- Advertisement -

Су тасқыны мәселесі тұрақты бақылауда

106

- Advertisement -

Облыста су тасқыны кезеңін апатсыз жағдайда өткізу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының деректеріне сәйкес облыс аумағындағы қалалар мен елді мекендерде қар жамылғысы сыни деңгейден аспайды. Қазіргі уақытта облыстың өзендерінде су деңгейі тұрақты, су тасқыны қаупі байқалмайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстың су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайды жоюға дайындығы туралы баяндаған төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мақсат Қосыбаев айтты.

Мақсат Амантайұлы облыс аумағында 2 ақпанда ауа райының күрт жылынуынан, қардың қарқынды еруінен Сарысу ауданының 4 елді мекенінде 20 үйдің ауласы, Тараз қаласының Шөлдала тұрғын алқабында бір үйдің ауласы судан тазартылғанын, оған 117 адам күші, 25 техника жұмылдырылғанын айтты. Ал 3-4 ақпанда Т.Рысқұлов ауданының 4 елді мекенінде 38 үйдің ауласына, Меркіде 2 ауылдағы 10 үйдің, Шу ауданының Көкқайнар ауылында 7 үйдің ауласына су кірген. Жалпы төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органның және жергілікті тұрғындардың күшімен 76 аула 27768 текше метр судан тазартылған. Бұл жұмыстарға барлығы 582 адам, 60 техника жұмылдырылды. «Бүгінде облыс аумағындағы еріген қар, жаңбыр суының басу салдары мен қаупі жойылды. Қазіргі уақытта Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында алдын алу шаралары жалғасуда. Еріген қар суын ашық аумақтан айналма каналдарға көшіру жүргізілуде. Су бұру арналары тазартылып жатыр. Жедел әрекет ету мақсатында қажетті күш пен құралдар тобы аталған аудандарда кезекшілікке қалдырылды. Облыстағы су тасқыны мәселесі тұрақты бақылауда», деді М.Қосыбаев.

Баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нағима Темірбекова 2023 жылғы су тасқыны кезеңін дайындау және өткізу жайында хабарлама жасады.

Баяндамашының айтуынша, «Жамбыл су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде жалпы жобалық сыйымдылығы 136,427 миллион текше метрді құрайтын 113 су қоймасы тіркелген. Оларда бүгінгі таңда нақты жинақталған судың көлемі – 45,027 миллион текше метр (33 пайыз). Мекеме қызметкерлері су қоймалары мен бөгеттердің гидротехникалық құрылғыларының техникалық жағдайына тексеру-зерделеу жұмыстарын кезең- кезеңімен жүргізуде. Су қоймалардың толымдылығы, судың келіп-кетуін реттеу, қоқыстан, мұздан тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мерзімдік су деңгейінің көтерілуіне орай, су реттеу жұмыстары қатаң түрде қадағаланып отыр. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жергілікті аудан әкімдіктерімен, төтенше жағдайлар мен басқа да құзырлы мекемелермен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Су басу қаупі кезінде кезекшілік ұйымдастырылып, су қоймаларының техникалық жағдайы және келіп-кетіп жатқан судың мөлшері жайлы мәлімет тиісті органдарға уақтылы берілуде. Гидротехникалық құрылғылардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық, ауылдық елді мекендер мен автожолдар үшін қауіп жоқ. Су тасқынының алдын алу мақсатында су қоймалары мен бөгеттерге жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіледі. 2021 жылы апатты жағдайда тұрған 23 су қоймасының 7-еуіне, былтыр 11 су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізілді, қалған 5-еуін жөндеу биылға жоспарланған.

2023 жылы 10 су қоймасындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 74,6 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар көпфакторлы зерттеу жүргізу жұмыстары 10 су қоймасында жалғасады, оған облыстық бюджеттен 59,5 миллион теңге бөлінді. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалының теңгерімінде 7 су қоймасы және 11 су торабы мен 2 бөгет бар. Бүгінгі таңда бұл су қоймалары орта есеппен 40 пайызға толды, яғни, су қоймаларында тасқын суларды қабылдауға арналған бос сыйымдылық бар. Мекеменің облыс аумағындағы гидротехникалық құрылыстары еріген қар суын қабылдауға толық дайын. Оларда еріген және су тасқыны ағындарын өткізу үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Барлық су қоймалары мен су тораптары бойынша жағдай тұрақты және үнемі бақылауда», – деді баспасөз мәслихатында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалы директорының орынбасары Ғалия Зарубаева.

Оның хабарлауынша, мол жауын- шашынның түсуіне және ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты, қар еріп, осыған байланысты кейбір аудандарда елді мекендерді, жолдарды және басқа да коммуникацияларды су басу қаупі туындады.

Мұндай учаскелерде жергілікті атқарушы органдар және төтенше жағдайлар департаменті қызметімен бірлесіп жағалауды нығайту және еріген суды қауіпсіз өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылғы тасқын суларды апатсыз өткізу мақсатында «Қазсушар» РМК филиалының су шаруашылығы объектілерінде барлық су шаруашылығы құрылыстарының қақпаларының ақаулары тексерілді және түзетілді, өзендерден бастау алатын арналарды алдын ала бекіту және бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізілген.

Арнайы техникалар тексеріліп, инертті материалдар қорымен, байланыс құралдарымен және жанар-жағармай материалдарымен толық қамтамасыз етілген.


Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support