- Advertisement -

Пойыздардың жылдамдығы неге төмен?

92

- Advertisement -

Жамбыл бөлімшесіне қарайтын Жамбыл-Қаратау-Жаңатас теліміне қатысты бір мәселе бар. 1954 жылы пайдалануға берілген бұл жолдың ұзындығы 175 шақырымды алып жатыр. Тіпті Жамбыл-Қаратау арасындағы болат жолдың бойында бір кездері «Транссібір экспресі» тарихи фильмі түсірілген. Өкініштісі, соңғы ширек ғасырдың көлемінде бұл болат жолдың бойына не ағымдағы, не күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Енді, әңгімемізге тұздық болып отырған негізгі мәселені тарқата отырсақ. Бүгінде еліміздегі ірі химия кәсіпорындары – «Қазфосфат» және «ЕуроХим» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері осы телімде жүк тасымалының 60 пайызын қамтамасыз етуде. «Қазфосфат» ЖШС жиырмадан астам өнім шығарып, оны Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, қала берді Еуропа мемлекеттеріне, Қытай, Үндістан, Латын Америкасы, Америка Құрама Штаттарына экспорттап, ішкі нарықты да қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы «Қазфосфат» ЖШС «Минералды тыңайтқыштар» зауыты өндірістің екінші кезеңін іске қосқанын ескерсек, онда жүк айналымының еселенетіні тағы анық.

Жүк тасымалының жоғарыда айтқандай негізгі басымдығын алып отырған ірі компанияның өнімдерін тасымалдауда – болат жолдың тозығы жеткеніне куәміз дейді компания өкілдері. Өйткені мұнда жылдамдықты 40 шақырымнан асыру мүмкін емес көрінеді. Яғни жылдамдық төмендеген сайын компания шығын көруде. Бүкіл құрамды жетелейтін тепловоздарға жанар-жағармай көп кететіні тағы белгілі. Ал «Қазфосфат» ЖШС 2022 жылы 830 мың тонна жүк артса, ол көлем 2024 жылдың басына дейін 1,200, жылына миллион тоннаға жетеді дейді мамандар. Фосфор шикізатына деген сұраныс жылына орта есеппен 4,7 есеге (37 пайыз) артып отырса, 2027 жылы 9,6 миллион тоннаға дейін артады.

Сондай-ақ жоғарыдағы көрсетілген мерзімге дейін күкірт қышқылына деген сұраныс жыл сайын 31 пайыз өсіммен 5,2 миллион тоннаға жетеді. Ресей мен Өзбекстан Республикаларының аммиакқа деген сұранысы да қатар көтерілетіні тағы анық. Бұдан бөлек, Сарысу ауданында «ЕуроХим» компаниясы жаңа минералды тыңайтқыш зауыты құрылысын жүргізуде. Бұл да жүк көлемін арттырады.

Қазір мамандар алдағы жылдары жүк айналымы артқан кезде ай сайын кемі 25-40 жүк пойызы жүретінін болжамдап отыр. Сондықтан бүгінгі күні «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Жүк тасымалы» ЖШС жүк тасымалы айналымында кірістерін көтеру үшін өндірістік қауіпсіздікті ескеріп, телімді жөндеу жұмыстарынан өткізуі керектігін алға тартуда. Сонымен қатар бүгінде осы телімде Жамбыл-Қаратау арасында қала маңы тасымалы қатынап отырғанын да ескерген жөн.

Осы телім бойына қарау, қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырған Жамбыл магистральді желі бөлімшесіне қарасты Жамбыл жол дистанциясының директоры Жүнісбек Табулдиевке жолығып, мәселені біліп едік.

– Аталған телім бойында жөндеу жұмыстары сатылап жүзеге асып отыр. Бүгінгі күні Жамбыл-Қаратау арасындағы болат жолдың бойында жылдамдық сағатына 60 шақырымға көтеріліп, мұнда былтыр күшейтілген орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Қаратау-Жаңатас аралығында жұмыстар жүргізіледі, атап айтқанда, Шабақты-Табақбұлақ арасындағы, яғни 124-144 шақырым аралығындағы 20 шақырымда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жамбыл мен Жаңатас аралығындағы Бурыл, Шайқорық, Аса, Жұма, Тамды, Қаратау, Ақтаутас, Табақбұлақ, Шабақты, Бугун стансалары аралығындағы жолдар да сатылап жөнделетін болады. Әрине, жоғарыдағы ірі компаниялардың жүк айналымын көтеруі – ұлттық компания үшін кіріс көзі. Сондықтан ұлттық компания тарапынан алдағы жылдары стратегиялық жұмыс жоспары бекітіледі, – дейді Жүнісбек Табулдиев.

Дегенмен бүгінде жоғарыда атап кеткен «Қазфосфат» ЖШС өзінің теміржол паркі инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарын бастап та кетті. Локомотив паркін сауықтыру шаралары барысында теміржол-транспорттық кешенін «Транко» аутсорсинг компаниясына сатылай ауыстыруды бастады.

Транспорт- логистика нарығында 25 жылдан бері жоғары кәсіптік беделге ие болған компанияның «Қазақмыс» компаниясымен жүргізген жұмысы кепіл бола алады дейді мамандар. Ал аймақтағы ірі инвестициялық компания «ЕуроХим» компаниясы транспорттық- логистикалық ахуалды жақсарту үшін алдағы жылдары Жаңатас-Түркістан аралығында 88 шақырым болат жол салуды жоспарлап отыр.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support