Ауылдардың ахуалы жақсарып келеді

68

Қордай оқиғасының орын алғанына биыл үш жыл толды. Қазіргі таңда бейбіт тұрғындардың берекесін алған оқиғаның мұнда белгісі де қалмаған. Қордайлықтардың қордаланған мәселелері оң шешіліп, әлеуметтік жағдай оңалып келеді.

Аталмыш оқиғаға үш жыл толуына орай, аудандағы Сортөбе ауылындағы «Дін Ислам» мешітіне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов арнайы атбасын бұрып, онда қақтығыс кезінде қаза тапқан азаматтардың рухына Құран бағышталды.

– Енді біз мұндай жағдайға жол бермеуге тырысу керекпіз. Қоғамдық келісім мен татулыққа барынша назар аударылуда. Ол үшін түрлі шаралар қабылдануда. Соңғы үш жылда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда, соның ішінде Қордай ауданында ауқымды жұмыстар атқарылды. Оған жергілікті тұрғындардың өздері куә. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, – деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан соң аймақ басшысы аталған ауылдағы «Korday Fish» және «Taraz Eko Fish» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Екеуі де балық, оның ішінде форель өнімдерін өндіруге бағытталған.

2020-2021 жылдары жүзеге асқан «Korday Fish» жобасына мемлекет тарапынан 3,8 гектар жер телімі бөлінген. Жылына 500 тонна балық өндіруге қауқарлы серіктестік консервілеу цехын да іске қосуға ниетті.

Ал «Taraz Eko Fish» ЖШС-інде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 5 гектар жерге орналасқан жоба қуаттылығы жылына 60 тонна балық өнімдерін өндіруге шақталған.

Облыс әкімі жергілікті билік тарапынан қажетті қолдаулар көрсетілетінін жеткізіп, жұмыстарға сәттілік тіледі.

Мұнан соң аталған ауылдың мәдениет үйінде облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жергілікті тұрғындармен кездесті.

– Біздің облыс – мәдениеті бай және таңғажайып дәстүрлері бар аймақ. Бүгінде өңірде 87 этнос өкілі тұрады. 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Есепті мерзімде қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 1206 іс-шараға 72 мың 800 мақсатты аудитория қамтылды, оның ішінде этномәдени бірлестіктер
тарапынан 56 мың 400 адамды қамтыған 996 іс-шара өткізілді. Бірінші кезекте этнос өкілдеріне тілдік орта қалыптастыру, қазақ тілін сөйлеу арқылы тез меңгеру мақсатында «Ашық аспан астындағы тіл үйренеміз», «SŐILE» және «RELAX AND LEARN» клубтары жобалары іске асырылды. Ауданда былтыр 744 адам қазақ тілін оқу курсынан өткен, оның 96 пайызы өзге этнос өкілі, 39-ы мешіт имамы. Қазақ тілін өз бетімен үйренгісі келетіндерге тіл үйренудің IT жобасы – «QazOnline» мобильдік қосымшасы жұмыс істейді. Сонымен қатар «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған 70 сабақ әлеуметтік парақшаларда жарияланған. Биыл Қордай ауданы бойынша тыңдаушылардың санын 1000-ға жеткізу жоспарланып отыр, – деді Еркін Құлымбайұлы.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, аудандағы жұмыспен қамту саласында жұмыссыздар есебінде 969 адам тіркелген, жыл басынан 7765 азамат қайырылып, әлеуметтік қорғау шараларымен 7290 адам қамтылыпты.

Жұмыс орындарында 40 адамды оқыту жоспарланып, жыл басынан 40 азамат тәрбиеші, құс өндірісі, тігін ісі және аспаз-кондитер мамандықтары бойынша оқуға
жолданған. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 837 азаматты оқыту жоспарланыпты.

Бүгінгі күнге аудан көлемінде кәсіпкерлік негіздері бойынша 1696 адам оқуларын аяқтап, тиісті сертификаттарымен қамтамасыз етілген. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 2022 жылы аудан бойынша 253 азаматқа мемлекеттік гранттар беру мақсатында 69 азамат технологиялық жабдықтар мен құралдарға, 184 азамат мал шаруашылығын дамытуға алған.

Есепті кезеңге 937 азамат ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, 142 азамат жастар тәжірибесіне, ал әлеуметтік жұмыс орындарына 111 жұмыссыз азамат жолданған

Жалпы өңірде өзекті мәселелері бар 163 елді мекен тұрғындарымен 808 іс-шара ұйымдастырылыпты. Бұл шаралардың дені 150 мыңнан астам тұрғынының 47 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайтын Қордай ауданында өткен.
Басқосу барысында аудандағы білім сапасын көтеру мәселесі де көтерілді.

Еркін Құлымбайұлы жауаптыларға білім сапасын көтеру мен қазақша оқитын балалар санын арттыру бойынша нақты тапсырма берді. Қазіргі таңда сортөбелік ұстаздар қауымы да жаппай қазақ тілін үйреніп жатыр екен.

Жиын барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев елді мекендерде халықты ынтымақ пен бірлікке шақырып отырған ақсақалдарға алғысын жеткізді. Ал аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай биыл үш мектеп бой көтеретінін, «Достық үйі» салынатынын, елді мекендер толыққанды көгілдір отынмен қамтылатынын айтты. Ал аудан халқы атынан сөз алған аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов жастардың арасында патриоттық рухты нығайтып, отансүйгіштікке баулитын шаралардың маңызына тоқталды.

Басқосу соңы дүнген ұлты өкілдерінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Қазіргі таңда қазақ пен дүнген ұлты өкілдері арасында шаңырақ көтеріп, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан отбасылар да бар. Солардың бірі Қаракемер ауылдық округінің тұрғыны Көркем Ыбышев мал шаруашылығымен айналысуда. Жары Дыва Аида ауылдық мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. 8 жыл бойы жұптары жазылмаған отбасы иелері қазір 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев Масаншы ауылдық округінің халқымен кездесті.

Күнбатыс-2 ауылының тұрғындары ауыз су,
жол, жайылым жер мен интернеттің жоқтығына алаңдаушылық білдірді. Айтуларынша бар судың сапасы да сын көтермейді екен. Еркін Құлымбайұлы аталған мәселелерді салалық әріптестеріне жеткізетінін айтты.

Осы күні аудандағы қазақы ауылдар мен дүнген этностары тығыз орналасқан елді мекендердің жастары арасында «Достық» спартакиадасы ұйымдастырылды. Қордайда ел бірлігі мен ынтымағын нығайтуға бағытталған игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Қордай ауданы

 

Comments are closed.