Әдебиет

Жапон әдебиетіндегі жанкештілік

Жапон әдебиетіндегі жанкештілік

Шетел әдебиеті дегенде, бірден есімізге орыс, француз, латын сынды әдебиеттер түсетіні анық. Бұлардың арасынан ойып тұрып орын алатын ғажайып әрі сыршыл әдебиет бар. Ол – жапон әдебиеті. Жалпы Абай айтқан махаббат пен ғадауат, ақ пен қара, зұлымдық пен адалдық, жақсылық пен жамандық кез келген адам баласының тағдырына тән екені әу бастан белгілі. Сезім әлемі кеудесінде жаны бар кез келген адам баласына ортақ. Сондықтан сол сезіммен іргетасы қаланатын әдебиет те ешқандай география мен биографияға бөлінбейтін шексіз кеңістік. Осы ретте біз Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаевтардың шығармашылығы дәнекер болған, ұғым һәм ұстаным жағынан ұқсастығы мол жапон әдебиетіндегі үш алып тұлға – Рюноскэ Акутагава, Юкио Мисима, Ясунари Кавабата сынды жазушылардың шығармаларына, Кобо Абэнің сөз энергиясына қысқаша тоқталып өткенді жөн көрдік.

 Рюноскэ Акутагава, «Тозақ азабы»

Рэноскэні жапондардан қызғануға болады. Жазушының ең құдіретті новеллаларының бірі – «Тозақ азабы». Осы новелласы көп пікір тудырыпты деседі. Бірі оны «шедевр» деп жоғары бағаласа, енді бірі «новелла емес» деп жоққа шығарады. Бізге керегі, әрине, ол емес. Бізге керегі – «Тозақ азабы» новелласының басты ерекшелігі, құндылығы. Шығарманың негізгі мазмұны былайша өрбиді. Бірде қаһары қатты император атақты суретшіге тозақтың суретін салуды бұйырады. Суретші дел-сал күй кешеді. Салайын десе, тозақты көрмеген, салмайын десе, басы кесілмек. Сөйтіп жүріп суретші тозақтың бейнесін салуға кіріседі. Ол суретті салу үшін мынадай тәсілге барады. Өзінің шәкірттерін түрлі тәсілмен қинап, қиналған сәттегі суреттерін қағазға түсіруге тырысады. Суретті салып біткен кезде оған бір ғана нәрсе жетпей тұрғандай көрінеді. Қанша тыраштанса да, нағыз тозақтың суретін өз ойындағыдай шығара алмайды. Осыны көрсету үшін суретші әйел адамның отқа оранып, азаптан қиналып жатқандағы бейне сін салуды ойлайды. Ол ойын императорға жеткізеді. Император таудың үстіне күйме апарып, оның ішіне суретшінің жалғыз қызын отырғызып, өртеуге бұйрық береді. Өнерге деген құрбандықтан суретші бұл суретті аяғына дейін салып шығады. Бітіргеннен кейін екінші күні асылып қалады. Шығарма осымен тәмам. Рюноскэнің «Тозақ азабы» новелласы сурет өнері туралы айтылады. Шығармашыл жанның азапты һәм жанкешті күйін жеткізеді.

Юкио Мисима, «Алтын ғибадатхана»

Жапон әдебиетінің тағы бір жанкешті жазушысы – Юкио Мисима. Бұл қаламгер жапон әдебиетіне көптеген сүбелі еңбектерді алып келді. Әлем әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. Сол еңбегі еш кеткен жоқ. Бағаланды. Жазушы «Нобель» сыйлығын алмаса да, «Акутагава атындағы арнайы сыйлықты» иеленді. Юкио Мисиманың «Алтын ғибадатхана» романы мықты шығармалардың бірі. 1950 жылы будда iлiмiн үйренушi шәкiрттердiң бiрi ақыл-есiн жоғалтқан қос- үрейлi сәтiнде жапонның көне астанасы Киотоның ең мәшһүр сәулет жәдiгерлерiнiң бiрi – Кинкокудзи ғибадатханасын өртеп жiберген болатын. Осы қылмыстық оқиға жазушының жан дүниесiне керемет әсер еттi. Ол қылмыскер шәкiрттiң болмысын терең зерделеу арқылы геростратшылықтың құпиясын ашуға талпынды. Былай қарағанда, роман желiсi оншалықты күрделi емес секiлдi. Қарапайым бозбала екiншi дүниежүзiлiк соғыс жүрiп жатқан күндердiң бiрiнде Кинкокудзи ғибадатханасына көп сабақ тыңдаушылардың бiрi болып орналасады. Алғашқыда оның оқу үлгерiмi де анау айтқандай аса жаман бола қоймаған. Бiрақ уақыт өте келе оның осы Кинкокудзи ғибадатханасына, оның әсем архитектурасына деген шексiз махаббаты оянады. Бала ғибадатхананы жаңбырлы күзде де, қарлы қыста да, төңiрек гүл атып құлпырған көктемде де бақылайды. Бұл ғибадатхананың ғажайып сұлулыққа ие екенiн түйсiнедi. Баланың ғибадатханамен бiрге өлгiсi келедi, «Америка ұшақтарының бомбасы мен осы ғибадатхананың iшiнде отырғанда төбемiзге түсiп, екеумiз бiрге күл- тозаңға айналсақ» деп қиялдайды. Баланың мұндай адам сенгiсiз арманға берiлуiне не себеп болғанын жазушы шәкiрттiң басынан өткiзген оқиғалары арқылы бейнелейді. Атақты ғибадатхананы бала бір түнде өртеп жібереді. Ол ғибадатхананы өзгелерден қатты қызғанатын. Бұл басқа қызғану еді. Бала ғибадатхананы өзгелерге қор қылғысы келмейтін. Оның қаламының құдіреті тіптен ерекше. Сенбесеңіз, оқып көріңіз...

Ясунари Кавабата. Аяқталмаған роман...

Жалпы жапон жазушыларының көпшілігі психологиялық сарында жазады. Айналаңдағы әлемді неден біліп бастау керектігі турасында Ясунари Кавабата ұсақ-түйектерді атап көрсетеді. Әлемді таныған сайын ол кеңейе түседі. Бұл әлемде «адам тіршіліктің ажырамас бөлігі, ал оның айналасындағы қолы тигеннің бәрі оның жанын өздеріне әкеліп жасартуын және оның тарихына енуін жалғастырады. «Мың қанатты тырна» кітапта символикалық мағынаны білдіреді. Ежелгі жапон нанымында ақ тырна – жер шарындағы мәңгілік өмір дәрежесіне жеткендерді аспанға әкететін бақыт пен ұзақ жасаудың белгісі болып табылатын киелі құс. Юкиконың бейнесі Кикудзиді елітеді, алайда, ол жексұрындық пен қарсылық сезімін шақыратын басқа әйелге ынтасы ауды. «Мың қанатты тырна» романы аяқталмаған, жалпы, бұл жапон әдебиетіне тән қасиет. Сол себепті шешуін күткен оқырман өзінің жеке ойларымен арпалысып, аң-таң күйде қалады. Бірақ соңы аяқсыз қалуы тек образдың әсерін күшейтуге ықпал жасайды, оқырманды индивидуальды тұрғыда, шығармашылық және шығармаға араласу тұрғысында өзіне баурап, тартып тұрады. Оқырман өзінің жеке өмірін, жеке сезімдерін ой таразысында қорытады, ал әлем өзіне бұрын көрінбеген жаңа бояуларды енгізеді.

Кобо Абэ мен Оралхан Бөкейдің ортақ оралымдары

Жапондық жазушы Кобо Абэ де осал қаламгер емес. Ол прозаик, драматург, режиссер. Оның шығармаларының сұранысқа ие болуының себебі, ол әртүрлі рөлдерді тамаша ойнай алады. Кобо Абэ өзінің шығармаларына ғаламдық проблемаларды өзек етіп алады. Оның романдарының басты идеясы – адамның өзіне қас дүниемен кездестіріп, одан қашу амалын іздеуі. Кобо Абэ 1961 жылы жарық көрген «Құм құрсауындағы әйел» романы үшін «Иомури» газетінің сыйлығын иемденеді. Бұл романда адам мен қоғам қақтығысын сипаттай отырып, адамның қоғамнан қашып құтыла алмасын, тығырыққа тіреліп жанталасатынын, яғни өз тағдырына өзі қожа бола алмайтындығын көрсетеді. Жазушының бұл романын аударған – Тілеухан Жұмақанов. Рас, қазақ әдебиеті мен Жапон әдебиеті екі түрлі әлем. Бірақ ой иірімдері ортақ мүдделерде көп ұшырасады. Мәселен, Оралхан Бөкей өзінің «Құм мінезі» повесінде қазақ халқының отырықшылыққа көніп, еркіндіктен айырылғанын өзек етсе, Кобо Абэ «Құм құрсауындағы әйел» романына «құмның құрсауындағы» адамның күресін тірек етеді. Бұл шығармалардың үндес екені тақырыбынан да көрініп-ақ тұр. Ең біріншіден, бұл шығармалардағы әйел бейнесі үндес. Бұл екі шығармадан құм тура лы философиялық ойларды байқаймыз. Құм құрсауындағы әйелдің сөзімен: «Да, это безусловно так. Песок никогда не отдыхает, никогда не дает отдохнуть». Ал Барханның тілімен: «Иә, құм жылайтын... Иә, құм сөйлейтін... Иә, құм толғайтын... Иә, құм ән айтатын... Иә, құм күлетін, кәдімгідей сақ-сақ күлетін... Иә, құмның даусы қандай әдемі еді десеңізші». Кобо Абэде «мәңгі тоқтамайтын» құм мен Оралхан Бөкейдегі «сортаң басқан», «тек мап- майда ұнтақ», «топыраққа айнала бастаған» құм екеуі екі түрлі қоғамдық жағдайды көрсетіп тұрғаны айдан анық. Оралхан Бөкейді «Құм мінезі» шығармасындағы Барханның сезімі «Құм құрсауындағы әйелдегі» Дзюмпий Никидің сезімдерімен үндеседі. Мәселен, «Бархан сонан соң да, көпке дейін әлгі бір алғаш рет сең боп қалған сезімін қытықтаған әдемі әсерден арыла алмай жүрді. Баяғыда, ерте-ерте, ертеде... Құм басып қалған асылын енді қайтып алғандай алабұртты». Бұл екі шығарманың тақырыбы «құмға» байланысты болғанымен, сол құрсауда көміліп, шөліркеп жатқан шарасыз. ТҮЙІН: Жапондар аңыз-әңгімелерге, ертегілерге өте бай халық. Олардың әдебиеті әлем әдебиетінен ойып тұрып орын алады. Небір мықты саналған классиктер біз айтып отырған осы жапон әдебиетін, оның басты өкілдері саналатын Рюноскэ Акутагава, Юкио Мисима, Ясунари Кавабата сынды жазушыларды мойындаған. Жапондардың әдебиетін әлем мойындайды. Жазбамызда есімі аталмай қалған Кэндзабуро Оэ деген тағы бір мықты жазушы бар. Дзюнъитиро Танидзакидің өзі бір әңгіме. Қазіргі таңда көзі тірі жапон әдебиетінің көрнекті өкілі Харуки Мураками бар. Кітаптары миллион данамен шығып жатыр. Бүгінде оны әлем іздеп оқиды. Айта берсек көп. Жапондардың құдіреттілігі жайлы Әмірхан Балқыбек ағамыз жетер жеріне жеткізіп жазып кетті. Егер қатты қызықсаңыз, сол Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» атты кітабын тауып алып оқыңыз. Өкінбейсіз. Жапондардың кешкенін біздің қазақ жазушылары да кешті, тек әлемдік деңгейге шыға алмай жатқанымыз болмаса, бізде де Акутагавалар, бізде де Мисималар бар. Тек оны жай ғана оқуға болмайды, онымен «ауыру» керек!..  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.