Денсаулық

Еңбегі ерекше адам

Еңбегі ерекше адам

Қаныгүл Сыдықназарованы театр қызметкерлері тегіс «Клара» деп атап кеткен. Біз де ол кісіні шамамен жиырма жылдан бері білеміз. Облыстық қазақ драма театрының қойылымдарын тамашалауға барғанда көруші едік. Бірақ сол қойылымға апайдың сіңірген еңбегі қандай үлкен екенін біле бермейді екенбіз. Ол елу жылға жуық уақыт аталған өнер ошағында грим жасаушы болып еңбек етті.

Жас күнінен биік мақсатқа ұмтылған Қаныгүл Сыдықназарова 1967 жылы Мәскеу мемлекеттік цирк және эстрада училищесіне оқуға түсті. Бұл училищеде цирк мамандары, танымал актерлар, белгілі бишілер сабақ беретін. Цирк жағынан Юрий Мандыш, грим сабағынан Ольга Николаевна, би сабағынан Светлана Юсиповна дәріс берді. Аталған оқу орнын 1972 жылы сәтті бітіріп шықты. Дипломын алған соң Шепкин атындағы театр институтын бітірген түлектермен бірге Арқалық театрына жұмысқа барады. Қаныгүл де замандастарымен бірге аталған қалада жаңа театрдың ашылуына атсалысқан алғашқы буынның қатарында болды. Екі жылдан соң Жамбыл қаласына оралып, қазіргі А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына актриса болып қабылданады. Театр директоры Тұрар Дүйсебаев жас маманға сенім артады. Екі жылдан соң театрға грим жасаушы маманның көмекшісі болып ауысады. Сөйтіп тәжірибе жинайды. Кейінірек грим жасаушы Григорий Семенович зейнетке шыққан соң Қаныгүл апай бір өзі грим шебері болып жұмыс істей бастайды. Жамбыл театрында елу жылға жуық ете жүріп, талай белгілі тұлғалармен қызметтес болды. Әйгілі Мұхаметқали Табанов, Жорабек Шүленбаев, Алтын Ружева, Мәкен Рахымжанова, Нұрсифат Салықова, Маутай Жұмағұлов, Әлібек Әмзеев, Болат Бекжанов, Шәмшагүл Жаменкеева, Қуандық Қасымов, Құрақ Оразбаев, Асқарбек Сейілхан, Жұмахан Әбдіқадыров, Гүлшат Қыпшақова, Майра Әлімбетова, Жүніс Әлімбеков, Әбиірбек Тінәлиев, Мәлік Ақүрпеков, Анар Сағымбекова және өзге де актерлардың барлығына грим жасады. Бұл кісі туралы әріптесі, Халық артисі Мәкен Рахымжанова да жоғары пікірде «Біз бұл кісіні Клара деп атап кеттік. Жұмысына өте жауапты әрі тиянақты. Актерлар өте көп. Ал грим жасаушы біреу ғана. Соған қарамастан, Қаныгүл Сыдықназарова барлық сәтте үлгеріп, актерлардың үнемі көңілінен шығып жүрді. Оның осынша ауқымды жұмысқа қай кезде үлгеретініне таңданушы едік», дейді Мәкен апай. Қашанда күлімдеп жүретін жақсы қасиеті де ұнайды» деп ақ тілегін аямай ақтарды. Қаныгүл апай ұл-қыздарының тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген кісі. Әсіресе ұлы Мұхиттың болашағына үлкен сенім артыпты. Тәрбиелі ұл- қыздары үмітті ақтады. Үлкен қызы Гүлім – ұлттық дизайнер болса, Мұхит – саясаттану ғылымдарының докторы, кіші қызы Дамира ағылшын тілінің маманы. Немересі Диас Варшавада университет бітіріп, Таразда қызмет істеп жүр. Барлық немерелері де білім жолына түскен азаматтар. Қаныгүл апай осы бір қарапайым өмір жолына шүкіршілік етеді. – Бар өмірім театрда өтті. Маутай Жұмағұлов деген ата өте жақсы кісі еді. Мұқаметқали Табанов атаның мейірімді сөзі естен кетпейді. Қызықты сәттер де өте көп. Әлібек Әмзеұлы Антон Чеховтың спектаклінде Иванов дегеннің рөлін сомдады. Басты рөлдің бірі. Сонда бойы биік Әлібектің түр-тұлғасын әрлеу сәтіндегі қызықтар да есте. Аталған театр Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» драмасын сахналау үшін Жуалы ауданына барғанда Сталиннің рөліндегі Спандияр Мұқышевқа көлдің жағасында отырып грим жасағаным бар. Ондай қызықты сәттер өте көп. Әр актермен сыйласып, біріне әпке, біріне бауыр, әріптес болып күн кештік. Еш әріптесім менің жасаған гриміме көңілі толмай, реніш білдірген емес. Жауапкершілікті сезіндім. Тұрар Дүйсебаевтан бастап, Болат Бекжановқа дейінгі аралықтағы театр директорларының барлығымен бірге қызметтес болдым. Еңбегім елеусіз емес. Түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарым бар. «Мәдениет саласының үздігі» атандым. Мәдениет және спорт министрлігінің Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған медальмен, облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Өмір жолыма, жасаған қызметіме, тағдырыма ризамын, – дейді Қаныгүл Сыдықназарова.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы