- Advertisement -

Томанов тағылымы

124

- Advertisement -

Серік Томанов сыршыл ақын, қарымды қаламгер ретінде көпке белгілі. Ақын ересектерге ғана емес, балаларға да арнап тамаша жырлар жазды. Ақынның бақыты – шындықты көркем тілмен оқырманына жеткізе білу ғой! Серік Томанов бұл ретте өз оқырманын тапқан ақын. Өзі де бала кезінде кітап оқығанды жақсы көрген, кітап арқылы білім алуға, оқып-үйренуге құштар болған. Белгілі жазушы әрі ауылдасы Көсемәлі Сәттібайұлы Серік Томанов туралы мына бір жайтты айтады. «Әлі есімде, ойын іздеп Серіктің үйіне бардым. Ол төрде етпеттеп кітапқа шұқшиып жатыр.

Серік бірде: «Мынау «Қызықты физика деген кітап. Өте тамаша» – деді. «Физика туралы кітап та қызық бола ма екен?» – деп, қасқыр көрген ешкідей ежірейіп мен тұрмын. Сонымды түсінгендей, ол кітапты парақтап, ішіндегі қызықты дүниелерін көрсете бастады», – деп еске алады. Тағы бірде: «Бірде ауылға кино келді. Аты «Менің атым – Қожа» екен. Қызығып көрдік. Ішек-сілесі қата күлгендер де болды. Клубтан қайтып келе жатып, киноның қызықты тұстарын бір-бірімізге қайталап айтқанымыз да есте. Үш жас үлкендігі бар ғой, бізің даурықпамызды үндемей тыңдап келе жатқан Серік бір кезде «Кітабы бұдан да қызық», – деді.

– Кітабы да бар ма?!

– Бар болғанда қандай?!

Серік біреуді таңқалдырған кездегі әдетімен жымиып қойды.

– Берші онда, мен де оқимын. Кітап шынында керемет екен. Кібіртіктемей бір деммен оқып шықтым. Дүниеде Бердібек Соқпақбаев дейтін тамаша жазушының бар екенін білдім. Мен де осылай жүріп ауылдағы кітапқұмарлардың бірі болып алдым» дегені бар.

Адам үшін өмірдегі ең қымбаты – бала. Оны біз ақынның қазақ балалары үшін арнап жазған өлең жолдарынан көре аламыз. Мысалы, баланың санауды үйрене бастаған кезіне лайықтап санамақты шығарған.

Мынау міне, бесбармақ,

Санамақ содан басталмақ,

Балалы үйрек паналар,

Ортан терек және бар,

Шылдыр шүмек түбекте,

Кішкене бөбек жөргекте.

Серік Томанов өз шығармалары арқылы ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосуды армандаған ақын. Енді ғана әріптерді танып, жаңадан оқуды үйренген кішкентай бүлдіршіндердің кітап оқуға құлшынысын ояту мақсатында бірнеше қысқа-қысқа ертегілер жазған. Солардың бірі – «Бор туралы ертегі». Ертегі жеті буынды, төрт тармақты он жеті шумақтан тұрады.

Ерте, ерте, ертеде,

Ешкі жүні бөртеде.

Бор болыпты әдемі

Тақта деген өлкеде, – деп басталатын оқиға бордың сыртқы келбеті қандай ақ болса, ішкі жан дүние сі де сондай таза болғанын сипаттаумен жалғасын табады. Ертегіні оқып отырған балаға алға мақсат коя білуді үйрете отырып, сол мақсатқа қалай да болса жетуді көрсетті.

Ақын сонымен қатар «Бестікпен екіліктің айтысы», «Мен қаламмын», «Парта», «Тақтаның жыры» атты өлеңдерінде жансыз заттарды сөйлетіп, бала көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беру арқылы олардың есте сақтау қабілеттерін арттыруды мақсат етеді. Ал «Сыр» деген өлеңінде өтірік айтып, жалған сөйлеудің келтіретін зияны жайында айтып, балаларды алдағы уақытта ондай тірліктен аулақ болуға шақырады.

«Шығарманың түпкі мақсаты–адам жанын тәрбиелеу», – дейді Ғабиден Мұстафин. Ақын осы қағидаға сүйенген болар, себебі туыстық атауларды жаттау да өзіндік тәрбиенің жолы деп түсіндіреді. Осыған орай, «Ханталапай», «Жеті ата жыры» аталатын өлеңдерді туыстық атауларды жаттағанға жеңіл болатындай етіп жазылған.

Ананың ағасын,

Анамдай сүйем мен.

Ол менің нағашым,

Мен оған жиенмін…

Жоғарыда аталған және тағы басқа үлгі-өнеге болатын, тәлім-тәрбие беретін, алғырлыққа жетелейтін, жылдамдықты үйрететін балаларға арналған өлеңдерін жинақтап, кітап шығару Серік Томановтың пешене сіне жазылмаған екен.

Алайда кейінгі ұрпақ, ақынның поэзиясын сүйіп оқитын жанкүйер оқырмандары қолдау көрсететін азаматтармен бірігіп, өмірден ерте кеткен таланттың кітабын шығаруға үлес қосатынына сеніміміз мол.

 

Ардақ ТАНАЕВА,

дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support