- Advertisement -

Әйелдердің ішкілікке салынуы қасірет

90

- Advertisement -

Бүгінгі таңда әйелдердің ішкілікке салынуы қоғамның өзегіне түскен дерт болып отыр. Бір қолымен бесікті тербете отырып, екінші қолымен әлемді тербететін әйел – ұрпақ жалғастырушы, тұлғаны тәрбиелеуші. Жаратылысынан жоғары жауапкершілік жүктелген жанның ішкілікке салынуы келешегімізге балта сілтегенмен бірдей.

Осы орайда біз облыстық психикалық денсаулық орталығында емделуші әйелдер арасында алкоголизм мен нашақорлықтың себебін анықтау мақсатында екі бағытта әлеуметтік-гигиеналық және психологиялық жағынан зерттеу жұмыстарын жүргізген едік. Зерттеуге 55 әйел алынса, оның 41-і ішімдіктен, 14-і нашақорлықтан зардап шегеді. Бөлімдегі ішімдіктен зардап шегетіндердің орта жасы 45-те болса, ал нашақорлардың орта жасы 26-да.

Анкеталық сұрастыру кезінде алкогольді алғаш қабылдағанда әйелдердің 72 пайызында көңіл-күйдің көтеріңкі болуы, ал нашақорларда эйфория шақырғаны анықталды. Келесі күні олардың 13 пайызында агрессия, делсалдық,

апатия, яғни үйренудің алғашқы белгілері пайда болған. Тексеру барысында әйелдердің әрқайсысында кемінде 2 соматикалық ауру анықталды. Олардың арасында асқазан- ішек жолдарының (жара, гепатит), несеп- жыныс жүйесінің (пиленефрит), жүрек- тамыр жүйесінің (артериялық гипертензия, миокардиодистрофия) аурулары кездесті.

Олардың өмір тарихымен танысқанда, көбісінің ата-анасы ішкілікке салынған немесе толық емес отбасында тәрбиеленген болып шықты. Өздері де 14-16 жасында спиртті ішімдіктің дәмін тата бастаған. Тағы бір қызығы, зерттеу нәтижесі осы әйелдердің ішкілікке салынуына олар атқарған жұмыстың, яғни мамандығының да үлкен әсер еткенін көрсетті. Мысалы, ішкілікке салынған әйелдердің 38 пайызы бұрын сауда және азық-түлікпен қамтамасыз ету саласында жұмыс істеген. Емделушілердің 56 пайызының бүгінгі таңда отбасы жоқ. Әйелдердің түгелге жуығы бала жайында әңгімелескісі келмейді, өйткені өздерін айыпты сезінеді. Олардың 78 пайызы үрейленудің жоғары дәрежесінде. «Ішкілікке не үшін жақын болдыңыз?» деген сұрағымызға науқастардың барлығы себеп ретінде стресті айтады, кейде сыртқы факторлардың әсеріне көңіл бөледі. Психологиялық тексеру алкоголизм мен нашақорлықтың дамуында адамның психикалық ерекшелігі қатты әсер ететінін көрсетті. Сондай-ақ, ішкі конфликттер, таңдау қабілетінің болмауы, өзін-өзі төмен бағалау мен қоғам туралы түсініктің жоқтығы, қоршаған ортамен қатынастың үзілуі де маңызды орын алады.

Депрессия кезінде ағзаның сергектігіне, гармонияға, қоршаған орта әсерлеріне бейімделуге жауап беретін нейрондардың норадреналин, дофамин, серотонин бөлу қасиеті тежеледі. Осы гормондардың дефицитін толтыру, сөйтіп депрессиядан шығу үшін адамдар әртүрлі жолды таңдайды. Психикалық ерекшеліктеріне байланысты кейбір адамдар қате таңдау болса да ішкілікке салынып кетеді.

Біздің ескертетініміз, өмір болған соң адамның стреске ұшырамауы мүмкін емес. Алайда қиындықтың шырмауынан шығудың ең төте жолы осы екен деп ішкілікке салыну – қате қадам. Мұндай жағдайда әйел-ана азғындық жолына түседі. Отбасынан, балаларынан айырылады. Қазақ қай кезде де әйелді жақсылық атаулының үлгісі санаған. Отбасының ұйытқысы, балалардың ақылшысы деп білген. Ендеше, осы ардақты атқа лайықты болайық, қадірменді қыздар мен ардақты аналар!

 

 Ләззат ТАҢАТБАЕВА,

облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support