- Advertisement -

Темірге – «тіл», жаңқаға – «жан» бітірген шебер

44

- Advertisement -

Қосбөлтектік жас ұлан Нарби Болатұлының негізгі мамандығы – инженер-механик. Әуелі Алматы қаласындағы Азаматтық Академиясының колледжін, кейінірек академиясын сәтті тәмамдаған ол ұшқыш болуды мақсат еткен. Жігерлі жігіттің бала күнінде бар уақыты әкесі Болаттың ұстаханасында өтіпті. Алғашында Сәбит есімді көршісінің түрткі болуымен түрлі туындыларды өмірге алып келген оның бүгінде жеке шеберханасы бар.

«Он жасымнан бастап осы тірлікпен айналысып келемін. Ең алғаш қайық жасағаным есімде. Бірақ ол тек қана алға қарай жүзетін. Кейіннен оны дамыта отырып, тағы жасадым. Оны кейін мектептегі Қайрош есімді мұғалім сұрап алып, аудандық мәдениет үйінде өткен көрмеге қатысуға ұсыныс жасады», – дейді ол.

Ұсталық өнер ата қанымен бойына дарыған ол бұдан кейін қатты қағаздан ұшақ жасаған. Ан-2 ұшағының шамамен 10-15 есе кішірейген үлгісінің жылдамдығы соншалық, артынан адам жүгірсе жете алмайтын болыпты. Тізе берсек, Нарбидей жас шебердің қолынан бүгінгі күнге дейін бұдан өзге жүк көлігі, эвакуатор секілді туындылар шыққан. Ал жас шебердің жел энергиясынан қуат алатын үй жасап шығарғаны ауылдастарының әлі есінде. Кәдімгі шаңсорғыш арқылы үйдің ішін үрлесіңіз жарық жанады. Өкініштісі, бұл туындылардың барлығы дерлік бүгінде жоқтың қасы. Себебі кейіпкеріміз балалықпен өзі жасаған бұйымдарын тиянақтылықпен жинап, сақтап қоймаған.

«Өзім оқыған мектепте, кейіннен ауылдағы балабақшада мен жасаған заттар тұратын. Кейінірек барып бір де біреуін таппадым», – дейді жас шебер. Алайда қателіктен сабақ алып, жігіт болған шағында әкесінің өтінішімен жасаған темір балқытқыш пеш, токарь станоктарына асқан ұқыптылықпен қарайды.

«Алматыға оқуға түсіп, алты айдан соң демалысқа келгенімде ең бірінші токарь станогын жасадым. Бұл – әкемнің өтініші еді. Біздің үй ауылдағы кеңестік кезеңнен қалған колхозға жақын орналасқан. Әкем әлгі токарь станогы қажет болса, сонда барады. Бірақ кейде ондағы жұмысшылар жоқ болады немесе қолдары тимейді. Содан әкем мен демалысқа келгенде осы станокты жасап беруімді өтінді.

Әрине, ең алғашқы жасаған станогым өте әлсіз болды. Себебі ол кезде менде қажет құрал-саймандар болған жоқ. Осыдан соң тағы бір рет жасадым. Ол да көңілімнен шықпады. Кейіннен оқуға кеткеннен соң, сол жақтан керек заттардың бәрін өзіммен бірге ауылға ала келдім», – дейді.

Бел баласының қолынан шыққан әрбір туындыны көзінің қарашығындай сақтайтын әкесі осыдан соң баласына ағашты кесіп, өңдеп, жонуға арналған станок (пилорама) жасап беруін сұраған. Жас шебер әкесінің бұл өтінішін де бас-аяғы он күннің ішінде орындап, разы қылыпты. – Бұл ағаш өңдеу машинасын жасап шығаруға қомақты қаражат қажет емес. Алайда теңгесіз тағы болмайды.

Мәселен, осы құрылғыға енді мотор салуым керек. Бірақ қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұр. Қазіргі таңда станок 80-90 пайыз дайын», – деді Нарби.Жас шебер ауылға келгендегі әрбір демалысын тиімді пайдалануға тырысады. Мәселен, кезекті бір демалысында темір балқытқыш пеш жасап шығарған.

– Негізі бұл да әкемнің тапсырысы. Алдымен ғаламторды ақтарып, қалай жасайтындығын зерттедім. Үйдегі іске аспай қалған темірлерден құрастырып, қаражат шығармауға тырыстым. Ал пешке дем беру үшін кәдімгі қарапайым шаңсорғышты пайдаландым. Шаңсорғыш болғанда да, қазіргі кездегі емес, советтік дәуірден қалған. Өйткені ол кездегі шаңсорғыштар астынан бұрасаң тартады, үстінен бұрасаң үрлейтін болған. Маған керегі де осы. Ал мұны қолданбайын десең, көмір көп кетеді және оның ешқандай да темірді балқытуда күші болмайды, – дейді жас шебер.

Ал жаңа жыл қарсаңында әкесі үшін төс (наковальня) жасап шығарыпты. Не жасаса да алдымен әр сантиметріне дейін асқан ыждаһаттылықпен есептейтін оның бұл тірлігі қуанарлық-ақ жайт. Алайда темірге – тіл, жаңқаға – жан бітірген жас шебер енді үлкен дүниелер жасауды армандайды және соған жетеріне сенеді. Тек қаражат тапса, шеберлігін шыңдап, қажетке жарайтын түрлі заттарды жасап шығаруды қолға алмақ ниетте.

 

Есен ӨТЕУЛІ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support