- Advertisement -

Тың жобаға – 1 миллион теңге

97

- Advertisement -

Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Jambyl – adaldyk alany» офистік жобасы және «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл келісімнің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек» деген қағидасын іске асыру және оны жан-жақты қолдау.

– Меморандум қоғамда жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы және парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бірлескен шаралар ұйымдастыру арқылы әрекет ету мақсатында жасалды. Сондай-ақ еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын жүзеге асыруға үлес қосып, «Әділдік жолы» бірлестігінің филиалы арқылы тұрмыстық жемқорлықты жоюға атсалысуға және өзара ақпарат алмасуға келістік. Енді жастар арасында сыбайластық әрекеттерімен күресу жұмыстарын жандандырып, жемқорлықтың жолын кесуде барынша нәтижелі іс жүргізуді жоспарлап отырмыз, – дейді «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының төрайымы Назима Жұбандықова. Аталған меморандум аясында алдағы уақытта жастармен тығыз жұмыс жүргізуді жоспарлаған «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің филиалы бұл бағытта «Әділетті Қазақстан – жастардың таңдауы» акциясын да жүргізіп отыр. Акция аясында жастардың үздік жобаларына байқау жарияланған.

– «Әділетті Қазақстан – жастардың тандауы» акциясы өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындардың хабарласып, тегін кеңес алуына мүмкіндік беретін арнайы 1463 call-орталық іске қосылды. Сонымен қатар ұйымның әлеуметтік желіде жастардан хабарлама қабылдап, өзекті жаңалықтарды жеткізетін парақшасы ашылды. Жастар арасында сыбайластықпен күресудің тиімді жолын көрсететін үздік идеялар мен жобаларға байқау жарияланып отыр. Әрбір жас өзінің жемқорлықпен күресудегі ұсынысын болмаса жобасын 12 ақпанға дейін info@adildik.kz электронды мекенжайына жіберуіне болады. Жобалар іріктеліп, үздіктеріне арнайы тағайындалған жүлделер тапсырылады. Яғни мағыналы, қызықты жоба ұсынған жас 1 миллион теңге көлемінде қаржылай жүлдеге ие болмақ. – Қоғамда жемқорлық әрекеттер туралы көп айтылып жатады. Біз енді тек айтып қана қоймай, оны жоюдың жолын көрсеткен жастардың озық идеяларын жүзеге асыруға мән берсек дейміз. Кейбір идеялар эксперименттік жоба ретінде іске қосылатын болады. Сол арқылы жастар өз ұсыныстарының жүзеге асқанына көз жеткізеді. Бұл – елімізде жемқорлық деңгейін төмендетуге әркімнің өз үлесін қосуына жасалған мүмкіндік. Осындай ұтымды сәтті жастардың жіберіп алмауы үшін бүгінде акцияға шақыру, оны кеңірек насихаттау шараларын ұйымдастырып отырмыз. Өңірдегі жоғары оқу орындарында, колледждерде және ұжымдарда жас мамандармен кездесулер өткізудеміз, – дейді Назима Норманбекқызы.

Айта кету керек, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалында тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беру қызметі бар. Мұнда оқу орнында жемқорлық әрекеттерге немесе басқа да заңсыздыққа тап болған жастарға, сондай-ақ кедергіге кездескен кәсіпкерлер мен әділдік іздеген тұрғындарға да құқықтық қолдау көрсетіледі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support