- Advertisement -

Бабаларға бағдар болған – Ақкесене бекінісі

162

- Advertisement -

Ақкесене бекінісі Талас ауданы, Бидалы ауылынан 14 шақырым солтүстікте, Үшарал ауылынан 27 шақырым солтүстіктегі құмды жазықтықта, Қалмақарық деп аталатын ескі арнаның оң жағасында орналасқан. Бекініс Х-ХVІІ ғасырларға жататын археологиялық ескерткіш. 2010 жылы өңірдің жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарихи және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

Ескерткішті 1896 жылы В.А.Каллаур тізімге алып, 1945, 1949 жылдары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы, 1980 жылы «Қазжобалауқайтажаңғырту» институты, 1983 жылы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық тобы (жетекшісі М.Елеуов) зерттеулер жүргізген. Бекіністі 2006-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша аталмыш институттың Тараз филиалы қайта қалпына келтірді. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бекініс табиғи жерге іргетассыз тұрғызылғандығы анықталды. Құрылысы шаршы тәрізді, бұрыштарында әлемнің төрт тарабына бағытталған мұнаралары бар. Жалпы көлемі 22х21 метр.

Ақкесене деп аталып кеткен шығыс бұрышындағы саз кірпіштен тұрғызылған дөңгелек, жоғары қарай бірте-бірте жіңішкеріп көтерілген (конус тәрізді) мұнарасы бар. Мұнараның түбіндегі диаметрі – 11, биіктігі – 14 метр, ішінде жоғары қарай көтерілетін айналма баспалдақ сақталған. Үлкен мұнараны қоршай орналасқан қамалды құрылысы бар. Бекініс шамамен Х-ХІV ғасырларда салынған, мұнара ХVІІ ғасырға дейін қолданыста болған. Археологиялық қазба жұмыстары барысында қыш ыдыстардың (құмыра) сынықтары кездескен.

Орта ғасырларда мұндай жазық жерде биік мұнара мен бекініс тұрғызудың негізгі себебі – жаудан қорғану үшін салынатындығы тарихтан белгілі. Ақкесене мұнарасын салудағы әу бастағы мақсат та саты арқылы көтеріліп, жоғарыдан алыстағы жолаушы немесе жауды көріп, хабарды дер кезінде жеткізу болған.

Ақкесене жайында халық арасында түрлі аңыз-әңгімелер де кездеседі. Бір аңызда Бетпақтан өтіп, ауыр жол азабын тартып келген керуен басының «Шөлді жазықта жолаушыларға бағдар болатын белгі керек» деген өтініші бойынша Қарахан тараздық шеберге салдырған деседі. Келесі бір аңызда Кіші Орданың билеушісі Әбілхайыр Талас өлкесінде Көк кесененің түбінде қалмақтың Өз-Темір тайшысынан жеңіліп, Сыр бойына шегінген делінеді. Ақ ханның нақсүйері үшін соғылған Көк кесененің қасынан Ұса мен Зеренг тайшылар Ақ кесенені соқтырып, маңайын билеп-төстеуге ниеттенген.

Алайда 1465 жылы Жәнібек пен Керей бастаған қазақ рулары Шу мен Мойынқұмға келіп, мемлекет құрып, шекаралық аумағын кеңейту барысында батысқа қарай жылжыған кезде Ұса мен Зеренг Көк кесене мен Ақ кесенені тастап қашып кеткен делінеді.

 

Айсана НҰРБАП.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support