылған екен. Ал қазір кімнің көк қағазы көп, соның кесенесі – кең, күмбезі – биік.

– Ислам дінінің келгеніне дейінгі Сақ, Түркі дәуірлерінде жерлеу рәсімі басқаша болды. Онда дүниеден қайтқан кісінің өмірдегі дәрежесіне қарай рәсімдейтін болған. Түркілік дәуірде хан, патшалар, сұлтандар, ақсүйектер өмірден өткенде олардың мінген сәйгүліктерін, заттарын, жарақтарын бірге қоятын еді. Ол кездегі сенім бойынша қаза болған кісілердің басын – шығысқа, аяғын – батысқа қаратып жерлейтін болған. Себебі біздің бабалар күн Тәңіріне сыйынды. Бұл салттың жұрнақтары бізде күні бүгінге дейін бар. Шырақ, жарық соның бәрі күнге табынудан шыққан. Бұл көбіне Сақ дәуіріне қатысты. Ал Түркілер тұсында хан, патшалар зиратының ақсүйектердің моласынан айырмашылығы, олардың айналасына басына келген әрбір келуші бір-бір тастан қойып кететін болған. Яғни, қорымның айналасындағы тастардың саны қанша адамның келгенін, оның абырой-беделін көрсетіп тұратын болған. Облыс аумағындағы Берікқара қорымында осындай зират бар. Оның айналасында көп үшкір тастар қаланған. Көпшілігі мұны түсінбей жатады. Оның бәрі келушілердің «тас түскен жеріне ауыр» деп көңіл айту ретінде қалап кеткен тастары. Мұндай зираттар оның хан немесе соның ұрпағы екенін білдірген.

Содан кейін бізде балбал тастар да бар. Күлтегін бабаларымыздың басындағы тұғыртастар оның тектілігін білдіретін болды. Қазақ хандығы тұсында жерлеу рәсімдері өзгерді. Себебі бұл кезде біздің халқымыз Ислам дінін қабылдаған болатын. Осы тұста қайтқан кісінің басына адаммен бірге ат көму, зат қою деген алынып тасталды. Қазіргі жерлеу рәсімі де осы тұста қалыптасты. Қазіргі заманда басына зәулім кесенелер салу үрдіс болып кетті. Бұл халқымыз ұстанған Ислам дінінің көзқарасы бойынша дұрыс емес. Жаны жоқ, тәні топыраққа айналып бара жатқан адамның басына зәулім кесене салу бос ысырапшылыққа айналып кетеді. Бірақ мәселенің екі жағы бар. Осындай кесене салу да Ислам дінімен бірге келді. Мәселен, Х ғасырларда, Қарахан дәуірінде сол дінді қабылдаған бабаларымыз жақындарына кесенелер тұрғызды. Қарахан мен Айша бибі кесенелері соның дәлелі. Сол кісілер Ислам дінінің нағыз өкілдері болды емес пе? Бізде қазір имамдар осыған қарсы шығады. Ислам дінін таратып келген Бұқара, Самарқандағы кісілердің басына неге онда сондай зәулім сарайлар салынған? Осының аражігін неліктен қазіргі дінтанушылар зерделеп, дұрысын халыққа жеткізбейді? Яғни, үлкен кесенелер әрбір адамға емес, елдің, діннің жолында өлшеусіз зор үлес қосқан кісілерге салынғаны әлі де болса өз деңгейінде түсіндіріліп айтылмай жүр. Әу бастан қазақ халқы аруақ қолдайды деген ұғымға сенді. Далада қалса молаға қонатын болған. Сондай кесенелердің ішін паналаған. Сосын Қазақ хандығы тұсында елге белгілі тұлғалар тек өзінің туған жеріне жерленетін болған. Ол сонау мыңдаған шақырым жерде қаза тапса да, оны өзінің топырағына тапсыратын еді. Қазір пантеонға я болмаса облыс орталықтарындағы ірі қорымдарға жерлеу әдетке айналды, – дейді тарихшы Асылжан Дулати.

Статистика бойынша орта есеппен елімізде әрбір 1-2 минутта бір нәресте жарық дүниеге келсе, әрбір 3-4 минутта бір адам өмірден өтеді екен. Жалған дүниенің жазылмаған заңдылығы бойынша бұл әдеттегі құбылыс. Біреудің қазасы біреуге салмақ, енді біреуге жұмыс пен пайда. Ал кейбіреулер үшін байлығын көрсететін мүмкіндік. Қалай дегенмен, сауап та, сауда да Алланың алдында сұралатынын ұмытпағанымыз абзал.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support