Құқық

Алимент өндірумен

Алимент өндірумен

Жеке сот орындаушылар да айналысуда

Жеке сот орындаушылардың өңірлік алқасы «Өз балаңды ұмытпа, алимент төле» атты акция ұйымдастырды. Шара аясында жеке сот орындаушылар М.Мырзабеков, Б.Сарбашев, Д.Баймамиров қоғамдық қабылдау жүргізіп, келушілердің мұң-мұқтажына құлақ түрді. Тиісті заңнамаға сәйкес алимент өндіру туралы құжатты мемлекеттік қана емес жеке сот орындаушыларының да қабылдайтыны және бұл қызмет түрінің ақысыз жүргізілетіндігі түсіндірілді. Сонымен қатар, жеке сот орындаушылар алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлердің мекен-жайларына барып, ескертпе қағаздарын таратты. 

– Бүгінде облыс бойынша 15 жеке сот орындаушы қызмет атқаруда. Біз тек мемлекет немесе екінші деңгейлі банктердің пайдасына қарыздарды өндірумен шектелмей, алимент мәселесі төңірегінде де жұмыс істеп жатырмыз. Қазіргі таңда жеке сот орындаушылардың қолында алимент өндіру бойынша 45 атқару құжаты бар. Шараны ұйымдастырудағы мақсат – осы құжаттардың уақтылы орындалуына қол жеткізу. Мұндай акцияны алдағы уақытта да тұрақты өткізіп тұрамыз,– дейді жеке сот орындаушылар өңірлік алқасының төрағасы Бақыт Қарақұлов.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».