Мүдде мен мақсат үйлесімі
Мүдде мен мақсат үйлесімі
Елбасының республика халқына жолдаған биылғы «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жұртшылық арасында түсіндіріп-ұғындыру үшін құрылған облыстық және аудандық ақпараттық-насихаттық топтардың мүшелері жеті топқа бірігіп, Жамбыл ауданының 47 елді мекенінде тұрғындармен дөңгелек үстел басындағы кездесулер және басқа да форматтағы іс-шаралар ұйымдастырды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Сембек Сейдәзімов жетекшілік еткен ақпараттық-насихаттық топ Айша бибі және Қаратөбе ауылдық округтерінде жұртшылық өкілдерімен кездесулер өткізді. Қос ауылдың тұрғындары да Мемлекет басшысының Жолдауындағы жеті қағидатты жергілікті жердің мысалдарымен байланыстыра айтқан топ мүшелерінің лебіздерін зейін қоя тыңдаған. Ауылдықтар өздерінің Елбасы Жолдауына қолдау көрсететіндіктерін, аталған тарихи құжаттан туындайтын міндеттердің тездетіп жүзеге асырылуын асыға күтетіндіктерін білдіре отырып, жергілікті жерде туындап отырған бірқатар проблемаларды да қозғады. Мәселен, Айша бибі ауылында өткен кездесуде ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Райымбек Мұсатаев Елбасының өткен Жолдауларында көтерілген мәселелерге сәйкес аумақтағы атқарушы биліктің қолдау көрсетуімен ауылдағы әлеуметтік мәні бар проблемалардың денінің шешімін тапқандығын айта келе, өңірде мал ұрлығының тыйылмай отырғандығына тоқталды. Елді әбігерге салып отырған қылмыстыларды құрықтаудағы құқық қорғау органдарының жұмысы жандандырылса деген тілегін жеткізген. Ал Бектөбе ауылында өткен кездесуде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Зутулла Райымбердиев және басқалары облыс орталығымен екі араға қатынайтын №28 бағыттағы автобустың қызмет көрсету сапасын арттыруға, ауылдағы орта мектептің оқу-өндірістік базасын жақсартуға облыстағы және аудандағы құзырлы органдардың тарапынан ықпал жасалынса деген ұсыныстарын білдірді. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері олардың өтініш-тілектеріне өңірдегі әрқилы деңгейдегі атқарушы билік органдарының назарын аударуға уәде берді.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.