Әлеумет

Ауыл көрікті болсын десек...

Ауыл көрікті болсын десек...

Мен мемлекеттік авто­инспекцияда ұзақ жыл қызмет етіп, зейнетке шықтым. Жеке кәсібім бар. Құлан ауылы соңғы жылдары ерекше кейіпке еніп, көріктеніп, абаттандырылды. Аудан орталығында әдемі скверлер, саябақтар, субұрқақ хауыздар пайда болды. Жібек жолы көшесінің бойында неше түрлі аң мен құстың скульптуралық бейнелері қойылған. Әсіресе, «Жәмилә әже» дәмханасының тұсындағы бүркіт пен ақ дегелек керемет табиғат суретін көз алдыңа әкеледі. Жақында байқадым, әлгі әдемі ақ дегелекті суыққолды біреулер ұрлап алып кетті ме, көрінбей қалды. Енді осындай қолдан жасалған табиғи ортаға қол салсақ, кім болғанымыз? Сонда біздің түнгі сақшыларымыз қайда қарап жүр? Ілгеріде кеңес милициясы қоғамдық тәртіпті түнде де күзететін. Меніңше, сол тәртіпті қазір де орнату керек қой деп ойлаймын. Тағы бір айтайын дегенім, Құлан көшелерінде қоқыс тасталатын арнайы жәшіктердің жоқтығы. Мен кішігірім «урналарды» айтып тұрғаным жоқ. Осы орталық көше мен халық көп жүретін орындарға қаладағыдай үлкен күл-қоқыс жәшігін қоюға болады ғой. Адамдарды да осы жәшіктерге тұрмыстық қалдықтарды тастауға дағдыландырғанымыз жөн шығар. Әйтпеген күнде, көшеде қыдырып жүрген азаматтар балмұздақтың қағазы мен сусынның ыдысын қай жерге болса сол жерге тастап жүре беретін болды. Құлан ауылдық әкімдігі осы мәселені мықтап қолға алып жатса, біз – кәсіпкерлер де қолұшын беруден бас тартпаймыз.

Бауыржан Таштанов, жеке кәсіпкер, полиция ардагері.

Құлан ауылы, Т. Рысқұлов ауданы.