- Advertisement -

Шәмші мен Мэлстің кездесуі

267

- Advertisement -

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Тараз қаласының іргесіндегі Айша бибі ауылының атақ-даңқы дүркіреп тұрған кез. Бірде 1953-1970 жылдар аралығында облыстық мәдениет басқармасын басқарған Есет Ақылбаев колхоз төрағасы Виктор Кимге телефон шалады.

– Виктор Илларионович, сіздің колхозға жас композитор Мэлс Өзбеков деген жігітті жібергелі отырмын. Өзі талантты жігіт. Чайковский атындағы музыкалық училищені ң түлегі. Шаруашылығыңыздың даңқы аспанға өрлеп тұр, енді ауыл өнерпаздарының өнерін шыңдауға бір талпыныс жасап көрейік. Үй бересің, жұмыс бересің, керек болса әйел де алып бересің, – деп қалжыңдайды сөз арасында.

– Әрине, қолда бар барлық көмекті көрсетеміз. Жұмыс та, үй де болады. Ал әйел жағы қалай болар екен… – дейді қазақы қылжыңды түсіне қоймаған Виктор Ким.

Сөйтіп, Мэлс Өзбеков төрт-бес жыл осында тұрақтап, ауылдың Мәдениет үйінде еңбек етеді. Ауыл тұрғыны Ұрлыхан Рахманқұлқызымен шаңырақ көтеріп, ұл-қыз сүйеді. Үнемі ізденісте жүретін композитор жергілікті ақын Совет Әлімқұловпен «Асадағы ақ сәулешім» деген ән жазады. Бұл ән алғаш «Аса жастарының вальсі» аталып, кейін Жамбыл ауданы жастарының әнұранына айналып кетті.

Сол жетпісінші жылдардың басында облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Бибатыроваға телефон шалған композитор Әсет Бейсеуов: «Ғайникеш, біз Шымкентке жол жүріп бара жатыр едік. Жолда Жамбылға соғамыз», – дейді. Біз дегені – Шәмші Қалдаяқов, Сабырхан Асанов үшеуі болатын. Олардың Сарыағашқа демалысқа кетіп бара жатқан сәті екен.

Сол жолы қызықты оқиға болады. Жоғарыдағы үшеуі Жамбылдың автобекетіне келіп, Ғайникен Бибатыроваға телефон соғып, көлік күтіп тұрғандарын айтады. Ғайникен Бибатырова бұл бұйымтайды ішкі істер бөлімінің басшысына айтады. «Автобекетте тұрсақ, өңшең милиция мінген сары «Уазик» қайта-қайта алдымызға келіп тоқтайды. Біз мына шетке кетсек, онда барады, былай жүрсек те соңымыздан қалар емес. Бұл қалай болғаны деп, аялдамаға қарай жүрдік. Көлік соңымыздан қалар емес. Аялдамаға келгенде әлгі көліктен түскен аға лейтенант: «Бізді сіздерді күтіп алуға Ғайникен Бибатырова жіберген еді» дегені. Әбден күлейік», – деп осы оқиға жайында кейін жиі еске алып отыратын Әсет аға.

Құрметті қонақтарды жамбылдықтар кешкілік Шымкентке шығарып салады. Әсілінде Шымкентке шығатын жол Айша бибі ауылын жарып өтеді. Ауылдан өтіп бара жатқанда Әсет: «Әй, Мэлсті осы ауылда тұрып жатыр деп естуші едім. Жолығып кетсек қалай болар екен…», дейді. Сөйтіп, үшеуі Шымкенттен қайтар жолда Мэлске соқпақшы болады…

Сол жылдары колхоздағы кешкі мектептің директоры Сүйінбек Жанғарин Мэлстің шығармашылығын бұрыннан білетін, өнерді қадірлейтін азамат еді. Композитормен етене жақын араласып, өнерге аңсары ауып жүрген ұлы – Асылханды қанатының астына алуына өтініш жасайды. Асылхан да Мэлс ағасымен танысқанына қуанып, үнемі жанынан табылып жүреді. «Мен үйіріліп, Мэлс ағаның жанынан шықпайтын болдым. Аға біраз әндерін үйретті, ол кісінің музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі, яғни кәсібилігі керемет болатын. Менің баянды үйренуім осы кісінің мектебі десем болады.

Ағаның жаңа әндерін облыстық радиоға апарып беріп жүрдім. Тіпті сол радиода ағаның біраз әндерін орындадым да. Мэлс аға жұмсайды, мен шауып барып орындап келемін. Үйіндегі майда-шүйде жұмыстарға да қолғабыс етіп жүрдім», дейді бүгінгі күні еңбегінің зейнетін көріп отырған Асылхан Жанғарин.

– Ұрлыхан жеңгей қызылшашы, таңнан кешке дейін жұмыста. Ал Мэлс ағаның үйі ауылдың орталығындағы көшенің бойында. Бірде Шәмші аға, Әсет Бейсеуов, ақын Сабырхан Асанов қонаққа келді. Мэлс аға бұл қонақтарды күтпесе керек. Сәл абдырап қалды. Сөйтті де бір кітаптың ішіне тығып қойған 25 сом ақшаны менің қолыма беріп, дүкенге жұмсады. Жоғары сыныпта оқитын жігітпін, нені алу керектігін түсіне қойдым, жайнатып дастарқанды да ұйымдастырып жібердім. Қонақтар екі-үш сағат емін-еркін пікірлесіп, қызу әңгіме айтып отырды. Өнер, музыка төңірегінде, әуеніне сөз іздейтін сазгерлер мен ақындардың шығармашылық одағы, ізденіс жайында жүрек тебіренткен әңгімелерінің біразы есімде қалды, біразы қалмады. Мэлс Өзбеков Шәмші ағаның әндерін пианинода ойнады. Міне, осы кездесуде Шәмші көзіне жас алып: «Қайран, Мэлс! Менің шығармаларымды сен секілді соншалықты сауатты орындайтын композиторлар аз-ау» деп бір тебіреніп, Нұрғиса Тілендиевтің Мэлсті Алматыға шақырған аманатын жеткізді. Әсеттің әндерін орындағанда Әсет Бейсеуов: «Мэлс, мен де сендей пианинода шебер ойнайтын болсам, тағы қандай әндер шығарар едім…» деген-ді. Иә, бұл кездесу менің жадымда мәңгі жатталып қалды. Еш ұмытпаймын, – дейді ардагер-ұстаз Асылхан Сүйінбекұлы.

Шәмші мен Мэлс кездескен, бір- бірінің шығармашылығын жоғары бағалаған, пікірлес болған. Тіпті Шәмші Қалдаяқов 1982 жылы «Лениншіл жас» газетінде «Әнқұмар қауым неге ділгір?» деген мақаласында Мэлс Өзбековтің шығармашылығына жоғары баға береді.

Көз көргендер Мэлс Өзбеков Мойынқұм ауданында жиі болып Жаз- ата – Жазылбек Қуанышбаевтың да шарапатын көп көрген деседі. Осы ауданның еңбеккерлеріне арнап жазған «Тамаша Талдыөзегім», «Мақтанышым, Мойынқұм» әндері тағы бар. Мэлс ағаның әндерін өзінен үйреніп, ел ішінде кең насихаттап жүрген Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, «Тараз» үштігінің жетекшісі Асылхан Шүңіреков былай деп еске алады:

–Мэлсті Жаз-ата ерекше құрметтеді. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Жаз-ата құдалыққа барғанда Мэлс Өзбековті жанына ертіп, бас құда деп таныстырады екен. Ән айтатын қыз- жігіттерді қолпаштап, көрімдік беретін көрінеді. Мэлс кейде көңілі толғанда «Мен Жаз-атаның баласымын» деп те еркелейтін. Содан болса керек, ол Жазылбек Қуанышбаев қайтыс болғанда қатты қайғырды. Өмірде еш нәрсе ол кісінің орнын толтыра алмайтындығын айтып, көз жасын төкті. Асау көңілі жуасып, үнсіздік өмір серігіне айналды. Жаз-ата туралы ерекше тебіренетін. Өйткені Мэлс жаратылысында адамға сенгіш, аса таза адам болды. Ондай адамдарды бұл дүниеде кездестіру мүмкін емес-ау.

Мэлс ағамен 1987 жылы «Талдыөзек» совхозы кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген кезімде таныстым. Бір күні кешкілік ауылға композитор келіпті деген хабар жетті. Артынша сазгерді күтушілер, совхоз директоры Жартыбай Қожамұратов бастаған азаматтар маған келсін, сазгердің жаңа әнін үйреніп алсын деген хабар жетті. Мен ол кезде жоғары оқу орнының бірінші курс студентімін. Сондықтан композиторға жолығу мен үшін қажеттілік еді. Біздің ауылға арнап шығарған әні – «Тамаша Талдыөзегім!». Қазір ауылымыздың аты Қылышбай болғанымен, бұл ән ауыл төлқұжаты сияқты. Әнді бүгінгі күнге дейін мен орындап жүрмін.

Әсте даусын көтеріп сөйлемейтін, біреудің бетінен қақпайтын, кімді де болса әңгімесін үзбей тыңдайтын қасиеті ол кісіні адамдарға жақындата түсетін. Сазгер ауылға жиі келетін. Келген сайын әннен шашу шашып, ауылымызды құдіретті әуездің бесігінде тербейтін. Бірде ол жаңа жазған «Мақтанышым, Мойынқұм» әнін үйретті. Жұбайым Жұмакүл екеуміздің құтты қонағымыз болып, үйде жүрген кездерде «Ана», «Көктем вальсі» әндерін де үйреткен еді. Бұл әндерді әлі күнге орындап жүрміз. Мэлс аға негізі айналасы жұп- жұмыр, көркем жыр мәтініне зәру болатын. Ол сол кезде қазақтың белгілі ақыны Әбдірахман Асылбековпен тығыз шығармашылық байланыста болды. Ал ағаның ғұмырлық әндері «Тараз» үштігінің репертуарынан түскен емес.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support