- Advertisement -

Садақа жәшіктерін бақылайтын кім?

245

- Advertisement -

Біреуге жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – қай кезде де қайырлы іс. Көпке көмегін беріп, маңайға ізгілік таратып жүрген кісілердің амалы құптарлық. Шариғатта «Садақа бәле-жаладан сақтап, өміріңді ұзартады» деп айтылғанынан да хабардармыз. Қазақтың «Қолы ашықтың – жолы ашық» дейтіні де бекер емес. Сондықтан ба, соңғы уақытта кез келген дүкенде, базарда қаптаған садақа жәшіктері көзге ұшырасады. Оған кімдер қаржы салады? Ол қалай есептеліп, қайда жұмсалады? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Шынында да, соңғы уақытта мұндай садақа жәшіктері барлық сауда орындарында көбейіп кетті. «Ауыл береке», «Қайқармет», Орталық базардан да, екі дүкеннің бірінен де осы садақаға арналған затты көруге болады. Қаланың орталығы дейсіз бе, шет жағы ма, аудан орталықтары ма, бәрінде де ұшырасады. Қайырымдылық жасаған жақсы ғой. Бірақ бұл жәшіктердегі қаржы расымен мұқтаждарға жөнелтіле ме деген сұрақ туындайтыны рас.

Мәселен, Тараз қаласының орталығында орналасқан «Тоқ-Бей» дүкенінде екі садақа жәшігі қатар тұр. Біреуінде «Харекет» қайырымдылық қоры десе, екіншісінде «Жаннатул Фердауси» қайырымдылық қоғамдық қоры» деп жазылған. Тіпті «Харекет» қоры қойып кеткен жәшігіне «1 мың теңгеге – баспана» деп жазылған. Қала орталығындағы «Санал» дүкенінен де «Жаннатул Фердауси» қайырымдылық қоғамдық қорының жәшігін кездестірдік. Жәшікте көрсетілген ұялы телефон бойынша аталмыш қорға телефон шалып едік, Ардақ есімді жігіт сөйлесті де, нақты жауап бергісі келмей, директорының ұялы байланыс нөмірін берді. Бірақ өзі әкесінің атын, тегін айтудан бас тартты.

«Әншейін, уақытша жүрмін» деді. Бізге түсініксізі, бұл жігіт неге уақытша жүреді, неге аты-жөнін толық айтпай сақтанады? Аталған қордың директоры Ерхан Берікханмен де хабарласып, сөйлестік. Ол «Облыс аумағында біздің қордың 1 мың қайырымдылық жәшігі қойылған. Жиналған қаражат арнайы комиссиямен саналады. Түскен қаржыдан мешіттерге, еліміздің барлық аумағындағы медреселерге көмектесіп тұрамыз. Себебі діни ұйымдарға мемлекеттен көмек берілмейді. Тұрмысы төмен отбасыларға да көмегімізді аямаймыз. Арнайы кеңсеміз жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз», деді қысқаша. Қор директоры «Комиссия құрамында кімдер бар, нақты қанша қаражат түседі?» деген сауалға жауап беруден жалтарды.

Былайша есептесек, әр жәшікке тәулігіне 5 мың теңгеден түскенде де, мың жәшіктен 5 миллион теңге түседі деген сөз. Ал айына түсетін табыс одан 30 есе көп. Шамамен 130- 140 миллион теңге түсуі мүмкін. Тіпті бұл ақшаның жартысы 70 немесе 50 миллион теңге түссе де аз қаражат емес. Бірақ оның есебін кім береді? Қарапайым халық онсыз да қымбатшылық қысып тұрған кезде сауап үшін тастайды. Асып-тасқанынан емес.

Бұл мәселе бойынша облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті шаруашылық істерінің басшысы Халит Қожахметовпен де хабарласып, мән-жайды сұраған едік. Бізге ол мешіт жанынан құрылған «Әулиеата Хибатулла» қайырымдылық қорының өкілі Ескендір Әйділда деген азаматтың байланыс нөмірін берді. Ол бізге «Бұл садақа жәшіктерінің төңірегінде біраз мәселе бар. Біз орталық мешіт жанынан құрылып отырмыз. Түрлі жерлерге біздің 300 жәшігіміз қойылған. Негізі облыс аумағындағы көптеген сауда орындарында 6635 бөтен жәшік тұр. Яғни басқа қорлардың жәшіктері. Ондағы қаржылар сырт жаққа кетеді. Кімдер санап алып кетсе де, қаржы басқа жаққа құйылады. Біздің облыстағы кейбір жағдайы жоқтарға көмектесетін шығар, бірақ соншама жәшіктегі қаражаттың көп мөлшері облысымыздан тыс жерлерге, тіпті шетелге кетіп жатыр деген болжамымыз бар.

Анығын Алла білуші. Базарлар мен дүкендерге өз жәшіктеріміз қойылса, оның қаражаты ашық саналып, өзіміздің мұқтажымызға жұмсалса дейміз. Осыны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы ма, полиция департаменті ма, қоғамдық кеңес па, құзырлы орындар араласып, нақты шешіп берсе.

Біз мысалы, садақа жәшіктерін Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларына қойып жатқан жоқпыз. Осыны түсіндіріп едік, түркістандық «Васил» қайырымдылық қорының басшысы Арман Қуанышбаев қор жәшіктерін облыс аумағынан алдырып тастады. Жаңадан құрылған біздің қайырымдылық қорға көмегін де көрсетті. Негізі басқа да түрлі жеке қорлардың жәшіктері көп. Дүкен қожайындары «мешіттенбіз» деген соң қойғызып жатыр екен. Ал негізі облыстық мешіт жанынан құрылған «Әулиеата Хибатулла» қайырымдылық қоры ғана. Жалпы, бұл мәселеге жіті қадағалау керек», деді.

Жоғарыда біз айтып өткен «Жаннатул Фердауси» қайырымдылық қоғамдық қоры Түркістан облысында тұратын Смановтардың қоры екен. Сондай-ақ «Харекет», «Рахым нұры» деген қайырымдылық қорлары да өзге облыстардікі болып шықты.

Бізді алаңдатқаны, осы жәшіктерге ақшаның жиналып қалғаны, жұрттың қайырымдылық жасағаны да емес. Сол қаражаттың қайда жұмсалатыны, оны кім бақылайтыны, толық есебі ешкімге берілмейтіні ойландырады. Онсыз да автобусқа мінсеңіз, сүре оқып теңге сұраған балалардан аяқ сүрінеді. Қолдарына кішкентай садақа жәшігін ұстап алып: «Мынау кішкентай баланың ауруына көп мөлшерде қаржы керек еді, көмектесесіздер ме?» деп жалынған жас қыздарды да жиі көреміз. Мұнда да ол қаржының расымен ауру балаға жиналып жатқаны кейде күмән тудырады? Бір емес, екі емес, мұндай нәрсе тым жиілеп кетті. Қазір қай жерге барсаң да, әйтеуір айналада түрлі жолмен ақша тапқысы келетін адамдар. Бұл қайырымдылық жәшіктерінің кейбірі сондай пайда табу үшін емес пе, деген ойда қаласың. Жалпы, қарапайым тұрғындарға жаппай алақан жайып, жәшіктеп қаражат жинату қайырымдылыққа жата ма? Мешіттердің алдында онсыз да садақа жәшіктері бар емес пе? Сондықтан көмек көрсетпес бұрын ақпаратты әбден тексерген абзал.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support