- Advertisement -

Кешіккен конкурстың кесірі

277

- Advertisement -

Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының сапасыздығына шағымданған бір топ ата-ана редакциямызға хабарласты. Айтуларынша, жөндеу жүргізілген мектептің кей тұстары талапқа сай келмейді. Бұл күрделі жөндеу жұмыстарына 222 миллион теңге бөлінген, құрылысы аяқталып, қабылдап алынған екен. Мәселенің жай-жапсарын білу үшін шалғай орналасқан ауданға арнайы бардық.

Т.Рысқұлов тірек мектебінде бүгінде 483 бала оқиды, оларға 74 мұғалім білім береді. Іргетасы 1979 жылы қаланып, сол жылдың соңында пайдалануға берілген білім ошағының ғимараты өткен жылы күрделі жөндеуден өткен.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың айтуынша, тендерге жарияланған конкурстың кешігуінен жөндеу жұмыстары да кеш басталған.

Оқу жылының басында, яғни 5 қыркүйекте қолға алынған жөндеу желтоқсанның соңында аяқталғанымен, оқушылар өз мектебіне 9 қаңтарда оралған. Осының салдарынан олар уақытша үш білім беру мекемесіне тасымалданып оқытылды. Әрине, бұл балаларын өзге мектепке жіберген ата-аналарға да, басқалармен қысылып- қымтырылып білім алған балаларға да қолайсыздық туғызбай қоймады.Мектептің күрделі жөндеуіне сын айтқан ауыл тұрғындарының бірі Бекболат Өткелбаев 222 миллион теңгенің жұмысын көре алмадық дейді.

– Аудан орталығында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы тірек мектебі күзде күрделі жөндеуден өтті. Мектептер негізінде оқушылар демалысқа шыққанда, көбіне жаздың жылы күндерінде жөнделеді. Ал мұнда жөндеу жұмыстары оқу жылының басында, қыркүйек айында басталды. Оқушыларды басқа білім беру мекемелеріне автобуспен тасымалдады, бірақ үйлерінен біршама алыс орналасқан мектептерге күннің аязында жаяу бара жатқан балаларды да жиі көрдім. Менің білуімше, күрделі жөндеу болған соң, ғимараттың негізгі қабырғасынан басқасының бәрі жаңартылуы тиіс. Мына мектептегі баспалдақтардың ұстағыштары темір күйінде тұр, оның бұрыштары балаларға қауіпті. Негізінде сырты дөңестеніп қапталуы керек еді. Баспалдақтың еденіне кафель төселмеген. Асхана еденінің төсеніші де ауыстырылмаған. Сыртқы қасбетінің жоғарғы тұсының кірпіштері түсіп жатыр. Одан да сорақысы, жақында ғана күрделі жөндеуден өткен мектептің ішкі температурасы өткендегі суықта +7 градустан аспағанын көзіммен көрдім. Жауаптылар мұны аяздың қатты болғандығымен түсіндірді. Бірақ жылдың жартысынан көбі суық болатын аймақтарда әлеуметтік нысандар қалай жылытылады? Мектепке 20 қаңтар күні барғанымда осындай жағдайдың куәсі болдым. Менің мақсатым – біреудің ісінен мін іздеу емес, ешкіммен жеке бас араздығым да жоқ. Тек ауылымызда қолға алынған кез келген жұмыс талапқа сай жүзеге асырылса деймін. Болашақ иелері – балаларымыз қауіпсіз де сапалы өмір сүріп, өз заманына лайық білім мен тәрбие алса екен дейміз. Президентіміз ауылдарды көркейтуге ден қойып, балалардың жан-жақты дамыған тұлға болып өсуіне бар жағдайды жасауды тапсырып отыр. Сол игіліктер шалғайдағы ауылдарға да жетсе дейміз. Мемлекет басшысы бір өзі барлық жұмысты қадағалай алмайды ғой. Сондықтан әрбіріміз өз өңірімізде жасалып жатқан жұмыстарға жауапты болуымыз керек. Сонда ғана өркениетке жетеміз, – дейді Бекболат Жанұзақұлы.

Жоғарыда айтылған кемшіліктерге байланысты мәселені бізге аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев былайша түсіндірді.

– 2025 жылға дейін ауданда 9 мектепті кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебінің күрделі жөндеуі бойынша 2020-2021 жылдары жобалық-сметалық құжаттар жасалып, мемлекеттік сатып алу тәртібімен тендер ерте-ақ өткізілді. Алайда конкурсқа қатысушы мекемелер өзара соттасып, тендер тоқтатылып, іс жаздай созылды. Сонымен біз 2 қыркүйекте мердігер мекеме – «Сервис центр-2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшартқа отырдық. Әрине, оқу жылы басталғанда жөндеу жүргізу бізді де ойландырды. Бірақ салынғанына 40 жылдан асқан мектепті жөндеудің реті келіп тұрғанда, ондай мүмкіндікті жіберіп алғымыз келмеді. Сондықтан облыстық білім басқармасымен және мектеп басшылығымен ақылдаса келе, оқушыларды ауыл ішіндегі Өнер және қосымша білім беру, Балалар шығармашылық орталықтарына және колледждің ғимаратына уақытша оқыта тұруды шешіп, күрделі жөндеуді бастап кеттік. Аудандық білім бөлімінің автобусымен күніне 12 рейс жасап, балаларды тасымалдауды ұйымдастырдық (негізі тасымалдау арақашықтық 3 километр болғанда ғана ұйымдастырылуы тиіс). Балалардың қауіпсіздігін қадағалау үшін мұғалімдер кезекшілікке қойылды. Мұны білім бақылау департаменті мен облыстық білім басқармасының өкілдері келіп, көріп кетті. Мердігер мекеме, тапсырыс беруші және техникалық байқаушы бар, бәріміз арнайы кеңес өткізіп, сметалық жобаға біраз өзгерістер жасадық. Мысалы, сыртқы қоршаудан бас тарттық, себебі бұрынғысы әлі де жарамды еді. Одан үнемделген қаражатты мектептің ішкі жұмыстарына пайдаланайық деп шештік. Кеңес өкіметі кезінен қалған мозайкадан жасалған плиталарды бұзу, қабырғаларды түгел қырып-сылау, терезелерді, жылу жүйесін ауыстыру үлкен жұмысты және қаражатты талап етеді. Мәселен, сметада шатырдың астынан құйылатын сейсмикалық белдеу қарастырылмапты. Бұл үшін басқа жұмыстарды қысқартып, ақшаны осыған жұмсағанды жөн көрдік. Сосын сметада мектептің еденін ламинатпен жабу қарастырылған. Алайда еден күніне төрт рет жуылады, ал ламинатқа дымқыл тисе көтеріліп кететіні тағы бар. Сондықтан дәліздің еденіне керамикалық плита, ал кабинеттерге линолеум төсеуге келістік. Сметалық құжаттың алдыңғысын жасаған «Димаш» жеке кәсіпкерлігі жосықсыз деп танылған, кейін өзгертілген сметалық құжаттың авторы болып «Дару проект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі танылды. Сөйтіп, техникалық кеңестің көмегімен жобалық-сметалық құжатқа өзгерістер енгізіліп, қажетті құрылыс материалдарының бағасы да өзгертілді. Мысалы, алдыңғы сметада көрсетілген 3377,6 шаршы метр ламинаттың орнына 3551,61 шаршы метр керамогранитті плита төселді. Электр жүйесі толық ауыстырылды. Ал асхана ішінің кафелі осыдан үш жыл бұрын ағымдағы жөндеуде жаңаланған болатын. Кейбір терезелер де алдында ауыстырылғандықтан, бұрынғы ағаш күйінде тұрғандары ғана жаңаланды. Сапасы жақсы болғандықтан мектептің баспалдағы да сметаға кірмеген. Мердігер мекеме баспалдақтың ұстағышын көктемде сметадан тыс жұмсақ резеңкемен қаптап бергелі отыр. Қазір темір күйінде тұрғаны рас, бірақ қауіп төндіретіндей бұрыштары үшкір емес. Баспалдақтың еденіне кафель төселсе, тез сынғыш келеді және әр жуған сайын тайғанап, балалар үшін қауіпті болмақ.
Биыл қыс ерте түсті. Әдетте жылу қазан айында беріледі, ал бұл мектепке желтоқсанда сорғы берілді. Себебі қазандықтың мұржасы қатты желден сынып кетті, екі (насос) істен шықты. Жылу жүйесінің 10-15 метрін мердігер демеуші ретінде ауыстырып, жөндеп берді. Мердігер бұлармен қоса демеушілік есебінен интернаттың еденіне жылу жүргізіп, мектептің электр, қауіпсіздік жүйелері мен бейнебақылауын да орнатты. Сонымен қатар қазандыққа әрқайсысы 425 мың теңге тұратын екі мотор алып берді. Шатырдың астына сейсмикалық белдеуді құйып жатқанда мектептің сыртын қаптаған кірпіштері аздап түсіп қалды. Жөндеуді құрылысшылардың қауіпсіздігін ойлап кейінге қалдыртқан едік, – деді мектеп ішін бізбен бірге аралаған Жайдар Саттарқұлұлы.

Ауыл тұрғындары тарапынан айтылған сын-ескертпелерге байланысты облыс әкімдігінің білім басқармасынан құрылған комиссия келіп, жағдаймен танысқан. Енді аудандық білім бөлімі жұмсалған қаражаттың заңдылығына қаржылық бақылау жүргізу үшін тексеру шақыртып отыр екен. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев егер құрылыс жұмысында кеткен ақаулықтар болса, қайта реттеуге мердігердің үш жылдық кепілдігі бар екенін алға тартып, қаржылық бақылауда заңсыздықтар анықталса, жауапты болуға дайын екенін де жеткізді.

Ауданның Мыңарал ауылындағы Кенесары Қасымұлы атындағы орта мектепте 24 қаңтар күні түнде акт залының төбесін тіреп тұрған бетон ағашы (балка) құлап, төтенше жағдай орын алған болатын. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Елу бір жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп 480 орындық, мұнда барлығы 175 оқушы білім алады. Осындағы шағын орталықта 48 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепте барлығы 34 педагог жұмыс істейді. Бұл білім ошағының ғимаратына соңғы рет 2018 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазандығы сыртқа шығарылған көрінеді.

– Мектеп 1972 жылы соғылғанда спорт залы мен акт залының төбесін шайырмен (смола) және қара қағазбен жапқан, мұндайды жұмсақ шатыр дейді. Бірақ одан су өтіп тұрған. Мен аудандық білім бөлімінің басшылығына келгенде спорт және акт залдарында жылу жүйесі жоқ болатын. Сондықтан бұл екі зал көбіне пайдаланылмай, жабық тұратын. 2018 жылы күрделі жөндеу жүргізілгенде ол жерде ешқандай жарық сызаттары болған жоқ, тек су өткен іздері ғана көрініп тұрды. Сондықтан оны шатырмен жауып, ішін қырып, сылады, содан су аққаны тоқтаған. Осыдан соң мектептегі барлық іс-шаралар осында өткізіліп келді. Балалардың жаңа жылдық мерекесі де сол жерде ұйымдастырылған, – дейді Жайдар Жазықбаев.

Орын алған жағдайдан кейін мектептегі оқу онлайн режимге көшірілген. Аудан әкімінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, Кенесары Қасымұлы атындағы орта мектеп апатты жағдайда деп танылуына байланысты объектілік ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәлімдеуінше, қазіргі таңда, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ Оңтүстік Қазақстан филиалының талдау қорытындысы күтілуде. Соған сәйкес шешім қабылданатын болады.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Мойынқұм ауданы

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support