- Advertisement -

«Балам, мені Луговойыма апаршы…»

293

- Advertisement -

Ұмытпасам, 2017 жылдың күзінде болу керек, Қарттар күніне орай жамбылдық теміржолшылармен облыс орталығындағы ел ішінде «Қарттар үйі» атанып кеткен облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты 1 Әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына, осында орналасқан қарт теміржолшы Шәйбүбі Шырынбекованы құрметтеп, 80 жасымен құттықтауға барғанбыз. Ол кезде Жамбыл бөлімшесінің директоры – Берік Ақшалов. Кейуананы құттықтап, сый-сияпатын ұсынып, қайтар тұста – Берік Сағымбекұлының қолынан шап беріп ұстап алған Шәйбүбі ана: «Айналайын, балам! Мені Луговойыма бір рет апарып келші. Луговойымды сағындым, көзкөргендерді сағындым…» – деп көңілі босаған еді.

Иә, содан бері де біраз уақыт өтіп кетті. Өткенде сол тұстан өтіп бара жатып: «Шәйбүбі ана бар ма екен?» деп ойладым. Осы ой мені әлгі мекеменің алдына алып келді. Сырты әдемі болғанымен, ішінде неше түрлі талайлы тағдырлар тоғысқан «мекен» талай сырды ішіне бүге түскендіктен бе екен, әлде қалай… Ғимараттың көлеңкесі ұзаққа түскендей көрінді маған…

Мекеме басшысы Гүлжаухар Кушанова өзінде екен. Келген жайымды білген соң, әлеуметтік қызметкерді шақырып, мені Шәйбүбі кейуананың бөлмесіне шығарып салды. Жол-жөнекей әлеуметтік қызметкер анамыздың көп дүниені ұмытып қалғанын ескертті. Әрине, 86 жас деген – аз жас емес.

«Бұл, қайсысың, әй!» – деді кіргеннен маған. Өзімді таныстырған соң «Ә, теміржол ма? Айналайын, теміржолым ұмытпайды мені. Өткенде де келіп кетті. Осындағының бәрі қарық болды» деп, езу тартып күлгендей болды. Бірақ жүзіндегі мұң таймады.

– Менің өмірім бе, сені қызықтырып отырған, – деп, күрсініп алды да, – өмір өксітті. «Басқа түссе – баспақшыл» деген, міне отырмын үкіметтің үйінде. Қазір ес те жоқ, бәрін ұмыттым. Мына, Луговойда Қорағаты деген жер бар. Сонда туғанмын. Айбүбі деген әпкем, тағы бір інім бар еді, олар да өтіп кетті өмірден. Жолдасым (күйеуінің де есімін есіне түсіре алмады) Луговой стансасында бір мекемеде бастық болды. Ерте кетіп қалды ғой, жарықтық! Мен алдында теміржолдың поштасында 10 жыл еңбек еттім. Кейін стансаның тауар қабылдап-өткеру бөлімінде, одан соң жедел іздестіру бөліміне ауыстырылып, онда 15 жыл еңбек етіп, 1992 жылы зейнетке шықтым. Әй, ол бір жақсы кез еді. Адамдар тәртіпті еді. Теміржолдың өзінің балабақшасы, мектебі, ауруханасы, поштасы, үйі, қазандығы болатын. Біз алаңсыз жұмыс істедік қой, – деді ентіге төсегіне жантая түскен ана.

Әлеуметтік қызметкер «5-10 минут қоя тұрыңыз» деді.

«Әй, ана бала кетіп қалған жоқ па?» – деді бір кезде. «Жо-жоқ осында», – деп жатыр қызметкер

– Әәә, біраз марапаттарым бар еді. Таппай қалдым. Жаныңда қарияң, бала-шағаң болмаса, көрген күнің осы, – деп өмірге де өкпесін айтып қалды.

– Қанша балаңыз бар?

– Жалғыз тұяғым бар еді, оған сыңар болсын деп әпкем Айбүбінің бір ұлын асырап алған едім. Ұлым ерте қайтыс болды. Өкіл ұлым Алматыда тұрады.

Оларға ренішім жоқ. Келіп тұрады. Соңғы рет немерелерімді ертіп келген екен, карантиннің кесірінен көрісе алмадық, – деп, бет орамалымен жанарындағы жасты сүртті.

Кейуананың кеуілін аулайын деп «Апооу, Луговой қазір «Түркісіб» деп аталады» – дедім.

– Тарихи атауы ғой ол, – деді жанары жалт ете қалып, – тарих қой ол, тарих қой! – деді.

– Апа шаршап қалды, – деді әлеуметтік қызметкер, кейуананы ыңғайлап төсегіне жатқызып жатып.

Мен үндемей шығып кеттім.

Бірақ, неге екенін, «Балам, мені Луговойыма апаршы», деп ойлады ма» деген бейнесі сол күйі жадымда сақталып қалды.

 

Ерман ӘБДИЕВ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support