Кітаптан қол үзбейік
Кітаптан қол үзбейік
Алла тағала берген ғұмырында адамзат әртүрлі жағдайда өмір сүреді екен. Мен де өз ғұмырымда біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрудемін. Мектепте қырық бес жыл мұғалімдік қызмет атқарып, зейнет жасына жеткен адаммын. Енді қанша өмір сүрерімді бір Алла ғана біледі. Біреулер ақша, мал, әртүрлі заттар жинаса, мен кітап, газет, журналдар жинап жүремін. Ең алғаш рет 6 сыныпта «Қырық қыз» деген кітап оқып, содан бері кітапты жаныма серік етіп келемін. Кітап – білім қазынасы, одан көп нәрсені біліп, көңіліңе тоқып алуға болады. Ауылдағы құрдасым, бір кітаптың авторы Еркін Ақжігітов деген азамат мені әзіл-шыны аралас сықақтап: Бар жинаған кітабың, Өлгеннен соң молаңа, Басыңа бақ боп қона ма? – дейді ғой әжуалап. Бірақ, кітаппен достығымды бәрібір тастамадым, соның өсиетін орындадым. Менің жас ұрпаққа айтарым, «Кітаппен дос болыңдар, кітап –рухани байлық. Кітапты сүйіңдер, ол – ақылшы, кеңесшің» дегім келеді. Кітап ойландырады, біліміңді нығайтады, ой-өрісіңді өсіреді. Адамның рухани дүниесін кеңейтіп, біліктілігін жетілдіреді. Сондықтан да адам баласы кітаппен дос болуы қажет. Қазіргі нарық заманында адам баласына зәру заттардың бірі рухани дүние болары сөзсіз. Егер сенің білімің аздау болса, өзіңнен мықты адамның илеуінде кетіп, таласа да алмай кібіртіктеп тұрасың. «Артық білім – кітапта» деп данышпан Абай бекер айтпаған. Алайда, қазіргі заманда кітаптар аз таралыммен шығып, ауыл адамдарына жете бермейді. Осы жағы қиын. Сөзімнің соңында айтар аталық ақылым, кітаптан қол үзбеңдер, ағайын!
Төреқұл Әлханұлы, зейнеткер.
Ақсу ауылы, Шу ауданы.