- Advertisement -

Ер Баукеңдей батыр туар ұланы, болашаққа көш түзеген Жуалы!

102

- Advertisement -

«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді.

Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді.

Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым.

Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым – олар да түсіме кірмеді.

Түсімде ылғи балалық шағымды көремін.

Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді.

Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін.

Түсімде ылғи туған үйімді көремін…».

«Ай мен Айша» атты роман-дилогиясында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза туған жеріне деген сағынышын осылай жеткізді. Құт дарып, қасиет қонған өлкенің қайсар ұланы кіндік қаны тамған мекеннің бір замандарда Мыңбұлақ деп аталғанын өз шығармаларында көптеп жазды. Қойнауы тарихқа толы өңір қазіргі таңда ресми түрде Жуалы ауданы деп аталады. 1928 жылдың 3 қыркүйегінде құрылған аудан алғашында сол кездегі Шымкент облысының құрамында болған. Ол уақытта мұнда Көлбастау, Бурно-Октябрь, Петровка, Шақпақ, Қазан, Күреңбел, Амангелді, Боралдай және Қошқарата болыстықтары бар еді. Ал 1951 жылы Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен аудан Жамбыл облысының құрамына енді. Облыс орталығының оңтүстік-батысында орналасқан өлке бүгінде өңір қазынасын арттыруға елеулі үлес қосып отыр. Біз бұл мақаламызда таутұлғалар дүниеге келген ауданның ғасырға таяу уақыт аралығы және егемендік алған кезеңдегі қол жеткізген биіктері мен жетістіктерін жүк еттік.

Генералдар елі

Құт-береке дарыған, ырыс-баққа жарыған Жуалы десе, ең алдымен, ойымызға баһадүр Бауыржан түсетіні белгілі. Дегенмен Баукеңдей алыптан бөлек, бұл ауданда генерал атағына қол жеткізген офицерлер көп. Нақтылай түссек, аядай өңірден 14 генерал шыққан. Екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында жуалылық Арыстанғали Заппаров пен Қуанышбек Үштаевқа «генерал-майор» шені берілді.

Осылайша киелі өлкеден шыққан генералдар қатары тағы да толыға түсті. Жергілікті өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев жеріміздің тұтастығын сақтау әрі еліміздің болашағы жолында отқа түскен бабалардың ерлігін насихаттау, сондай-ақ туған жерінің айтулы азаматтарының өмір жолын дәріптеу мақсатында «Жуалы – генералдар ұясы» атты кітап дайындалып жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, бұл еңбекте даңқты Бауыржаннан бастап, бүгінгі таңда еліміздің құқық қорғау салаларында абыройлы қызмет етіп жүрген жуалылықтар жөнінде толық мағлұмат берілген. «Жүрек жұтқан хас батырлар әр халықта, әр өлкеде болғандығы сөзсіз. Біздің Жуалы ауданында да ел басына күн туған шақта атқа қонған азаматтар баршылық. Ал олардың ізбасарлары егемен ел болған кезеңде қорғаныс саласында абыройлы қызмет етті.

Міне, сол белгілі жерлестеріміздің ғұмырнамалық сәттері болашақ ұрпақ үшін өнеге болуы тиіс. Баспаға дайындалып жатқан кітапта осының барлығы кеңінен қамтылды», – деді Дәулетжан Жамалбекұлы.

Мәскеуге жөнелтілген қымыз

Батырлар мекенінің тұрғындары мәскеуліктер үшін арнайы бие байлап, қымыз да дайындаған. Кеңес Одағы тұсында барлық республика бір орталықтан басқарылып, тіпті болмашы мәселелерде сол жақтың шешім-рұқсаты керек-тұғын. Келмеске кеткен сол кезеңнің қатал заңы осылай еді. Бұл ережеге одақтас республиканың бәрі бірдей мойынсұнып, өз «міндеттерін» мүлтіксіз атқарып отырған. Тіпті қарапайым халықтың ризық-несібесі саналатын, табанақы, маңдай терімен тапқан азық-түліктің өзі колхоз қамбасына түсер-түспестен сонда жөнелтілетін. Балдай тәтті қымызымыз да бұл тізімде бар. Сол кезде-ақ қазақтың қымызы көптеген ресейлік атқамінерлердің ас мәзіріне еніп үлгеріпті.

1947 жыл. Дәл осы кезеңнен бастап аудандағы сол кездегі Аманкелді колхозында қоныс тепкен жергілікті тұрғындар Кеңес Одағы Коммунистік партиясы, Министрлер кабинеті бекіткен №3 және №7 емханаларына, сондай-ақ бірнеше шипажайына тұрақты түрде қымыз жөнелтіп отырған. Бұл үрдіс өткен ғасырдың 60 жылдарының соңына дейін жалғасын табады. Ал 1970 жылы «Аманкелді қымызы» мемлекеттік жоспарлау министрлігінің реестріне енген. Осылайша 90 жылдардың басына дейін яғни, Одақ тараған уақытқа шамалас Кеңестік партия қызметкерлерінің емдік сусыны саналған. Саналмағанда қайтсін енді? Аманкелді елді мекенінің оңтүстік бағытындағы Алатау жоталарында емдік өсімдіктің 70-тен астам түрі өседі. Сол өсімдіктердің барлығын дерлік төрт түлік қорек еткен. Оның ішінде Қамбар ата түлігі де бар. Осыны жақсы білген ресейліктер реті келіп тұрғанда мүмкіндікті құр жібермеген.

Ресейліктер қымызды тек дертке шалдыққан жандарды емдеуде ғана емес, Звездный қалашығының мамандары Королев атындағы космонавттар даярлайтын мекеменің қызметкерлері үшін ас мәзіріне де енгізеді. Өйткені қымыз ұзақ мерзімге ұшатын космонавттардың организмінің жақсы болуына өз септігін тигізген екен.

– Менің әкем Керімбек – заманында атақты қойшы болған. Ұзақ жылдар колхоздың малын бағып, адал еңбек еткен жан. Қымызды Мәскеуге жөнелтуде әкемнің де үлесі бар. Әрине, жалғыз менің әкем емес, осы ауылдағы көптеген жандар осы шаруаның басы-қасында жүрген болар. Бұл оқиға ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Дмитрий Жигалкиннің тұсында болған. Біздің үйден аудандық кеңестің атқару комитетінің хатшысы Әбдірахман Нұрбаевтың Әмір есімді жүргізушісі

аптасына екі-үш рет 20 литрден таң сәріде алып кететін. Бұл үрдіс екі-үш жылға созылды. Сонда деймін-ау, таңертең ауылдан жөнелтілген қымыз ТУ-154 ұшағы арқылы түске таяу Мәскеуде болады екен. Қазіргі таңда өзіміз де әкеден қалған істі жалғастырып, бие байлап отырмыз», – дейді ауыл тұрғыны.

Брежневтің кезінде Аманкелді және Жаңа ауыл колхозы болып құрылған, кейінірек Кременевка совхозы болған бүгінгі Тәттібай Дүйсебайұлы атындағы ауылдың атағы сол

заманда-ақ алысқа кетіпті. Бұл да болса қымыздың құдіретін дәлелдейтіні айтпаса да түсінікті. Қазір де аудан орталығындағы қымызханаларда, сауда дүкендерінің сөрелерінде осы ауылдағы ағайын дайындаған қымыз лайықты орын алған.

Жастарға қолдау көп

Атамзаманнан еңбекке дағдыланған аудан халқы жұмыс ырғағынан еш жаңылған емес.

Өткен жылы ауданда жалпы өңірлік өнім 83 миллиард 932 миллион теңгенім

құрап, бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық орындалыпты. Ал өнеркәсіп саласында 14 миллиард 695,1 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 55 миллиард 904,8 миллион теңгені құрап, меже 107,5 пайызға теңескен. Жалпы тұтас ауданның қан тамырында тасыған тіршілікті бір-біріне тіркескен цифрларсыз-ақ түсіндіруге болар еді. Әйтсе де, бұл үлкен белес асуындағы табыстар болған соң, нақты көрсеткеніміз артық емес.

Өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие түріндегі әлеуметтік қолдау шарасы аясында 36 маманға 164 миллион 501 мың теңге берілсе, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 52 маман 15 миллион 927 мың теңге көтерме жәрдемақы алған. Ал биыл 60 жасты қолдау мақсатында көтерме жәрдемақыға 20 миллион 700 мың теңге, тұрғын үй сатып алу үшін 28 маманға 144 миллион 900 мың теңге жоспарланып отыр екен.

Қазіргі таңда ауыл-аймаққа қызмет етуге келген мамандардың басым бөлігі білім беру саласының қызметкерлері. Мәселен, өткен жылы көтерме жәрдемақы алған 52 маманның 36-сы педагог. Жалпы бұл бағдарлама ауыл десе, ат-тонын ала қашатын жастарды туған жерге тарту үшін қолға алынғаны белгілі. Бүгінде бағдарлама шеңберінде кадр тапшылығы кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Әсіресе аудан орталығынан шалғай орналасқан Бәйтерек ауылына келуші жастардың қарасы қалың, – дейді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрсұлтан Сырлан.

Әрине, мемлекет жұмысы сай-сала қуалап аға беретін су емес, оның өз заңдылықтары мен арқаға салатын ауыр жүгі бар. Әлеуметтік қолдауға ие болған жалынды жастар арасында өз міндеттемелерінен бас тартатындар да кездеседі. Мұндайда олардың қаржысы кері қайтарылады. Жергілікті атқа мінерлер осындай жағдайларды оң үйлестіріп, жұмысты үдете отырып, алға қойған міндеттерді атқаруды ең басты ұстанымдарына айналдырған.

Пилоттық жобаның пайдасы мол, келешегі зор

Ауылды жердегі халықтың тұрмыстық сапасын арттырудың бір жолы – аграрлық саланың жұмысын дамыту. Осылайша бұл проблеманы шешудің негізгі қағидасы – қосалқы шаруашылыққа қолдау көрсету. Айта кету керек, «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы бұған дейін Жуалы ауданының Ақтөбе және Ақсай ауылдық округтерінде жүзеге асырылған болатын. Ақтөбе ауылдық округіне жалпы бөлінген қаржы көлемі – 723,5 миллион теңгені құрайды. Пилоттық жобаға 400-ден астам аула және 194 азамат қатысқан. Жобаның төрт бағыты бойынша мұнда қыруар жұмыс атқарылыпты. Нәтижесі де жаман емес. Осында құрылған «Атамекен-Бастау» АШӨК-не мүше болып кірген тұрғындардың дені мал басын көбейтсе, енді бірі несие қаражатына жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алды. Осының негізінде аталған ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың да саны біршама азайып отыр.

– Аталған жоба аясындағы жүйелі жұмыстар біздің ауылдық округте сәтті жүзеге асырылды деуге толық негіз бар. Ауыл тұрғындарының еккен егіні мен мал шаруашылығы табысының айырмасы 80 мың теңгені құрап, табыс бірнеше есеге өсіп отыр. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатындарға келсек, бұған дейін 98 азамат мемлекеттен жәрдемақы алған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 11-ге азайды. Үш жыл бұрын ауылдық округте тіркелген жеке кәсіпкерлердің саны небәрі 20 адам болса, былтыр тіркелген жеке кәсіпкерлердің саны 217 адамға жетіп отыр. Қорыта айтқанда, бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, осының негізінде ауыл тұрғындарының әл-ауқаты біршама артты, – дейді Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Көбейсін Хайралапов.

Бастысы, пилоттық жоба іске асырылған ауылдық округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны бірнеше есеге кемиді деген нақты болжам жасалып отыр. Бір сөзбен айтқанда, қасиетті Әулиеата жерінде сәтті жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобаның жуалылықтар үшін де пайдасы мол, болашағы да зор.

«Жуалы ет» жарап тұр

Адал еңбек арқылы алға басқан шаруашылықтар ауданның күнгейінде орын тепкен Ақтөбе ауылдық округінде көптеп саналады. Солардың ішінде, округтегі маңдайалды шаруашылықтардың бірі – «Бекжан» шаруа қожалығы. Округке қарасты Жаңаталап ауылындағы шаруашылық 2010 жылы құрылған. Жүйелі жұмыс істеудің арқасында бүгінде шаруа қожалық аяғынан нық тұрған. Қожалықты шаруаның көзін таба білетін іскер азамат Абсамат Асанов басқарып отыр. Бүгінде аталған шаруашылықта жылқы мен ірі қара және Шопан ата төлі бар. Агроқұрылым негізінен ірі қара малын бордақылауға бейімделген. Мұнда жылына орта есеппен алғанда, бірнеше жүз жылқы бордақыланып, етке өткізіледі. Одан бөлек, екі-үш жасар бұқашықтар және қойлар да семіртіліп сойылып, оның еті де тапсырыспен тұтынушыларға тұрақты түрде жөнелтіледі.

Биыл құрылғанына 13 жыл толып отырған қожалық негізінен ет бағытында өнімді жұмыс жасауда. Орта есеппен алғанда, шаруашылықта жыл он екі ай бойы 400 басқа жуық жылқы бордақыға байланады. Одан бөлек, 100 шақты бұқа мен бірнеше бас қой семіртіледі. Өнімнің барлығы тапсырыс берушілерге қолжетімді бағада әрі балғын күйінде жеткізіледі. Шаруашылықта таза жем-шөппен семіртілген малдан алынған экологиялық таза етті негізінен аудан тұрғындарымен қатар, Тараз, Алматы және Астана қалалары сонымен қатар елдің батыс өңірлерінің тұрғындары да тұтынып отыр. Бүгінде шаруашылықтың үйдегі қорасында 15 бас екі жасар байталдар сойылуға дайын тұр. Одан бөлек, мал қыстауында да 100-ге жуық жылқы бордақылану үстінде. Айта кету керек, шаруашылықта өндірілген ет өнімдері «Жуалы ет» белгісімен саудалануда.

Өңірімізде жылқының еті мен сүтіне сұраныс мол. Шаруашылықта өндірілген жылқы етінің әр келісі – 2400 теңгеден сатылса, ірі қара мен қойдың еті тиісінше, тұтынушыларға 2200 теңгеден саудалануда. Бордақы малға берілетін жем-шөптің негізгі қоры өзіміздің шаруашылықта дайындалады. Бұл мақсатта 160 гектар егістік жерді тиімді пайдаланып, кәдеге асырып отырмыз. Тарқатып айтар болсақ, шаруашылықтың иелігіндегі егістік жерлерге мал азығына 30 гектар жаздық арпа, 20 гектар күздік бидай, 10 гектардай сүрлемдік жүгері және 50 гектардан астам алқапқа жоңышқа және эспарцет егіледі. Былтыр жаздық арпа және бидай алқабының әр гектарынан орта есеппен 20 центнерден өнім жинап алдық, – дейді қожалық басшысы Абсамат Асанов.

Айта кету керек, «Бекжан» шаруа қожалығында 5 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар орта есеппен 140-180 мың теңгеден жалақы алады. Одан бөлек, шаруашылық басшылары малшыларға отын-суынан және сойыс малымен де көмек-қолдау көрсететіндерін айтты. Жұмысшылардың әлеуметтік аударымдары және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналары ай сайын тұрақты аударылып отырады. Еңбек ету арқылы есейіп, еңсе тіктеп, мемлекетке пайдасын тигізген шаруашылықта біз байқаған жаңашылдықтардың бір парасы осы.

Руханиятта – қуат, білімде – шуақ бар

Бабадан мирас болып қалған құндылықтарды мемлекетіміздің мәртебесі, келешегіміздің қазынасы, халқымыздың рухани жаңғыруы жолында іске жарату үшін әрине, білімді ұрпақ тәрбиелеу – бірінші міндет. Ауданда жалпы білім беретін 39 мектепте 2672 педагог қызметкер жұмыс істейді. Мектептердің бәрі де заманауи қалыпқа түскен білім ошақтары. Үш ауысымдық және апаттық мектептер жоқ. 3-6 жас аралығындағы 2550 бүлдіршінді толық қамтыған 26 балабақша мен шағын орталық бар.

Биыл Тәттібай Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді және Шақпақ ата ауылындағы №4 Құрманбек Сағындықов, Теріс ауылындағы №16 Сәкен Сейфуллин атындағы мектептердің құрылыс жұмыстары басталғалы тұр. Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясына жапсарлас акт залы мен шеберхана кабинеттерін соғу жоспарлануда.

Аудан басшылығы руханиятқа да ерекше көңіл бөлуде. Былтыр аталып өткен Шерағаңның 90 жылдық мерейтойы осының дәлелі. Шараға арнайы келген қонақтар Шерхан Мұртазаның туған ауылы Талаптыда жазушы шығармашылығын насихаттауға әрі жас зерттеушілерге арнап ашылған орталықтың жұмысымен танысуға мүмкіндік алған. Мерейтой қарсаңында түсірілген деректі фильм үлкен экран арқылы көпшілік назарына да ұсынылған. Бұдан бөлек, республикалық «Шынның жүзі – Шераға», облыстық «Жай отынан жаратылған намысы» атты ақындар айтысы елдің есінде қалды. Сөз бәйгесінде жуалылық Қанат Мырзахан мен байзақтық айтыскер ақын Дархан Әбдіманат жұптасып, айтыстың озық үлгісін көрсете білді.

Қорыта айтқанда, халық жүрегінен ойып орын алған таутұлға, қабырғалы қаламгер, өмірін елдің болашағы мен тілінің, жас ұрпақтың ертеңіне арнап, сол ұлы жолда қайраткерлік, қажырлық танытқан Шерхан Мұртазаның мерейтойы тағылымдық іс-шараларға толы болғаны көңілімізді қуантады. Өйткені ұлтты сыйлап, құрметтеген, оның құндылықтары мен салт-дәстүрлерін жоғары көтерген халықтың ғана рухы асқақ, келешегі жарқын болатыны даусыз.

 

Есен ӨТЕУЛІ.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support