- Advertisement -

«Өңірде сауатты имамдар жеткілікті»

125

- Advertisement -

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевпен сұхбат.

– Қоғамды тәрбиелеуде имандылық пен ізгілік өте маңызды. Қазір көпшілік имамдардың жұмысына бейжай қарамайды. Өткен жылды қалай аяқтадыңыздар?

– Биссимилаһир рахманир рахим! Баршаңызға Алланың рахметі мен сәлемі болсын! Оныңыз рас, бүгінгі таңда барша тұрғындар үшін ислам діні тарататын имандылық ерекше құнды. Осы тұрғыда жүздеген әріптестерімізбен бірге Алланың қалауымен асыл дінімізге, ізгілік жолына қызмет етіп жүргенімізге шүкіршілік етеміз. Мен осы қызметтің тізгінін ұстағаныма үшінші жылға жақындады. Қай кезде де жұмысымыз жүйелі түрде жүріп келеді. Былтырғы жылы да өңірде біраз игі істер атқарылды. Аудандардағы бірқатар мешіттер демеушілердің қолдауымен жөндеуден өтті. Мешіттерді сапалы да білімді имамдармен қамту мәселесі және жат ағымдармен күрес бағыты біздің назарымыздан тыс қалған емес. Біраз жылдан бері облыстық мешіт жанынан «Әжелер алқасы» құрылған. Өздері намаз оқитын және өмірлік тәжірибесі бар әжелердің ана мен бала тәрбиесіне, ене мен келіннің жарасуына байланысты жағдйларға, бойжеткен қыздардың қадамына берер тағылымдары өте мол болып тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының шешімімен медресеміздің білікті ұстазы, облыстық мешіттің бірінші наиб имамы Нұралы Бақытұлы «Үздік уағызшы – 2022» аталымын жеңіп алды. Бұл – біздің барша имамдарымызға серпін беретін үлкен жеңісіміз. Облыстағы діни бағыттағы жарқын жұмыстардың да көрінісі. Түйіндеп айтқанда, өткен жылды да жақсы нәтижемен қорытындылаған өңірлердің қатарындамыз.

– Биылға жоспарлап отырған жұмыстарыңызға да тоқталып өтсеңіз. Қандай жаңашылдықтар бар?

– Қазақстан Мұсылмандары дін басқармасының ұйғарымымен 2023 жыл – Ислам және ізгі қоғам жылы болып бекіді. Себебі, ислам құндылықтары мен ізгі қасиеттердің қоғамның жақсаруына көп үлес қосатыны белгілі. Осы орайда, бес негізгі бағыт назарға алынады. Атап айтқанда, дін мен дәстүр, ізгі қоғам, ықсан мен насихат, діни оқу ағарту, жат діни ағымдармен күрес бағыттары басты назарда тұр. Бұл бағыттардың барлығы маңызды екенін имамдар да, жалпы көпшілік те жақсы түсінеді. Биылғы Ережеп айын жақсы өткіздік. Қазір Шағбан айы да жақсы дайындықпен өтуде. Қасиетті Рамазан айына дайындықты да бастап кеттік. Бұл ретте жамағатқа қа лай бағдар беру, көпшілікке жақсы насихаттар айту, діни танымын тереңдететін түрлі ойындар мен сұрақ-жауаптар ұйымдастыру да назарға алынады. Облыстық мешітке әртүрлі сұрақтармен және жеке жағдайларын айтып келетін кісілерді де тыңдап, қолдан келгенше көмектесіп, қолдап отырамыз. Өзіміздің қолымыздан келмеген іс болса, басқа мекемелерге қоңырау шалып, сауапты істен шет қалған емеспіз.

– Имандылық – асыл қасиет. Қазіргі таңда діни тұрғыдағы сауаттылық басты назарда. Бұл тұрғыда сіздердің қадамдарыңыз қандай?

– Біздің өңірде жыл сайын діни тұрғыда халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтіп тұрады. Мәселен, ол ауқымды жиын 2021 жылы Атлах шайқасының тарихына арналса, 2022 жылы Әулиеата жерінен шыққан діни тұлғалардың еңбектеріне ерекше көңіл бөлдік. Ал биыл Рамазан айы өткеннен кейін «Қарахан мемлекеті тұсындағы Ислам діні және құндылықтары» тақырыбымен халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғыз мемлекеттерінен ғалымдар шақырылады деп күтілуде. Келген қонақтар Қарахан тарихи кешеніне барып, тағзым етеді. Жүсіп Баласағұнның да жатқан жері осы – Әулиеата. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде ізгі қоғам туралы көп айтылады. Биыл назарымызда тұрған ізгі қоғам бағыты бойынша аталған «Құтты білік» шығармасының құндылығы артатынына сенім мол. Оның барлығы жамағаттың сауаттылығын арттыру, тарихымызды бүгінгі жас ұрпаққа таныстыру мақсатында жүзеге асады. Сонымен қатар биыл облыстық ардагерлер кеңесімен бірлесіп, «Ақ бата» республикалық байқауын өңірімізде өткізуді жалғастырамыз. Өңір ақсақалдарымен байланысымыз нығайса, ұрпақ тәрбиесіне пайдасы мол деп түсінемін. Мен облыстық билер кеңесінің алқа мүшесімін. Оның барлығына жастар тәрбиесіне үле с қо су үшін келісімімді беріп отырмын. Жылына бір рет облыстық ардагерлер кеңесінде абыз ақсақалдар мен ардақты әжелердің алдында атқарған жұмыстарым туралы есеп беремін. Ол есеп беру арқылы қариялардың бағасын тыңдап, өзіме бағыт-бағдар аламын. Ақсақалдардың өсиеттері мен өнегесінен ой түйемін. Бұл ретте мен үшін пайдалы нәрселер көп деген ойдамын. Биыл Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы халықаралық құран жарысын өткізуді жоспарлағандарынан хабардар етті. Біз аталған байқауға қатысатын жас қарияларды осы бастан дайындауымыз қажет. Бұл тұрғыда да мешіт имамдары мен медресе ұстаздары жан- жақты жұмысқа жұмылуда.

– Облыста дін бағытындағы мәселенің бірі–сауатты имамдардың көп емес екендігі. Кейбір мешіттерде имам жоқ. Енді осы мәселенің шешімі қалай болады?

– Бұл ретте біраз жұмыстар жүргізілуі қажет. Дегенмен бұрынғы жылдармен салыстырғанда имамдардың сапалық құрамы едәуір жоғарылады. Облыста 338 мешіт бар болса, оның 10-ға жуығында имам жоқ. Бұл ретте алыс ауылдағы имамдардың басқа мекенге қоныс аударуы, қарттық жасқа жетуі, өмірден өтуі деген жағдайларды да ескерген жөн. Қазіргі таңда өңіріміздегі діни қызметкерлердің 31 пайызы жоғары, 21 пайызы орта, 48 пайызы діни курс деңгейінде болып отыр. Мешіттерді білімді имамдармен қамту бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Биыл «Нұр Мүбарак» ислам университетін жамбылдық 28 жерлесіміз бітіреді. Одан бөлек, «Һибатулла Тарази» медресесін 14 түлек аяқтап шығады. Міне, осы жас мамандарымызды әуелі өзіміздің облыстық мешітте жұмысқа қабылдап, тәрбиелейміз. Содан кейін ғана Тараз қаласындағы және аудандардағы мешіттерге имамдық қызметке жібереміз. Жақында бірқатар кадрлық өзгерістер жасадық. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтидің бұйрығымен және менің келісіміммен облыстық мешітте оншақты жылға жуық уақыт наиб-имам қызметінде болған Ержан Аманбаев Тараз қаласына, біраз жыл наиб имам болған Бақтияр Әміреев Шу ауданына, медресеміздің білікті ұстазы болған Жалғас Жұбатханов Талас ауданына бас имам болып тағайындалды. Енді осы кісілерді ауқымды істерге ұйымдастырушы болады деп сенеміз. Облыстық мешіттегі босаған орындарды білімді жас түлектермен толтырып, жұмыс жағдайына бейімдейміз. Тәжірибемізді үйретеміз. Бір жылдан кейін сол мамандарды Тараз қаласындағы және аудандардағы мешіттерге жұмысқа жіберетін боламыз. Кадрлық алмасудың осындай жолын таңдап отырмыз. Осы жолдың жемісті болатынына күмәніміз жоқ. Бұл сауатты имамдардың қалыптасуына және жамағаттық сауатының артуына оң әсерін берері анық.

– Жат ағымдардың жетегінде кеткен адамдармен қандай жұмыстар жүргізіп келесіздер? Түзету мекемесіндегі адамдармен жұмыс қалай жүргізілуде?

Жат ағымдардың арбауына түсіп, теріс бағытта теңселіп жүргендер – қоғамның қасіреті. Ондай азаматтармен түсіндіру, оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында құрамы 32 адамнан тұратын насихатшылар тобын құрдық. Бұл кісілер оқу-ағарту жұмыстарының жолға қойылуы бойынша да тер төгетін болады. Бұл кісілердің барлығы жоғары білімді, тәжірибелі имамдар мен дінтанушылар. Аталған топ бойынша ең үлкен тізім біздің облыста. Діни мәселе ушығып тұрған Атырауда 24 адам мүше болса, халқы көп Түркістан облысында да жиырмаға жетпейтін кісі мүше екен. Бұл біздің облыста діни тұрғыда республикалық насихаттау тобына мүше болып жүрген Қанат Жұмағұл, Ғазиз Ахметов бастаған білімді де тәжірибелі мамандарымыздың көптігін көрсетеді. Осы орайда жалпы көпшіліктің арасында да, түзету мекемелерінде де оңалту, түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүріп келеді. Атап айтқанда, ат алған насихаттық топтың көмегімен түзету мекемелерінен 8 адам, бостандықта жүрген 37 адам оңалған. Оңалту дегеніміз не? Бұл жерде «Мынау кісі оңалды» деп ауызбен айтып, тізімге ала салмаймыз. Ол кісінің оңалғаны туралы әбден зерделеу жүріп, құжаттар толтырылады. Түзету мекемелері де, біздер де әбден оңалғанына көзіміз жеткенде барып, оңалғандардың есебіне қосамыз. Ал бейімделгендерді түзету мекемесінен 24, осы жерден бостандыққа шыққандардан 66 адам оңалған. Бейімдеу, түзету мекемесінен 147, осы мекемеден бостандыққа шыққандар арасынан 194 адам оңалған. Мұның бәрі де біздің насихаттаушы топтың нәтижелі жұмысы. Біздің өңірде барлық түзету мекемелері имамдармен тығыз байланыста жұмыс істеп отыр. Имамдарымыз бен дінтанушыларымыз аталған мекемелерге қай уақытта кіремін десе де, кедергі жоқ. Біздің имамдарға түзету мекемелерінен қарсылық немесе жұмыстарына көңілі толмаушылық болған емес. Соның нәтижесінде оңалту жұмыстары бойынша республикада алдыңғы орындарда тұрмыз. Ол жағын көпшіліктің білгені артық емес. Біздегі білімді имамдарымыз бен дін қызметкерлерінің жұмысының жемісі осындай. Мұндай іс бар жерде жат ағымға ерушілер азайып, ізгі жолмен жүретіндер қатары арта түседі деген сеніміміз бар. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support