Спорт басқармасы көше спортын неге қолдамайды?
Спорт басқармасы көше спортын неге қолдамайды?
Workout – алғаш рет Ежелгі Грекияда пайда болып, Ресейде, Батыс Еуропада, әсіресе АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында кеңінен таныла бастады. Аталмыш спортпен шұғылданатындарды көше спортшылары, воркаутер, аула гимнастшылары, белтеміршілер деп те атай береді. 2000 жылдардың басында қарапайым көше жастарының ауладағы спорт құрылғыларымен жасаған қиын жаттығулары интернетте тарай бастады. Нәтижесінде желіге салынған бейнежазбалар әлемге тез тарап, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Кейіннен әуесқойлар арасында дүниежүзілік чемпионаттар ұйымдастырылып, воркауттың өрістеуіне жол ашты. Мәселен, алғашқы әлем біріншілігі 2011 жылы 27- 28 тамыз аралығында Ригада (Латвия) өткізілген болатын. Жарыс қорытындысы бойынша украиндық Евгений Козырь бірінші орыннан көрініп, воркаут тарихындағы ең алғашқы жеңімпаз атанған. Қазақстандықтардың арасында воркаут қозғалысы тек 2009 жылы ғана кеңінен тарай бастады. Қазір елімізде аталған спорт түрінен дүбірлі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Айталық, ақпан айының 18-і күні Елордада гранд-финал өтеді. Оған облыстан 8 жас қатысуға ниеттеніп отыр. Қазір облыс орталығында да, аудандарда да саябақтар мен көшелерде Street Workout алаңшаларына көз үйренді. Аптаның әрбір күнінде, демалыс күндері одан да көп жастар сол жерден табылады. Ол саламатты өмір салтын ұстануды мақсат еткен еліміз үшін үлкен нәтиже. Жастар тек темірмен шынығып, босқа тер төгіп жүрген жоқ. Біріншіден, замандастарына үлгі болып, спортпен айналысуға насихат жасап жүрсе, екіншіден, бәсі биік додаларда аймақтың абыройын асқақтатып келеді. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін міндеттеген болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020- 2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Енді аталған мәселе жергілікті жерлерде қалай шешімін тауып жатыр деген орынды сауал туады. Әуелі біз өңірде аталған спорт түрімен тұрақты айналысып, айтарлықтай көрсеткіштерге жетіп жүрген жастармен тілдестік. Дегенмен олардың жеткен жетістігі көңіл қуантқанымен, қолдаудың жоқтығы жанға батты. – Осы спорт түрімен 2012 жылдан бері тұрақты түрде шұғылданып келемін. Қазір біздің өңірде 481 бала воркаутпен айналысады. Мектеп қабырғасынан бастап айналысқандықтан, спортта мол тәжірибе жинадым. Негізі бұл спортқа 7 жастан бастап жаттыға бастайды. Бүгінде Жамбыл өңірі воркаут бойынша ел аумағында екінші орында тұр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Десек те, осы көрсеткіштерге ешқандай қолдаусыз, өз күшімізбен жетіп жүрміз деп айтар едім. Себебі өңірде Жастар ресурстық орталығынан басқа бізді ешкім қолдап отырған жоқ. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына реніштіміз. Себебі бізбен кері байланысқа шықпайды. 2022 жылы Қайрат Рысқұлбеков саябағында өткен жарыста басқарма тарапынан сайланған төрешілер әділетсіздік жасады. Ол жарыста төрешілер Street Workout федерациясынан болған жоқ, тек армрестлингпен айналысқан азаматтар болды. Нәтижесінде өздерінің спортшылары жеңімпаз атанды. Бізде Жуалы, Меркі, Қордайда өздерінің қаржысымен жарыстарға қатысып, өңірдің намысын қорғап жүрген қаншама спортшы бар. Соларды неге қолдамасқа? Бәрі өз қалталарынан ақша шығарып жарыстарға қатысуда. Тек жоспарды орындау керек болған кезде ғана біз спорт басқармасына керек болып қаламыз. Ондай кезде бізді шақырады, іс-шараны өткізеді, фотоесеп жасайды да кетеді. Алда болатын жарысқа да билетті өзіміз сатып алдық. Әйтпегенде Street Workout федерациясы «әр спорт басқармасы осы мәселені назарға алсын» деген хаттама жіберді. Басқармадағылар бізге «нотариустан сенімхат жасаңдар» деді. Нотариустан сенімхатты 12 мың теңгеге жасатамыз. Біз ел бойынша әр өңірдегі спортшылармен байланыстамыз. Мәселен, Қызылордада алдағы жарысқа әр спортшыға тек жолына 100 мың теңгеден бөлініпті. Ал бізге көк тиын да бөлінбейді. Есепті кездерде «бұқаралық спортты дамытып жатырмыз» деп бізді де, жетістіктерімізді де тізімге қосып қояды. Шынтуайтында түк те қолдап отырған жоқ, – дейді воркаутшы Самат Шапибай. Мұнан соң біз облыс әкімдігіне қарасты дене шынықтыру және спорт басқармасына қайырылдық. Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында нендей жұмыстар атқарылғанын, қандай қолдаулар бар екенін сұрадық. – Бұл спорт түрін облыста дамыту мақсатында 2014 жылдан алаңшалар салына бастады. Былтырдың өзінде облыста 25 стрит воркаут алаңшасы пайдалануға беріліп, олардың саны 287-ге жетті. Биыл да аудандық, қалалық бюджеттен және демеушілер есебінен 10 стрит воркаут алаңшасының құрылысы жүргізіледі деп жоспарлануда. Былтыр шілдеде «Март» сауда ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қоры мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен кермеге тартылудан «Tartyl fest» спорттық фестивалі өткізілді. Фестивальге 500-ден аса спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз, жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ аталған фестивальде республика бойынша ең көп кермеге тартылған тараздық спортшы Евгений Нам рекордсмен атанды. Сол секілді 2016 жылдан бастап облыс көлемінде «Көше ойындары» фестивалі ұйымдастырылуда. Фестиваль бағдарламасында стрит воркаут, армрестлинг, мас-рестлинг, армлифтинг, арқан тарту және стритбол секілді біраз спорт түрлері қарастырылған. Фестивальдің Тараз қаласы мен аудандарда іріктеу кезеңдері ұйымдастырылып, жеңімпаздары облыстық ақтық кезеңде бақтарын сынайды. Жарыстың барлық кезеңдерінде жыл сайын 10 мыңнан астам адам қамтылуда. Биыл да облыста екі ауқымды турнир ұйымдастырылады. Ал осы ақпан айында Астанада өтетін жарысқа 10 спортшы жолдама алған. Олардың ішінде отбасылық жағдайына байланысты екеуі бармайтын болды. Негізінде елордадағы финал биыл қаңтар айында өтуі керек болатын. Біз алдын ала билеттерін алып қойғанбыз. Бұл жарыста балалардың жататын орны мен тамағына «Dara» дарындыларды қолдау қоры қолдау білдіріп отыр. Ал билетіне біздің басқарма жауапты. Бірақ жарыс мерзімі ақпан айына ауыстырылғандықтан билеттерді қайтадан өткізуге тура келді. Енді жарыс күні жақындағанда қайтадан билеттерін аламыз. Тағы да жарыс мерзімі ауыстырылуы немесе отбасылық жағдайларына байланысты бармай қалатындар болуы мүмкін, сол себепті дәл қазір билет алмай отырмыз, – деп түсіндірді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Азамат Ділдебай. Осылайша, екі тараптың пікірі бір-бірімен ұштаспады. Воркаутшы жастар қолдаудың жоқтығына қапалы, ал басқарма жыл сайын олар қолдаудан кенде емес екендіктерін алға тартуда. Біз талай спорт сайыпқыраны самғап ұшқан өңірдегі басқарманың жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз. Бірақ Street Workout – ең қолжетімді спорт түрлерінің бірі. Оны қолдау үшін қыруар қаражат та қажет емес. Тек талпынған жастардың талабына құлақ түріп, мәселелерін назарға алса дейміз. Себебі дүбірлі додаларда өңірдің намысын басқарма емес, спортшылар қорғайтынын ұмытпағанымыз абзал!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ