- Advertisement -

Әскердегі әлімжеттік

272

- Advertisement -

Бала күнде әрбіріміз әскерден келген ағаларды көргенде тұла бойы тұлғасына тамсанатын едік. Отан қорғап келген ондай азаматтар нағыз оғлан болып көрінетін. Әрі оны көрген ауылдың қарасирақ балалары Отан қорғау үшін ертерек ер жетуге талпынатын. Бір сөзбен айтқанда, бала күніміздегі «супермендер» сол сарбаздар болатұғын. Араға оншақты жыл салып жағдай түбегейлі өзгеріп сала берді. Қазір Отан қорғау үшін емес, керісінше әскерден басын ала қашатындар көбейді. Неліктен?

Жылда жаға ұстатарлық жағдай

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, былтыр жыл басынан төрт сарбаз өзіне қол салып қаза болған, жеті солдат суицидке талпынған, тағы бір жауынгер сапта тұрғанда есінен танып, көз жұмған. Соңғы айтылған оқиға Жамбыл өңірінде болған. Әскери бөлімге келгеніне төрт күн болған 18 жастағы жауынгер жұмбақ жағдайда көз жұмған. Бастапқыда жауынгердің «таңғы сап кезінде есінен танып қалғаны», артынша көз жұмғаны хабарланған. Кейін Қорғаныс министрлігі «Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеді. Былтыр сәуір айында аймақтағы «Андас батыр» шекара бекетінде тағы бір сарбаз өлі күйінде табылған болатын.

Ресми мәлімет бойынша, соңғы он жылда Қазақстанда 230 әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсаған. Яғни орта есеппен жылына 22 сарбаз суицид жасайды. Қазақстанның әскери бөлімшелерінде әр 6 күн сайын жарғыға қайшы келетін әрекет бойынша бір қылмыстық құқық бұзу тіркеледі. Кейінгі он жылда жарғылық емес, өзара қарым-қатынасқа байланысты 604 адамға қарсы қылмыстық құқық бұзу әрекеті есепке алынған. Бұл тек назарға іліккені ғана.

Жуырда ғана былтыр 19 тамызда Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүріп, суицид жасады деген азаматтың аса ауыр зорлықпен қаза болғаны туралы сараптама нәтижесі шығып, күллі елді дүрліктірген болатын. Жауыңа тілемейтін жауыздыққа барғандар да алыстан емес, сол бөлімге қарасты екені әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Осы жайттан кейін кей қазақстандықтардың әскерге баруға деген ынтасы жоғалған секілді. Бұған дейін де балаларын көшеден, жұмысынан не басқа жерден бас салып алып кетіп жатқанына наразы болған ата-аналар да мына оқиғадан кейін тіпті күдерін үзген сыңайлы.

Иә, соңғы уақытта әскерде борышын өтеп жүріп қаза тапқан сарбаздардың саны артып барады. Ел тынышын күзетеді деп сенім артылған шекара бөлімдерінде мұндай жағдай орын алып жатқанда, басқасын айтпай-ақ қоялық. Тек Жамбыл өңірінде ғана емес, ел аумағы бойынша осындай оқиғалардың орын алуы санаға салмақ, жүрекке жүк салары анық. Өскелең ұрпаққа үлгі болып, жауапкершілікке дағдыландыратын отандық әскери орындардағы олқылықтардың бұл басы да, соңы да емес. Десек те, қайбір істе де қайырын берсін деген ел үшін лайым сұмдық жағдайдың соңы болғай деп тілейміз. Әйтпегенде өз жерінде қорлық көріп, әлімжеттіктен жапа шегіп, жан тапсырып жатқан жауынгерлердің жайы бұлай жалғаса берсе, халықтың келешегін жақсылыққа апармайтыны айдан анық.

Ата-аналардың алаңы – ұлының амандығы

Қазір әскерге баласын жіберуге ата-аналардың басым көпшілігі қарсы екені жасырын емес. Себебі бауыр еті баласынан айдың-күннің аманында айырылып қалудан қорқады. Аялап өсіріп, ертең бізді асырайтын, қала берді қара жерге тапсыратын үмітіміз, отбасының шырағы деп отырған ұлының ойда-жоқта опат болғанын есту – кеудесінде жаны бар кез келген жанға оңай емес.

– Қазақ халқы мұндайда «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп айтқан. Әскерден балалар бекерден-бекер қашып отырған жоқ. Себебі онда әлімжеттік, жас сарбаздарға күш көрсету бар. Өзімнің үш қыздан кейін Алладан тілеп алған жалғыз кенже ұлым бар. Ешқандай да әлжуаз, жалтақ емес. Бала күнінен спортпен шұғылданады. Бокстан аудандық, облыстық жарыстарға да қатысып жүр. Отбасында да ешқандай қысым көріп өскен емес. Әкесі екеуміз бар тәрбиемізді беріп, қолымыздан келгенше қолдап келеміз. Бізге салмақ салғысы келмей өзі де жұмыс жасап, қолғанат болып жүр. Әскерге де бармаймын демейді. Әкесінің жолымен жүріп, ол жақтың өмірін де көргісі келеді. Бірақ былтыр көршіміздің жап-жас баласы сол әскерден мүгедек болып оралды. Менің балам екеуі ойнап өскен ол бала қазір өз еркімен жүріп-тұра алмайды. Сабағын да жақсы оқитын. Әскердегілерден соққы жеп, миы шайқалып, былайша айтқанда, кеудесінде шықпа жаным, шықпа деген жаны ғана қалды. Қазір менің балам да үрейленіп жүр. Бетіне қарап отырған жалғыз ұлымыздың ондай жағдайға душар болғанын әрине қаламаймыз. Өзіміз жіберіп алып, артынан бармағымызды тістеп, жоқтау айтып отырғымыз келмейді, – дейді тараздық ана Сабира Жүнісқадырқызы.

Ұлының болашағына алаңдаған ана еліміздегі әскери жүйені толығымен өзгерту қажет деп санайды. Көшеден күштеп алып кетіп, ақыры өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізетін әскери саланың бағыты дұрыс емес екендігін айтуда.

– Балаларды көшеден көлікке салып алып кетіп жатқандарына жол болсын. Азаматтардың ең қымбат құндылығы – Отан екені шүбәсіз. Бірақ Ата Заңымыздың алғашқы бабында мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі екенін тайға таңба басқандай етіп жазылғанын ұмытпауымыз керек. Біз варварлық ел емеспіз, баланы мал секілді күштеп көлікке салып, ұрып- соғып әскерге жіберетін. Шынымен әскерде жағдай жақсы болса мұндай оқиғалар орын алмас еді. Балалардың бәрін дүрелеп соғып, жағдайды жасырып, қаза табуына, ар-намысының тапталуына жол бере берсе, Отанды кім қорғайды? Меніңше, әскерилердің сарбаз тәрбиелеу жұмыстарына түбегейлі реформа қажет. Қазіргі ұстанымдары мүлдем дұрыс емес. Қазір жастардың талғамы, көзқарасы, ойлау жүйесі мүлде басқа. Ескі жүйемен Жаңа Қазақстанның жастарын Отан қорғауға тәрбиелеуге болмайды. Айналып келгенде ата-ананы кінәлағысы келеді. Өз ұлым қазақы дәстүрмен өсіп келе жатыр. Жеті атасын жеті жасынан жатқа біледі, үлкенді сыйлайды, өзінен кішілерге ізеті ерекше. Көршіміздің ұлы да сондай еді. Ешқандай ата-ана баласын әскерде өлсін деп өсіріп отырған жоқ. Сондықтан әскердегі жүйе жөнделмейінше, баламды жіберуден бас тартамын, – дейді С.Жүнісқадырқызы.

Аталған мәселеге орай, біз жоғарыда ұлы мүгедек болып қалған кісілермен де байланысып көрдік. Өкінішке қарай, әскерден жапа шеккен ұлы түгіл, әскер деген сөздің өзін ә дегеннен естігілері келмейтіндерін ашық айтты. Олардың әлі де жандары жаралы.

Сарбаздарға ғана емес, командирлерге де психологиялық көмек қажет

Бұл мәселе ата-аналарды ғана алаңдатып отырған жоқ. Осы орайда психологтар мұндай жағдайға баланың өскен отбасы, өнген ортасымен қатар, сарбаздарды салаға бейімдейтін командирлерге де тікелей қатысты екенін айтуда. Олар әскери қызметкерлердің өздеріне де тұрақты түрде психологиялық көмек қажет екенін алға тартуда.

– Рас, қазір әскердегі балалар арасында әлімжеттік оқиғалары жиі орын алатын болды. Ең алдымен бала бірден Отан қорғауға, ол жердегі ортаға дайын болып бара салмайды. Кез келген адам өз өміріндегі өзгеріске алдын ала мүмкіндігінше дайындалуы қажет. Баланы көшеде жүрген жерінен ұстап алып, әскердің «қазанына» салып жіберу дұрыс емес. Алдымен баламен психологиялық жұмыс жасалуы керек. Қазір мектептердің, тіпті балабақшаның өзінде әрбір баланың өзіндік жеке қасиеттері, мінез-құлықтары ескеріледі. Сол секілді әскерге де бәрі бірдей үйреніп кете алмай жатады. Олқылықтың орын алуына жастардың агрессивті мінез- құлықпен әскери ортаға баруы бірден-бір себеп. Кейбір балалар отбасында қысым көреді, кейбірінің әлеуметтік жағдайы төмен болады, мұның бәрі балаға әсер етпей қоймайды. Сондықтан әскери өмір кейін жас сарбазға не береді, оның рухын қалай көтереді деген сұрақтардың жауабын әрбір балаға ұқтыра білу керек. Ол үшін алдымен әскери ортадағы психологиялық қызметтің жүйесін белсенді ету қажет. Яғни психологтар тек жас сарбаздармен ғана емес, сол жердегі әрбір әскери қызметкермен үнемі байланыста жұмыс жасауы тиіс. Себебі әскери өмір, қатаң талап, ұрыс- қимылдары, осының бәрі кез келген адамның психологиясын өзгертеді. Өмір бойы осы салада жүрген қызметкерлер үшін бұл қалыпты жағдай болып кетеді. Бірақ ол жастарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Әскери қызметкерлер тарапынан қатал, агрессивті қарым- қатынас болса, енді ғана әскерге келген жас балаларда Отан қорғауға деген қандай құлшыныс болады? Осы жағына басымдық берілуі қажет. Әскери ортада сауатты психологтардың санын, олардың жұмыс істеу уақытын ұзарту керек. Жас сарбаздарды ортаға бейімдеуде олардың әлеуметтік, психологиялық, физиологиялық, биологиялық жағдайларына терең мән берілуі тиіс. Ал ол жұмыстармен тек кәсіби сауатты психологтар ғана айналыса алады. Командирлердің өздерінде психологиялық мәселелер болса, олар жас сарбаздарға қалай көмек бере алады? Біз өз тарапымыздан жергілікті жердегі әскери бөлімдермен үнемі әріптестік байланыс аясында тренингтер ұйымдастырып тұрамыз. Бірақ күнделікті тіршілігі тыным таппай жалғасып жататын әскери орта үшін бұл тамшы ғана. Әрбір әскери бөлімде сауаттым психологтар күнделікті жұмыс жасаса, кез келген қиын жағдайдың алдын алуға болады, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Әлеуметтік психология» кафедрасының меңгерушісі Шолпан Тұрдалиева.

Патриот жастар қатары аз

Қазір Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы кафелерде жастардың көп жүретіні жасырын емес. Арасында кәмелет жасына толмағандары да жетерлік. Бұл ретте сала ардагерлері отбасының, ата-анасының тапқан табысын оңды-солды шашқанша, Отан қорғауға ұмтылса, одан ұтпасақ, ұтылмайтынымызды айтуда.

– Әскерден балалардың қашуы туралы жағдайлар жиі орын алып жатқаны жанға батады. Әлеуметтік желілерде де «балаларды бөлмеге қамап қойып ұрады екен» дегендей әңгіме көп. Бірақ бұл жаппай орын алып жатқан жағдай емес. Аталары, әкелері әскерде болған отбасылардың балалары Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып-ақ жүр. Мен өзім облыс аумағындағы барлық шекара заставаларына барып, көріп жүрмін. Жағдайлары өте жақсы. Біздің заманымызбен салыстырғанда әскердегі жағдай жер мен көктей. Жастардың, ата- аналардың көзі қазір бір сәттік жылтыр дүниелерге құмар. Елді қорғайық, Отанымызды бағалайық деген шынайы әрекеттер отбасы тәрбиесінде де аз, тіпті жоқтың қасы деп айтуға болады. Ең жаманы сол, елге жақсылық жасайық деген ойдан жұрдай болып барамыз. «Берсе қолынан, бермесе жолынан» тартып алуға үгіттейтін, мемлекет маған не береді деген ұғымдарды насихаттайтын дүниелер әлеуметтік желі арқылы елдің санасын әбден жаулап алды. Жастар Отанының патриоты болу үшін осы бастан дұрыс тәрбие бере білуіміз керек. Оған ең алдымен жауапты

– ата-ана. Қазір бала сүрініп қалса да оны әлпештей кетеміз. Өсе келе ол бала жалтақ, әлжуаз болады. Қиыншылыққа төзбейтін, жауапкершілікті мүлдем мойнына алғысы келмейтін жастарды қолдан жасап отырмыз. Әскерге барған баланы қырық күн дайындайды, одан кейін ант қабылдайды. Қолдарына қару алып елді қорғауға міндеттеледі. Оларды әскери өмірге дайындайды.

Қазір әскери бөлімдердің барлығында бейнебақылау камералары орнатылған. Тіпті сарбаздың әжетханаға кіріп- шыққанына дейін бақылап отырады. Кейбіреулері техникалық қауіпсіздікті дұрыс сақтамау барысында немесе қаруды қолданған кезде жарақат алып, қайтыс болып кететін жағдайлар болады.

Оның барлығын әскердегі әлімжеттікке жаба беруге болмайды. Отан – сенің ең үлкен құндылығың. Оны қорғау – басты міндетің. Тек соны ойлауымыз керек.

Қазір көбіне жағдайы бар олигархтардың балалары амалын тауып әскерден жалтарып жатады. Ол дұрыс емес, заң, талап бәріне бірдей, ортақ. Байлардың ақшасы қалтаға сыймай жатса, отандық әскери саланы көтеруге демеушілік жасасын. Амалын жасап, баласын алып қалу өздеріне оңай болып көрінетін шығар, бірақ бұл Отан алдында опасыздық екенін де ұмытпауымыз қажет. «Жазым болса, быламыққа да тіс сынады» дейді қазақ халқы. Біз мың өліп, мың тірілген бабалардың ұрпағымыз. Сондықтан сарбаздарды антқа адал болуға тәрбиелеудің маңызы зор. Десек те, жоғарыда айтып өткенімдей, қазір әскерде жастарға жағдай жасалған. Қазір тіпті әскердегі сарбаздарға уақтылы ұялы телефон да береді. Күнделікті үйімен хабарласып, жағдайын айтып отырады. Ол үшін алаңдаудың қажеті жоқ, – дейді Жамбыл облысы және Тараз қаласы бойынша «Ауғанстан соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамының» төрағасы Дүкенбай Ермеков.

Іштегі олқылықтар сырттан келеді

«Сен де бір кірпіш, дүниеге, Кетігін тап та, бар қалан!» деп хакім Абай айтқандай, бір жыл әскерде борышын өтеуден жалтармақ түгілі, саналы ғұмырын салаға арнаған сарбаздар да бұл мәселеге ой қосты. Қазіргі таңда салада қызмет етіп жүрген мамандардың басым көпшілігі ел тәуелсіздігін алғанға дейін өзге мемлекеттерде борышын өтеген аға буын өкілдеріне қарағанда өз елі, өз жерінде жүріп, адал қызмет етуден артық парыз жоқ деп санайды екен.

– Мен саналы түрде Қарулы Күштерге келген офицермін. Радиоэлектроника және байланыс Әскери институтына түсу – менің ең үлкен арманым болды. Мен өз арманымды орындадым. Өз қызметімде бағынышты офицерлерге, келісімшарттық және мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге ең маңызды нәрсені күнделікті жеткізуге тырысамын. Ол нәрсе – біз Отан қорғаушыларымыз және батылдық пен парасаттылықтың үлгісі болуымыз керек. Қазақстан Қарулы Күштерінің офицері ретінде мені қазір қоғамда қалыптасқан әскерге деген теріс көзқарас қынжылтады. Әскер – мемлекеттің бір бөлігі екенін ұмытпауымыз керек. Адамдар әскерде туылмайды, олар қоғамнан келеді. Олардың барлығы орта мектептердің, колледждердің, оқу орындарының тәрбиеленушілері. Сол жақтан көрген- білгендерінің бәрін өздерімен бірге әскерге алып барады. Сондықтан ең алдымен жастардың мектепте және отбасында қалай тәрбиеленетініне назар аударғанымыз дұрыс деп санаймын. Әскери қызмет әр жас жігіттің өмірінде болуы керек. Бабаларымыз өмір бойы аттан түспей, жаугершілік заманда ғұмыр кешті. Ал қазір жас жігіттер тек бір жыл ғана әскери мерзімді қызметтен өтуі керек. Бұл өте қысқа мерзім. Егер кенеттен елге қауіп төнсе, сарбаздар өз Отанын қорғауға шығады. Олардан басқа Отанды кім қорғайды? Менің ойымша, әскер – бұл жас жігітке беріктік пен батылдықты сезінуге жақсы мүмкіндік және ер азамат үшін үлкен мектеп. Дәл осы әскерде ол қиындықтарды жеңеді, психикалық және физикалық тұрғыдан шыңдалады. Осылайша нағыз ер адамды қалыптастырады. Отан қорғау арқылы отбасына деген жауапкершілікті сезінеді. Әскерге саналы және жауапты, жоғары моральдық принциптері бар жігіттер керек. Әскерде бұл дағдылар одан әрі күшейеді, олар өзін-өзі қамтамасыз ететін тұлғаға айналады,– дейді 85395 әскери бөлімі зениттік дивизионының зениттік-зымырандық артиллериялық батареясының командирі, капитан Еркебұлан Танабаев.

 Белсенді сарбаздар тегін білім алады

Осыдан біраз уақыт бұрын Орталық коммуникациялар қызметінде Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтарға арналған жеңілдетілген білім беру бастамасымен таныстырды. Яғни әскери борышын өтеп келген қазақстандық жастар жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсе алады. Бұл ретте олардың ҰБТ-дағы балы ескерілмейді. Ал әскерде жоғары нәтиже көрсеткендер университетте тегін оқу мүмкіндігіне ие болады. Ал жауынгерлік даярлық барысында үздік нәтиже көрсеткен сарбаздар университет ұсынатын 100 пайыз жеңілдікті алады. Яғни оқу орнында тегін оқиды. Қазір 40 жоғары оқу орнымен осындай келісім бекітілген екен. Олар тегін білім алу үшін 3 мыңға жуық орын ұсынып отыр. Бұдан бөлек, әскери борышын өтеп келгендер жоғары оқу орындардың әскери кафедраларында емтихансыз тегін оқи алады. Бір сөзбен айтқанда, әскери қызметін өткергеннен кейін олар запастағы қатардағы жауынгер болады. Ал егер офицерлік шен алғысы келсе, әскери кафедраға түсіп, запастағы лейтенант атанады. «Мерзімді әскери қызметін өтеген және жоғары нәтиже көрсеткен жастар конкурстық іріктеу негізінде Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына емтихан тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік алады», – деді Айгүл Төлембаева. Қорғаныс министрі кеңесшісінің айтуынша, мұндай жеңілдіктерге ие болу үшін сарбаздар Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан мерзімді әскери қызметтен өткені туралы анықтама алып, әскери билеттің көшірмесімен бірге жоғары оқу орнына тапсыруы тиіс. Осы ретте біз жергілікті жоғары оқу орындарының да пікірін білдік. Облыс орталығындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті де, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институты да нақты уақытта Cалалық министрліктен аталған мәселе бойынша тапсырма келмегенін, егер пәрмен берілсе жастардың отансүйгіштігін арттыру мақсатында бұл бастаманы қолдайтындарын жеткізді.

Түйін:

Қазір облыс халқының отыз пайызын құрап отырған жастардың 24 мың 182-сі көктемгі және күзгі шақырылыммен әскерде борышын өтеп жүр. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда мың сарбазға артық. Тек осы салмағын сүйреткен сандардың көшін бастаған көрсеткіштердің ішінде бұл күні бейнесі елге елес, ата-анасына мәңгілік сағыныш болып қалған сарбаздардың болғанын да ұмытпайық!

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support