- Advertisement -

Жас шаңырақ бұзылса, несі жақсы?

106

- Advertisement -

Қазақ халқы жас отаудың өсіп-өнуіне, жарасып, жақсы отбасы болып кетуіне терең мән берген. Жас түскен келінді ауыл болып сынап, кейбір қателіктері болса ауыл болып түзеген. «Келін қайын ененің топырағынан жаралған» деп, жас келінді қайын жұртына жақындата сөйлеуінде де терең мән бар. «Бір шаңырақ келінсіз көтерілмей, бір кереге келінсіз керілмеді» деген белгілі өлең жолдарынан да көп нәрсені аңғаруға болады.

Жалпы қазақ – қыз баланы болашақ келін, бір шаңырақтың анасы деп қараған. «Қызға қырық үйден тыйым», деген. Мұның барлығы қыздарымыз дұрыс тәрбие алсын, өз жұртына абыройымен барсын деген ізгі ниеттері. Осындай тәлім-тәрбиемен өскен қыздар да шектен шықпаған. Барған жеріне де сыйлы келін, үлгілі ана болған.

Қазақ қыз тәрбиесіне осылай қараған. Ал қазір не болып жатыр? Барлық шаңырақта күміс қасықтай қыздарымыз өсіп келе жатыр. Алайда олардың тәрбиесімен қаншалықты айналысып жүрміз? Осы сауалға нақты жауап бере аламыз ба? Керісінше, қазір «Қызым қонақ қой, қыдырып қалсын, көріп қалсын, еркін жүріп қалсын» деген түсінік басым секілді. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ сол қыздарымыз қыдырып жүріп қырсық шалып, ойнап жүріп от баспаса екен дейміз. Бұл аса өзекті мәселе. Осы өзекті мәселеге жеңіл-желпі қарау белең алып барады. Осы жағын барлығымыз да мойындауға тиіспіз. Сондықтан жас шаңырақтар арасында ажырасу фактісі өте көп.

Бұрын қалай еді? Біздің бала күнімізде әпкелеріміз және ауылдың қыздары тұрмысқа шығып жатты. Солардың ішінен «ажырасып кетіпті» деген сөзді мүлдем естімеуші едік. Егер ауыл бойынша бір қыз күйеуімен жараспай келсе, ол үйдің барлық адамы ұяттан өртенетін. Сондықтан ол үйдің үлкендері жағдайды зерделеп, қатты ушыққан мәселе болмаса, қызын қайтадан жұртына аттандырып жіберетін. Мұның өзі артынан өсіп келе жатқан сіңлілеріне де сабақ болатын.

Қазір ажырасу фактісі неге көп? Біріншіден, қыздардың тәрбиесіне мән бермейтін болдық. Оны жасыратын түгі жоқ. Бойжеткен қыздардың анасы жауапкершілікті сезінбейтін болды. Қыздарын еркін жібереді, бойжеткен кезде қадағаламайды. Содан тәрбиесі нашар қыздан көргенсіз келін шығады. Кейбір кісілер «Қызым ажырасса, ажырассын. Ішіме сыйған қыз сыртыма да сыяды» дейтін болды.

Бір жағынан ажырасудың жиілеуіне заңның әйелдерге көбірек құқық бергені де себеп секілді. Өйткені қазір екі-үш баласымен ажырасқан әйелдің ештеңесі кетпейді. Бала жас болғандықтан әйел жақта қалса, күйеуі алимент төлейді. Жігіттің атында үйі болса, ол да бөлінеді. Қысқасы, жас аналардың құқығы өте жақсы қорғалған. Күйеуі алиментін төлемей қойса, оған да заң қатал. Қыз балалардың ажырасудан қорықпауына осы жағдайлар да себеп шығар деп ойлаймыз.

Ажырасу жағдайы біздің облыста да көңіл жұбанарлық емес. Облыстық әділет департаменті бастығының орынбасары Шыңғыс Айнақұлов: «2022 жылы 6914 неке қиылып, 878 неке бұзу тіркелді. Ескертетін жайт, бұл неке бұзушылар өзара араздығы жоқ, ажырасушылар. Ал сот шешімі арқылы ажырасып жатқандар бізге тіркелмейді. Бірақ олар да аз емес. Оның есебін облыстық соттан алуға болады», деді. Бұл мәліметтен біздің түсінгеніміз ажырасу фактісі әлі де төмендемей отырғаны.

Ажырасу фактісін азайту сот адамдарына да байланысты. Мысалы, Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Абуев мұндай мәселеге аса мұқият қарайды. Алдына араздасып, ажырасқалы келген екі жаспен әуелі өзі сөйлеседі екен, болмаса уақыт береді. Айналып келгенде жас шаңырақтың бұзылмауына ерекше мән береді. Оның алдына ажырасуға арыз бергелі барған талай жас отбасы райларынан қайтып, қазір тату- тәтті отбасы болып кетіпті. Бабырхан Абуев аудандық әкімдікпен бірлесе отырып, жас шаңырақтардың тәрбиесіне, қалыптасуына қатысты іс-шаралар да өткізіп тұрады екен. Оның нәтижесі де жаман емес. Бұл да – айта жүретін үлгілі іс.

Елімізде әр үш жас отаудың біреуі жылға жетпей ажырасып кетеді екен. Бұл ел болып, қоғам болып ойланатын мәселе. Қазір тіпті, жас отау емес, ел ағасы болып, елуден асқан шағында да ажырасатындар табылып жатыр. Алайда ол жақсылық емес. Осы жағын терең ойланып, жас отаулардың шаңырағын сақтап қалу мәселесіне мән беретін мезгіл жетті. Жас шаңырақ бұзылса, несі жақсы?

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support