- Advertisement -

«Aq jol» газетіне қызығушылық жоғары

230

- Advertisement -

Қай кезде де басылымның тірегі – оқырман қауым. Редакция үшін еңбектеген баладан еңкейген қарттарға дейін қадірлі. Газет тынысын көремін, танысамын, тікелей байланыста боламын дегендерге «Aq jol» газетінің есігі қай кезде де ашық.

Редакциямызға облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының» қызметкерлері мен тәрбиеленушілері келіп, газет жұмысымен танысты. Балалардың бәрі де 8-сыныпта оқиды екен. Оқушы балалардың бұл саяхаты «Газет – сауаттылық пен эстетиканың жаршысы» деп аталыпты. Газет тынысын білуге қызыққан балаларды аталған орталықтың әлеуметтік педагогы Әсел Момыналиева бастап келді.

Сондай-ақ Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі Мереке Мелдеева, аталған кітапхананың мерзімді басылымдар бөлімінің сектор меңгерушісі Мира Расулова балалармен бірге жүрді.

Балалар ұстаздарымен бірге редакцияны тегіс аралап, бөлімдердің, корректор, фототілші, сайттың контент-редакторының және дизайнер-беттеушілердің жұмысымен жіті танысты. Кездесуде «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман газеттің жұмыс тәртібі жайлы әңгімеледі. Талапты балалардың ішінен Аркадий Овчинников таза қазақ тілінде: «Мен спортпен де айналысамын. Таэквондодан екі дүркін жасөспірімдер арасында республикалық жарыста бірінші орын алдым. Ән де айтамын. Маған газет жұмысы да ұнайды. Бүгін редакция жұмысымен танысып, жақсы көңіл-күйге бөлендім», деді.

Ал Нұрсұлу Әбдуалы: «Біз сияқты жақсы қадамға талпынып жүрген оқушыларға редакция өмірі қызықты. Жақсы әсер алдық. Осында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан Амангелді Әбіл, Оразкүл Әбдікерімова, Жүрсінгүл Жақып ағай-апайлардың жұмысы ерекше қызықтырды. Болашақта журналист болсақ па деген де ойға қалдық» деп әсерімен бөлісті. Оқушы Наталья Шмидт те өзінің ойын ортаға салды. Қонақтардың атынан Мира Расулова сөйлеп, «Біздің бүкіл қадамымыз мерзімді басылымдармен тікелей байланысты. Оның ішінде облыстық «Aq jol»газетінің шоқтығы биік. Бүгінгі саяхат оқушы балаларға ерекше ұнады. Сол үшін сіздерге алғыс айтамыз. Алдағы уақытта да біз «Aq jol»-дықтармен біргеміз», – деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support