- Advertisement -

Өнердің АЛТЫН ОРДАСЫ

235

- Advertisement -

Әр ұлттың болмысын танытатын, өзгелерден ерекшелейтін қасиетті құндылығы – өзіне тән өнері екені даусыз. Тарихы терең Әулиеата өңірінің қойнауы құт, бастауы береке, топырағы мыңдаған таланттарды тудырған жомарт мекен. Қазақтың қара шаңырағы, Қазақ хандығының туы тігілген жер ежелден- ақ тарихи мұраға, мәдени-рухани құндылыққа бай өлке. Сондықтан Жамбыл жері ақиық ақындар мен жауһар жыршылардың, күміс көмей әншілердің киелі ордасы саналады. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп жырлаған қазақтың халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевтің өзі бір дастан. Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза сияқты тұлғалардың өзі бір тарих. Алдыңғы буын қалыптастырған жолды жалғап, республикалық, халықаралық үлкен сахнаға талантты өнерпаздарды дайындап келе жатқан ұстахана – облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы». Осыдан 55 жыл бұрын құрылған өнер ордасы бүгінде ел игілігі үшін қызмет етуде.

Филармонияның тұңғыш директоры Георгий Шапошников болған. Ол өнер ошағын екі жыл басқарған. Мұнан соң Нұрғазы Жомартов тоғыз жыл басшылық жасаған. Елімізге танымал әнші- композитор Алтынбек Қоразбаев 1979-1990 жылдары аталған ұжымның директоры қызметін атқарды. Вадим Пак деген кісі де екі жыл филармония тізгінін ұстаған. Үш жылға жуық әйгілі әнші Сәуле Жанпейісованың директор болғаны да тарихтың бір кезеңі. Бүгінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Сейітқасым Түктібаев мекемені абыройлы басқарып келеді.

Филармонияда әр жылдары Тәкен Молдақынов, Құдайберген Нұрманов, Сыпатай Өсербаев, Гүлжахан Өсербаева, Сайлау Бердіқожаев, Әріпбай Мұсапанов, Мұса Жүкенов, Мақсат Салықов, Бекенай Мәдіханов, Қаржаубай Тілеуқабылов, Талғат Орынтаев, Анна Вундер, Есенбек Сәтбаев, Жексен Нұржауов, Мырзабек Шағыров бастаған өнер шеберлері еңбек етті.

2018 жылы облыстық филармонияға қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтің есімі берілді. Облыс әкімінің қолдауымен «Шырқа, даусым!» атты республикалық әншілер байқауы филармонияның ұйымдастыруымен Жамбыл өңірінде екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Бұл да жыл сайын жаңа таланттардың танылып, өнер жолына қанат қағуына мүмкіндік береді.

1970 жылы құрылған «Алатау» жастар ән-би ансамблі филармонияның алғашқы қарлығашы. Беріректе түрлі жағдайларға байланысты аталған ансамбльдің жабылып қалған кезі де болды. 2012 жылдың сәуір айынан бастап облыстық филармониядан «Алатау» фольклорлық ансамблі қайта құрылып, оған әуелі Мәдениет қайраткері Ержан Рысметов, кейіннен Жақсылық Әжмұханов жетекшілік етті. Ансамбльдің қазіргі жетекшісі халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Дастан Көреген. Ансамбль сазсырнай, сыбызғы, жетіген, қылқобыз, домбыра, шертер және тағы да басқа қазақтың көне аспаптарымен халықтың күйлері мен әндерін жоғары деңгейде насихаттап, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Аталған ұжым 2012 жылы Қырғыз Ре спубликасының Талас қаласына өнер сапарымен барып қайтса, 2013 жылы Варшава қаласында өткен Жамбыл облысының мәдени күндеріне қатысып, өнер көрсетті. Астана қаласының 15 жылдық мерейтойына орай І халықаралық «Қаратау сарыны» атты дәстүрлі музыка фестивалінде, ІІ халықаралық «Қаратау сарыны» атты дәстүрлі музыка фе стивалінде өнер көрсетіп, көзге түсті. Түркияның Самсун қаласында «TÜRKSOY» және Самсун әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық өнер фестивалінде де бұл ұжымның өнері жоғары бағаланды. Сонымен қатар «Алатау» жастар ән-би ансамблінің жеткен жетістіктері өте көп.

Өңіріміздегі ұлттық өнерді өрістету мақсатында 2011 жылдың сәуір айында облыс әкімінің қолдауымен филармонияның жанынан Қазақ ұлт аспаптар оркестрі құрылды. Орке ст рдің құрамында 50 кәсіби музыкант қызмет етеді. Репертуарында 300-ден астам шығарма бар.

2021 жылдың маусым айынан бастап оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Дулат Байзілдаев. Орке ст рге әр кезеңдерде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхтарбай Рахманқұлов, ҚР білім беру ісінің үздігі Көркемғали Серімбетов, Адай Жұмат, Айдос Мендалиев дирижерлік етті.

Оркестр облыс көлемінде ұйымдастырылып жүрген мәдени іс-шараларда, Шерхан Мұртазаның, Әбдімомын Желдібаевтың, Илья Жақановтың мерейтойларында өнер көрсетті.

«Балауса» циркі – облыстық филармонияда өзіндік орны бар шығармашылық ұжым. Бұл ұжымның көркемдік жетекшісі халықаралық конкурстардың лауреаты Талғат Альчикенов. Цирк ұжымы сахнаға елімізде тұңғыш болып «Дала еркелері», «Арқанмен секіру ойыны», «Ақтолқын» үйретілген көгершіндер, «Икариика ойыны», «Буынсыз дене» нөмірлерін шығарды. Жетістіктері де жетерлік. 2004 жылы Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Дала еркелері», «Ақтолқын», «Буынсыз дене» қойылымдары лауреат атанды. Мұнан кейін де бұл ұжым аталған фестивальде екі рет сәтті өнер көрсетті. Сондай-ақ шығармашылық ұжым 2008 жылы Қытай Халық Республикасында, 2010 жылы Арменияда өткен цирк фестивальдерінде өнер көрсетіп, жетістіктерге жетті.

Филармония басшылығы әр жылы жаңа мүмкіндіктерді ашып отырады. 2014 жылдың басында облыстың өнерлі жастарын қолдау, орындаушылық шеберліктерін қалыптастыру бағытында «Кәусар» вокалдық ансамблі құрылды. Аталған ансамбль – вокалды партиялар негізінде классикалық және заманауи бағытт а әндерді орындайтын «сопрано», «альт», «тенор» және «баритоннан» тұратын вокалдық топ. Ансамбль репертуарында қазақ халық әндері мен қазақ классиктерінің, шетел композиторларының камералық хор музыкасының үлгілеріне түсіріліп жазылған әндер бар. Бұл вока лдық ансамбльдің кәсіби өсуіне және репертуар жинақтауына Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Вокал және дирижерлау » факультетінің деканы Ғалымжан Берекешевтің үлкен ықпалы болды. 2014-2019 жылдары П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің түлегі Дидар Игіліков ансамбльдің хормейстері болды. Кейіннен бұл міндетті Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Нуриддин Абдешов жобаларға қатысқан. Қазіргі уақытта ансамбльдің репертуарында 50-ден аса достық, бейбітшілік, патриоттық әндер мен халық және шетелдік композиторлардың әндері де бар.

Әйгілі «Тараз» триосы 1974 жылғы Жамбыл облыстық «Алатау» халықтық-жастар эстрадалық ансамблінің құрамында құрылған. Ол жылдары аталған трио құрамында Алтынбек Қоразбаев, Алтынбек Бекмұратов, Мұхтар Рахманқұлов, Пернебек Оспанов, Берік Қалиевтар еңбек етті. Алғашқы кезде жамбылдық домбырашы-әншілер триосы болып аталды. Репертуарында негізінен халық әндері, халық композиторларының, жергілікті және республикаға танымал композиторлардың да әндері бар.

«Тараз» триосының қазақ өнерін шет мемлекеттерге танытуға қосқан үлесі де мол.

Трио республикалық «Жігер – жастар» фестивалінің лауреаты атанды. Екі мәрте Мәскеуде өткен Халық шаруашылығы жетістіктері көрме сінде өнер көрсетіп, Алғыс хатпен марапатталды. Халықара лық «Дала дауысы» радиофестивалінің лауреаты атанды. 2005 жылы Конституцияның 10 жылдығына байланысты, Түркияның сегіз қаласын аралап, концерт берді. Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына байланысты «Тараз» триосы болып аты өзгеріп, құрамы жаңарды. Қазақстан мен Польша

«Тараз» триосының әншісі Асылхан Шүңіреков 2012 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын иеленді. Қазіргі трио домбырашы Асылхан Шүңіреков, сырнайшы Ержан Ыдырысов және дауылпазшы Ноян Сейділдаев үштігінен құралған.

Қазақ халқы би өнерінен кенде емес. Әлемді биімен тамсандырған Шара Жиенқұлова, Болат Аюханов, Шұғыла Сапарғалиқызының жолын қуған таланттар Әулиеата топырағында да бар. Оған дәлел – ең алғаш филармонияның жанынан 1988 жылы құрылған «Айша бибі» би ансамблінің атының шартарапқа асқақтауы. Бұл ретте ансамбль негізін қалаушы балетмейстер, ұлттық бидің шебері атанған Байдәулет Сазабековтің еңбегі ерен. Әлем халықтарының биін кеңінен насихаттаған «Айша бибі» би ансамблі бүгінгі күнге дейін әдемі өнерімен әлемді таңғалдырып жүр.

«Айша бибінің» орнын жоғалтпай филармония тарихында үкілі «Үркер» би ансамблі пайда болып, дәстүрлі жолды жалғастырды. «Үркердің» қалыптасуы жолында тер төккен балетмейстер Бибігүл Лечеваның еңбегін айтпай кетуге болмас. 2005 жылдың қыркүйек айынан бастап «Үркер» би ансамблі «Үкілі Үркер» атанып, облыстық филармонияда қызмет атқарып келді. Бұл ансамбль 1999 жылы Астана қаласында өткен «Шабыт-Миллениум» халықаралық фестивалінің, 2001 жылы Орал қаласында өткен Шара Жиенқұлова атындағы республикалық бишілер фестивалінің дипломанты болды. 2002 жылы Өскемен қаласында өткен «Жас толқын» студенттік жастар фестивалінде III орын алса, 2003 жылы Атырау қаласында «Жас толқын» студенттік жастар фестивалінде бишілер Гран-при жүлдегері атанып топ жарды. Өзге де жетістіктері жетерлік.

Одан соң «Ақкербез» би ансамблі дүниеге келді. 2012 жылдың ақпан айында құрылған өнер ұжымын а Айжан Нұрманәлиева, Ләззат Есбергенова жетекшілік етсе, ал кейінгі жылдары балетмейстер Айжан Қонарбаеваның еңбегінің нәтижесінде біраз белестерді бағындырды. Астана қаласында өткен «Аймақтар аламаны» республикалық телебайқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Астана қаласы әкімдігінің және «Наз» мемлекеттік би театрының ұйымдастыруымен «Баян-сұлу» шоу балет студиясы өткізген ІІ республикалық өнер конкурсының Гран-приін жеңіп алды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ықпалымен 2017 жылы Үнді кеңесінің қолдауымен мәдени байланыстар негізінде ұйымдастырылған Нью-Дели қаласының «Камани» концерт залында үш күндік халықаралық халық биі фестивалінің жеті қойылымына қатысты. Ансамбль  Үндістанның Порт-Блэр аралында, Гувахати, Шиллионг, Нью-Дели қалаларының тұрғылықты халқына өнер мерекесі ұсынып, қазақ елінің ұлттық жанрдағы би өнерін танытты. Ансамбль құрамында биші жігіттер де бар.

Кейінгі жылдары Асылхан Шүңірековтің Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанғанын айттық. Дәл осындай атақты әнші Бақыт Шағырбаев пен филармония директоры Сейітқасым Түктібаев та иеленді. Разия Мәдіханова Қазақстанның мәдениет қайраткері атағына ие. «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен Ержан Рысметов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ержан Ыдырысов марапатталған. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне Оңал Азаматова, Маралбек Бабақұлов, Назима Үсенова, Сәуле Маманова, Жанатбек Қадіров, Мадина Сағынбекова, Айгүл Мақашева, Ғани Мәтебаев және Жандос Омаров лайық болып отыр. Қазақ өнеріне еңбегі сіңген азаматтарды марапаттарға ұсыну жалғасын таба береді. Аға буыннан Жасан Тілеубековтің жөні бөлек. Жас толқыннан Жанна Асанқұлова, Қайсар Көкішев, Құрмаш Қуанышбаев жемісті еңбек етуде.

 

Есет ДОСАЛЫ

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support