- Advertisement -

Б.Момышұлы ауылындағы 18 пәтерлі тұрғын үйдің кілті иелеріне табыс етілді

202

- Advertisement -

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бүгінде Жуалы ауданында да табысты жүзеге асырыла бастады. 

Бағдарламаның аясында осыдан бірер жыл бұрын ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылының шығыс жақ бетіндегі «Көктөбе» тұрғын үй алқабынан жер алу кезегінде тұрған азаматтарға үй салу үшін 170 жер телімі берілсе, содан іле-шала аудан орталығынан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бағдарламаның аясында 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, міне, бүгін пайдалануға берілді.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында салынған 18 пәтерлі тұрғын үйдің ашылу салтанатына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңестің төрағалары Сейітхан Жұмашев, Әбдікерім Уркумбаев, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов, аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары және Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов қатысты.

Ал қоныс тойдың қуанышына баспанаға ие болған тұрғындар және олардың туған-туыстары, сонымен бірге, ауыл тұрғындары көптеп жиналды.
Алғашқы құттықтау сөз аудан басшысы Жалғас Мұртазаға берілді.

-Жуалы ауданында тұрғын үйдің қолданысқа берілуі үлкен қуаныш. Пәтерлер өңірдегі әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға, шын мәнінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беріліп отыр. Бұл – Сіздерге мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек-қолдау. Өңірде тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстары алдағы жылдары да өз жалғасын таба береді. Қоныстарыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деді Жалғас Әлижанұлы. Өңір басшысы осылай тілегін білдіре келе, қоныс той иелеріне пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.

Келесі кезекте жиналған жұртшылықты Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Кемелбек Дәуренов құттықтап, ақ батасын берді. Ал тұрғын үйдің кілтіне ие болған отбасылардың арасынан Амантай Бақбергеннің әжесі, ақ жаулықты ардақты ана Ләйла Сапарқызы және көпбалалы ана Күлзахира Әлімбаева сөз сөйлеп, баспананың құрылысын жүргізуге қолдау көрсеткен ел Үкіметіне және облыстың, ауданның басшылығына аналық алғыстарын жаудырды.

Айта кету керек, тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС жүргізді. Тұрғын үйді қолданысқа беру салтанатында аталған серіктестіктің атқарушы директоры Мұхамед Қарынбай да сөз сөйлеп, қоныс той иелеріне құтты болсын айтты.

Тұрғын үйдің ашылуынан кейін жиналған жұртшылық пәтерлерді аралап көрді. Үш қабаттан, екі кіреберістен (подъезд), 18 пәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері екі бөлмеден тұрады. Ас пісіретін бөлмесі, жуынатын т.б. бөлмелері қарастырылған.

Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету дейтін болсақ, алдағы жылдары бұл бағытта өңірімізден облыс басшылығының қолдауымен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіле беретін болады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист.
Жуалы ауданынан

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support