Әлеумет

Атасы атындағы... көшені көрсе еді

Атасы атындағы... көшені көрсе еді

Облыстық «Ақ жол» газеті соңғы кездері халықтың іздеп жүріп оқитын сүйікті газетіне айналды. Бұрындары тек қоғамдық-саяси газет болса, бүгіндері танымдық, тарихи-әдеби мәселелерді көтеріп, көптеген игі істерді қолға алып, халықтың ризашылығына бөленуде. Ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде «Ақ жол» газетінде жарияланған журналист Б. Жаппарұлының «Сіз тұратын көше. Кімнің атында екенін білесіз бе?» деген мақаласы кімді болса да бей-жай қалдыра қоймайтыны сөзсіз. Осы мәселеге орай біраз ой қоссам ба деп едім. Тараз қаласында мыңнан аса көше бар. Осы көшелерге кімдердің есімі берілген. Классик ақын-жазушылар, атақты ғалымдар, әртістер, елге белгілі өңір басқарған азаматтар, бұрынғы қазақ батырлары мен Еңбек Ерлері, партия-кеңес қызметкерлері, соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлер. Бәрі дұрыс делік. Дегенмен, өзіміздің төл тарихымызда алатын орындары ерекше, елі, жері үшін, қазақ халқы үшін жанын пида еткен арыстарымыз бар емес пе? Мәселен, Абылай хан, Наурызбай батыр, Әбілхайыр хан, Тараз шаһарының өсіп-өркендеуіне көп еңбек еткен Әділ төре, Алашорда үкіметінің Әулиеата өңірін басқарған Асқар Әділов, Қ. Әлімбеков және басқаларының есімін көшелерімізге берсе жараспай ма? Қала көшелерінің тізімін қарап отырып, облыстың тарихынан біраз хабарым бар болса да көп адамдардың кім екенін білмедім. Мысалы: Абдыбаев, Әбілхаиров, Байгесиев, Баженов, Бөкеев, Голунчина, Естемесов, Ичин, Қадіралиев, Сағындықов және тағы да басқа есімдері бейтаныстардың кім екенін жұртшылық қайдан білсін? Сауранбаев көшесі бар. Бұл прокурор болған Сауранбаев па, әлде аудандық партия комитетінің хатшысы болған Е. Сауранбаев па, жоқ әлде Тельман Сауранбаев па? Ултамбаев, Құсаин деген кісілер кімдер? Кезінде әкесінің, ағасының, атасының, апасының, ағайын-туысқандарының есімін көшеге беріп, мақтанған ұл-қыздары, немерелері қайда? Ата-әкесінің атындағы көшеге жарық жүргізіп, жолдарын жөндеп, арық жиегіне тал көшетін отырғызып, көшенің басына есімі берілген азамат туралы қысқаша мәлімет жазылған тақтаны неге орнатпасқа? Ұрпақтары ата-әкелерінің атындағы көшелерді тап-тұйнақтай етіп ұстап, көріктендіріп тұрса, аруақ та риза, тұрғындар да риза болмас па еді?

Мәскеу Ноқрабеков.