Сүт фермаларын салуға айрықша назар
Сүт фермаларын салуға айрықша назар
Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның айтуынша, 2023 жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласында 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның ішінде сүт-тауарлы фермасы, құс, балық шаруашылығы, жем-шөп дайындау цехы, сондай-ақ жылыжай бар. Жобалардың жалпы құны 238,0 миллион теңгені құрайды. Олар бойынша 31 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ауданда жалпы құны 9336,0 миллион теңге болатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Олардың қатарында «Ferro-Polymetal Resources Group» ЖШС (ванадий, полиметалл өндірісі), «KazHydroOperating» ЖШС (шағын су электр станциясы), «IMC Group» ЖШС (мақсары өңдеу цехы), «Yaposha» ЖШС (кептірілген нан өңдеу жобасы). Жуалы ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» республикалық тасжолы бойындағы сервисті дамыту жобасына бірден бірнеше кәсіпкер тартылған. Аймақ басшысы сүт саласын дамытуда тауарлы- сүт фермаларын салуға айрықша назар аудару керектігін баса айтты. Туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков Мәдениет және спорт министрлігімен әзірленген туризм саласына инвестиция тарту рейтингінде облысымыз екінші орында тұрғандығын айтты. Ол туристерді тарту бойынша 2023 жылға жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады. – Біз инвесторларды өзіміз іздеуіміз керек, оларға жобалар ұсынуға тиіспіз, өйткені біз облысымыздың әлеуетін, қандай мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалғанын жақсы білеміз. Әрбір инвестициялық жоба басқарма басшыларының да, аудан әкімдерінің де ерекше бақылауында болуы маңызды, – деді Нұржан Нұржігітов. Кездесу барысында инвесторлар автотуризмді дамыту, сарқын суларды тазарту нысанының құрылыстарын салу жобаларымен таныстырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.