- Advertisement -

Ғылымға арналған ғұмыр

138

- Advertisement -

Айқара ашылған есіктің ар жағынан күлімсіреп күтіп алған ақсақалды сексеннің сеңгірінен асқан деп ойламайсың. Қимылы ширақ. Тың. Маңдайына түскен әр сызық кісілік қасиетінен хабар беретіндей. Алғыс хат, құрмет қағаздары, өзі жазған әдебиеттер мен төсбелгі, медальдардан көрінбейтін үстелдің екі шетін ала отыра кеттік. Бұл шаңырақтың бар байлығы осы еңбекпен келген марапаттар екенін ұқтық.

Ой жұмысының соңына түсіп, бар ғұмырын ғылымға арнаған техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Әбдірамановтың кеудесі де медальға толып тұр. Оның әрбірінде ұйқысыз түндер мен маңдай тер бар. «Соғысқа қатысқансыз ба?» деп сұрайды менен көбі. Бұл өзім бар ғұмырымды арнаған еңбегімнің жемісі ғой. Бір еңбекті ашып, ұсыну үшін қаншама жылдарды сарп етесің. Бір жұмыспен айналысып жатқанда, екінші жұмыстың шеті жылт ете қалады. Ғалымның жұмысы ешқашан бітпейді, жалғаса береді. Ұшы-қиыры жоқ шексіз еңбекті қажет етеді. Жалықпай ізденудің арқасында түбі бір жетістікке жетесің. Зерттеу жұмыстарыммен еркін айналысу үшін басшылық қызметтерден де бас тартқанмын», деді ақсақал риясыз күліп.

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында дүниеге келген ақсақалдың балалық шағы соғыс уақытымен тұспа-тұс келген. Әкесі майданға аттанғанда анасының құрсағында қалыпты. Ес білгелі анасы таңалакеуімде жұмысқа кетіп, кешқұрым оралатын. Ол уақыттың балалары ерте есейді. Ашқұрсақ болып күн кешті. Қалтасына нан салып ойнайтын. Қара нан таң мен кештің арасын жалғап тұрды. Сол бір үзім нанға да қолы жетпегендер бар еді. Балалық шағының мұң тұнған сәттері бұл күнде артта қалды. Ойшыл қарт өткенін ұмытпайды. Түу алысқа бұрылып, өткен шақты ойлай қалса, көз алдында өлім құшқан жандар елес береді. Олар өз ажалымен емес, аштықтан, улы шөп жеп мерт болғандары есінде…

Алай-дүлей шақтағы қиын-қыстау кезеңді басынан кешіріп жүріп те бала Әбдіманап ғылым-білімге құштар болды. Ауылдағы 7 жылдық мектепте жездесі физика пәнінен сабақ берді. Сол ұстаз-жезде білімге құштар баланы физика әлеміне қызықтырып, баулыды. Қиын да қызық формула, терминдерді үйретті.

Ауылда өскен қаршадай баланың орыс тілінде оқып, тіпті сол тілде кітап жазуына осы ғылымға деген ұлы махаббат себеп болды. Әбдіманап ақсақал Шымкент қаласындағы техникумның гидромелиорация мамандығын және пединституттың физика-математика факультетін тәмамдаған. Ғылымда ашқан жаңалықтары бойынша 30 жасында гидроциклондардың теориясын қалап, алғашқы еңбегін танытады. Одан кейін жіпсіз байланып, жалғасып жатқан жаңалықтарды бірінен кейін бірін ашты.

Мәселен, жетілген гидравликалық шапшыманың негізгі теңдеуі, айналып қозғалатын дене күшінің сан мәні және бағыты, өзендегі құмның қозғалуы, физикалық үш құбылыс сынды әлем таныған жаңалықтардың шешімін тауып, бағытын анықтаған. Бүгінде ғылым тілінде Әбдіраманов тегімен теңестірілген бірнеше терминдер бар. 130-ға тарта жаңалық ашты. Оның 100-і бұл күнде кітап болып жарық көрген.

Ғалым өз өмірінде жақсы адамдардың көп кездескенін елжіреп еске алады. Сол жақсы адамдарға деген алғысын жеткізу мақсатында «Өмірдің өзі өнеге», «Жарыс поэмалары», «Уақыт көмескілей алмады», «Арман жетегінде» атты еңбектерін жазып шықты.

«Ашқан жаңалықтарыңыздың ішіндегі өзіңізге ерекше әсер еткен немесе жаныңызға жақыны бар ма?» деп сұраған едік. Ақсақал көп ойланбастан: «Бір профессорға осы сұрақ қойылған екен. Дүниежүзіне аты танылған ғалым «Ашқан жаңалығымның ішінде ең құндысы Фарадей деген физикті ашқаным» депті. Сол айтқандай мен де техника саласына 4 ғалым, 5 доктор шығардым. Міне, менің жаңалығым. Ал бүкіл ғұмырымның ең әсерлі шақтарын айтар болсам, ол әлемге әйгілі ғалымдармен тең дәрежеде сөйлесе, пікірлесе алған сәттерім. Бәлкім мені өз елімде таныр-танымас, ал Ресейден үш күн сайын хат алып тұрамын. Шақыртып, марапаттаған кездері де бар. Менің бар ғұмырым – ғылымның тамырына байланған», деді ол.

Өнегелі өмірі ғылыммен үйлесім тапқан бақытты отағасының зайыбы да физика пәнінің мұғалімі. Ал балалары су саласының мамандары, техника ғылымдарының кандидаттары. Ғылымнан бақыт тапқан Әбдірамановтардың өлшеусіз еңбегі ел ішінде елене бергей.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Тараз қаласы

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support