- Advertisement -

Кітап оқыған озар…

31

- Advertisement -

Бұл игі үрдісті Біріккен Ұлттар Ұйымы 2012 жылы бекіткен еді. Ал атаулы күннің шығуына үш баланың анасы Эмми Бродмур атты АҚШ тұрғыны себепкер болған. Бұл пікірдің туындауына оның баласының «Неге адамдардың бір-біріне ешқандай себепсіз кітап сыйлайтын күн жоқ?» деген сұрағы түрткі болады. Ақыры ұсыныс әлеуметтік желілерде әлемдік оқырмандардың қолдауына ие болып, 11 жыл бойы мерекеге ұласып келеді. Десек те, қазақы қоғам үшін кітап сыйлау үрдісі бұрыннан бар. Тіпті ертеректе қыздың жасауына да кітап қосып жіберетін болған. Бұл ең алдымен рухани байлық болса, дүние де, мал да, барлығы адамзатқа өзі келетінін тереңнен тұспалдаса керек.

Қазіргі қоғамда кітаптың баға жетпес байлық екенін жан-жақтан жарыса айтып жүргенімізбен, сол кітаптың бетін ашпайтындардың қатары көп екені де жасырын емес. Қазір жастардың дені электронды кітаптарды оқуға ниет білдірсе, енді бірі аудиокіт апт арды тыңдайтынын жеткізуде. Қалай дегенмен де, жақсы кітап шаң басып жатпайтыны анық. Таяуда Америка кітапханашыларына арналған «Journal Library» сауда баспасы екі мыңнан астам адам арасында сауалнама жүргізген. Оған үш буын өкілдері қатысқан. Олар 2000 жылдан бері қарай туған жас буын немесе Z ұрпағы, 1984 пен 2000 жыл аралығында туған орта буын – Y ұрпағы және 1965 пен 1980 жылдары туған аға буын, яғни X ұрпағы. Сауалнамаға сәйкес, үнемі жақсы шығармаларды іздеп, кітапты ең көп оқитын да аға буын өкілдері екен. Одан кейінгі орында Y ұрпағы, яғни миллениалдар тұр. Мектеп не университетте оқитын жас буынның әдеби кітап оқуға мұршасы жоқ сыңайлы. Бос уақытының аз бөлігін кітап оқуға арнайтындар да Z ұрпағынан. Орта және аға буын өкілдері қайткен күнде бұған жеке уақыт бөлуге тырысады. Яғни дамыған алпауыт ел АҚШ-та да жағдай осындай. Кітап сыйлау мерекесі де осы мәселені оңтайлы шешіп, балаларды кітап оқуға баулуға бағытталған болатын.

Ал біздің елде кітап сыйлау дәстүрі бұрыннан бар екенін жоғарыда айттық. Оған үйдегі көптеген көне кітаптардың сарғайған парақтарына жазылған тілектердің өзі дәлел бола алады.

– Кітап – жанның байлығы, рухани байлық, ақыл байлығы. Кітап оқып отырып, кез келген оқырман оның ішіндегі мейірімге сусындап, сатқындықтан, әділетсіздіктен бойын алыстатып, ойын тазалайды. Бір ғана кітаптың ішінде тектілік, парасаттылық, кемеңгерлік секілді асыл қасиеттер қамтылып жатыр. Кітап сыйлау арқылы сол кітаптың ішіндегі осыншама қасиетті жолдасыңа бере аласың. Кезінде қыздың жасауына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қосып жіберген кісілерді көзіміз көрді. Бұл өте керемет игі үрдіс еді. Себебі ең алдымен адамзат баласына жанның, ақылдың азығы ауадай қажет. Ақыл мен парасат, тектілік пен ізгілік сол кітап арқылы адамның бойынан орын алса, дүние де, мал да сол адамға өзі-ақ келеді. Әйтпегенде адамға дүние жолдас болмайды. Ал кітап – ешкім сенен ұрлай алмайтын, тозбайтын, ескірмейтін және ешқашан құнын жоймайтын қазына. Сондықтан жоғарыда атап өткен көнекөздердің үрдісін қазір де қайта жаңғыртсақ, одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова.

Кітап сыйлау акциясы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында да жыл сайын ұйымдастырылып жүр. Мұнда авторлардың өздері оқырмандармен кездесіп, кітаптарын кітапхана қорына тапсыру дәстүрге айналған.

– «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында жергілікті ақын- жазушыларды оқырмандармен тұрақты түрде ке зде стіріп тұрамыз. Жалпы мемлекеттік кіт апхана ларда әлеуметтік қолдану технологиясын іске асырудың бір бағыты – Фандрайзинг технологиясын қолдану, яғни материалдық- техникалық базаны қамтамасыз ету үшін бюджеттен тыс қаражатты демеушілер мен сый берушілерді тарту. 2022 жылы осы технологияны тиімді қолданудың арқасында ғылыми институттар, ғалымдар мен жергілікті ақын-жазушылардың кітапхана қорына тартуларымен кітапхана қоры 2314 дана сый кітаппен толықтырылды. Бұл жұмыстар биыл да ізгі жалғасын табатын болады,–дейді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Мақтақыз Жеңсікбаева.

Жалпы ел жастары арасында мотивациялық кітаптардың көш бастап тұрғанын бұған дейін де жазған болатынбыз. Оның ішінде біздің өңірде мектеп оқушыларының арасында фантастикалық, ал студенттердің ішінде көбіне психологиялық жинақтардың сұранысы жоғары. Қалай десек те, кітап сыйлау – кемеңгерлікке талпынған келешектің ізгі ісі деп айта аламыз.

– Кітап сыйлау – нығметі мол іс. Менің өзімде бұл әдет бала кезден қалыптасқан. Сыйлағым келетін адамның табиғатына қарап өзіне сай дүниені тауып, тарту етуден эстетикалық, рухани ләззәт аламын. Соңғы кездері қыздарының жасауына «Отбасы хрестоматиясының» барлық жинағын түгел дерлік қосып жатқан аналарды жиі кездестіріп жүрмін. Өте құптарлық дүние. Бірақ мен үшін бұл соншалықты тосын үрдіс емес. Солай болуы да керек. Өз басым күйеуімнен мәһрге Мағауин мен Кекілбаевтың көп томдығы мен Мила Кундераның «Невыносимая легкость бытия» романын, Айн Рендтің «Атлант расплавил плечи» кітабын сұрағанмын. Мағауиндікін бірден а лып берді. Қалғанын күтіп жүрмін. Екеумізде қазірден бастап айына бір мәрте Меломанға бару дәстүрі қалыптасты. Оған берген алғашқы сыйлығым да кітап болған. Меніңше кітап сыйлау арқылы ол адамның мәртебесін де біршама көтеріп қоятын сияқтымыз. Кітап сыйлау арқылы оны зияткер санайтынымыз, сана биігіндегі адам деп есептейтініміз аңғарылады. Меніңше қазір қоғамда 70 пайыз адам өзін интеллигент санайды. Сауаты бар адамның бәрінде кітап оқуға қабілет болады деп есептеймін. Ал егер мүлде кітап оқымаған адам кенеттен сыйлыққа кітап алса, бұл ғайыптан берілген белгі шығар. Демек сіздің кітап оқитын уақытыңыз келді. Өз басым қолыма түскен жаңа кітаптарды лайық көрген адамыма сыйлап жіберемін. Содан үйде кітап тұрмайды. Сирек кездесетін кітаптарды сөзсіз сары майдай сақтап жүріп оқимын. Келешекте өз үйіміздің бір бөлмесін кітапхана жасасақ деген жоспарымыз бар. Үйге келген қонақтың бәріне тәттінің орнына «қуыс үйден құр шықпа» деп кітап сыйлап жіберетін келіншекке айналғым келеді. Сонда көңілім тоқ болатын сияқты. Өзі оқымаса да, оқитын басқа адам табылады. Көптеген ұлы істер қолға оқыста түскен кітаптардың арқасында жүзеге асып жататынын талай адамның өмірбаянынан оқып жүрміз. Бұдан артық қандай дәлел керек? Өзіміздің әу баста қайдан пайда болғанымызды, бізге дейінгі өмірдің қалай болғанын сарғайған кітап беттерінен білдік емес пе? Сауатты, адекват ойлайтын қоғам осындай бір кішігірім әдемі үрдістер арқылы құрылады, – дейді поэтикалық «Авангард» жобасының авторы, ақын Арайлы Жақсылық.

Қазіргі таңда алматылық «Amalbooks» баспасында қызмет етіп жүрген Арайлы алдағы уақытта кітап сыйлау үрдісін күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналдыру қажет екенін айтуда. Расында күнделікті тамақ ішу, уақтылы көз шырымын алу, спортпен айналысу секілді кітап оқу да әдетке айналса, онда ұлт болашағының кемел болары анық. Сондықтан жақыныңызға кітап сыйлаңыз, құрметті оқырман!

 

 Дайындаған Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support