12 мемлекеттік қызметші заңсыздыққа жол берген
12 мемлекеттік қызметші заңсыздыққа жол берген
– 2022 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойынша 34 тексеру жүргізілді. Оның 14-і профилактикалық бақылау мен қадағалау, 20-сы жоспардан тыс тексеру. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 368 фактісі анықталды, бұзушылықтарды жою туралы 25 нұсқама және 3 ұсыныс енгізіліп, олар толығымен орындалды. Жүргізілген тексерулер нәтижесіне 6 азаматтың, оның ішінде 4 мемлекеттік қызметшінің құқығы қорғалды. Заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 12 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 14 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аталған әкімшілік істер бойынша 321 615 теңгені құрайтын айыппұлдар мемлекет бюджетіне өндірілді, – деді Лесбек Құралбайұлы. Мемлекеттік органдардың 21 басшы лауазымындағы қызметкері бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Жалпы облыста мемлекеттік қызметтің 369 түрі көрсетіледі. Өткен жылы 12 миллионнан аса қызмет көрсетілсе, оның 97 пайызы электронды түрде ұсынылған. Мемлекеттік қызмет көрсету саласында азаматтардан 61 шағым түскен. Азаматтардың бұзылған құқықтары толығымен қалпына келтірілген. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттырып отыру да істі ілгерілетеді. Өткен жыл ішінде 1238 мемлекеттік қызметшіні оқыту жоспарланғанымен, 1234-і оқытылған. Бұл туралы толық ақпаратты ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыс бойынша филиалының директоры Рауан Садырқұлов баяндады. – Жыл қорытындысы бойынша қайта даярлаудан өткен мемлекеттік қызметшілер саны 227 адамды құрады. Ал 1112 қызметші біліктілігін арттырудан өтті. Сонымен қатар өткен жылы 20 қарашада өткізілген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы қарсаңында облыстағы сайлау учаскелерінің төрағалары мен мүшелеріне арналып «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру және өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында 8 сағаттық біліктілігін арттыру семинары ұйымдастырылды, – деді Рауан Нұрғалиұлы.
Қамар ҚАРАСАЕВА